ӨМІРДЕ ДЕ, ЕҢБЕКТЕ ДЕ ЖҰПТАРЫ ЖАЗЫЛМАҒАН
Дәрігерлік мамандық — әулеттік кәсіптердің бірі. Ерлі-зайыпты дәрігерлердің арасында бәйгеден екеуі қатар ат оздырып жүргендері де көп. Адами тірлікте де, қоғамдық еңбекте де табысқа тең қол жеткізіп, тұрмысы да, өмір сүру салты да өнеге болған жанұялардың бірі — шалқарлық дәрігерлер Қажығалиевтер отбасы.
Отағасы Қажығалиев Қабдолла (Қапыш) 1962 жылы Шалқар ауданы, Сарыбұлақ ауылының Алақозы елді мекенінде дүниеге келген. Сегіз ағайындының үлкені болғандықтан, бала жасынан ширақ, кейінгі іні-қарындастарына барынша үлгі болып өскен. Ауыл баласының оң жамбасына келе бермейтін шахмат тақтасындағы тартыстың жеңісін ешкімге бермеген зерек бала шаңғымен сырғанаудың да шебері болған. Аяқдопты қақпаға атып ұратын әрі желаяқ, әрі сұр мерген Қабдолла 1979 жылы Қорғантұз орта мектебін бітірген соң Ақтөбе мемлекеттік медициналық институтына оқуға түседі. 1985 жылы жоғарғы оқу орнын ойдағыдай аяқтап, педиатр мамандығын алып шығады.
Қажығалиевтер жанұясының шамшырағы — Жұмағазиева Қазына Бақтыбергенқызы — Қызылорда облысының тумасы. Үш ұлдан кейін сағынып көрген қызы болған соң әкесі — Қазына деп ат беріпті. Қазына Бақтыбергенқызы — Ақтөбе мемлекеттік медицина институтының түлегі, мамандығы акушер-гинеколог.
— Сіздер бүгінгі «Дипломмен — ауылға» мемлекеттік бағдарламасының бастаушысы болған сияқтысыздар ғой. Екі бірдей жоғары білімді жас маманның ауылға келуі елеулі жаңалық қой ол уақытта?
— Иә, тура солай болды. 1986 жылы отау құрып, әке-шешенің қалауымен «Сарыбұлақ» совхозына дәрігер болып келдік, — деп әңгіме бастады Қазына Бақтыбергенқызы. Аудандағы ең ірі шаруашылық екен, төрт фермасы бар. 25 орындық ауылдық ауруханаға жұмысқа тұрдық, оның бес кереуеті әйел босандыратын бөлімге арнап жабдықталған. Соған қарамастан әйелдер көбіне үйде босанады. Білекті сыбанып жұмысқа кірісіп кеттік, екеуміз екі жаққа түрлі шақыртуларға кетеміз. Жүрексіне жүріп әйелдердің үйден босануына да үйрендім. Миуа, Жаңалық, Зылиха, Зібайда және Ағипа дейтін керемет мейірбике апайларымыз болды. Солар бізге тәлімгерлік етіп, жұмыстың қыр-сырын, ыңғайын үйретті. Оларға біздің айтар алғысымыз көп. Ал, Жолдыбай, Мүтиғұлла, Көлбай ағайлардың кеңестерін алуға әркез дайын тұратынбыз. Қарапайым тілмен өздерінің тәжірибесінен алынған үйреншікті дағдыларымен бізге көп нәрсені үйреткен асыл ағалар ғой, ол кісілер.
— Ағаймен Қиыр Шығысқа сіз де бірге барыпсыз ғой, осы жағы бізге қызықтау болып тұр, таратып айтып берсеңіз?
— Ауылдағы жұмысқа бойымыз үйреніп, жарты жылдай болып қалған кез еді, ұмытпасам жаңа жылдың қарсаңы болатын. Қабекеңе жауынгерлік міндетін өтеу жөнінде шақырту келіп, Қиыр Шығысқа аттанып кетті. Мен ауылда қала бердім, тұңғышыма жүкті болатынмын. Екі айдан соң әскери бөлімнің әкімшілігі «әйеліңді алып кел» деп арнайы демалыс беріпті Қапышқа. Офицер формасын киіп келген күйеуіме еріп қыстың қаһарына да қарамастан қиыр шеттегі Сахалинге тартып кеттім. Әскери өміріміз жаман болған жоқ, еңбекақыға қоса ай сайынғы «офицерский поек» деп азық-түлік беретін, біз сияқты жас отбасына бұл біразға дейін жететін. Тұңғышымыз осында туылды, есімін Мәлік деп атадық. Сөйтіп, 1987-1989 жылдары Кеңес армиясы қатарында Қиыр Шығыс әскери округіне қарасты Сахалин облысының Корсаков деген жеріндегі әскери медициналық қызметтің басшысы болып қызмет атқарды Қабдолла ағаңыз. Ол кісінің кәсіби біліктілігін жоғары бағалаған әскери бөлім басшылары осында қалу жөнінде ұсыныс түсірді, біз де қарсы болмадық. Бірақ, аяқ асты 51 жастағы қайын атам қайтыс болды, 6 айдан соң енем де дүние салды. Ол кісі де жас кетті, бар болғаны — 45 жаста. Балалардың бас көтергені, үйдің үлкені болғандықтан біздерге елге оралуға тура келді. Қапыштың бауырларына бас-көз болып, ата-ана жауапкершілігін атқару біздің мойнымыздағы борыш еді.
— Қазына Бақтыбергенқызы, ауылдағы өмір қалай жалғасты?
— Елге оралған соң үйреншікті жұмысымызды жалғастырып әкеттік, Қабекеңнің бауырларын оқытып, жеткізіп, үйлендіріп, тұрмысқа беріп дегендей міндетімізді орындадық. Өзіміз де үш баланың ата-анасы болдық. Қайта құру басталған жылдары Шалқарға көшіп келдік. Ал еліміз тәуелсіздік алып, нарықтық қатынасқа көшкен жылдары бюджет саласының мамандарына айлап, жылдап айлық төленбейтін, айнала қысқарту етек алған кезде Қабекең әртүрлі қайта даярлау курстарын оқып, фтизиатор, рентгенолог мамандығын игеріп, аудандағы туберкулез емдейтін бөлімді басқарды. Мен шұғыл шешім қабылдап, кәсіпкерлікпен айналысуға бет бұрдым. 2004-2014 жылдар аралығында өзіме, отбасыма жұмыс жасап, кейіннен сүйікті мамандығыма қайта оралдым. Арнайы дайындықтан өтіп, акушер-гинеколог ретінде жұмысымды жалғастырдым. Маман жетіспеушілігіне орай лор дәрігерінің дайындық курсын оқып, осы жұмысты да қоса атқардым.
— Ұрпақтарыңыздың ішінде сіздердің ізіңізді қуғандар бар ма?
— Жоқ. Үшеуі үш түрлі кәсіптің иесі болып шықты, бірақ дәрігерлік емес. Мәлік кәсіпкер, Ресейде тұрады, үш перзенті бар. Нұржан ұлымыз — актер, келін де театр маманы. Қызымыз Кәмшат — ҚазҰУ-нің түлегі, тұрмыста, Орал қаласында тұрады.
— Жауынгерлік жолдастармен хабарласып тұратын шығарсыздар?
— Сол жақта жүргенде Қабекең Хиуа, Жантұрсын есімді екі қазақ жігітін Владивостокта кез-дестірген. Олар да әскери дәрігерлер болып шықты. Бізден 1-2 жыл бұрын бітіргендер екен. Олардың отбасымен араласып тұрамыз.
— Сіздердің өмірлеріңіз «романтикаға» толы сияқты көрінеді. Расымен осылай болды ма?
— Сырттай қараған кісіге солай көрінуі заңды ғой, ел көріп, жер аралап, үлкен ортада жүріп ысылдық, ширадық. Жан-жақты жетіліп, дамуға ұмтылдық. Бірақ, мансаптың жолын түбегейлі қумадық. Өзімізге үміт артылған кезде дұрыс қадам жасадық деп ойлаймын. Ата-ананың қамқорлығынсыз қалған Қабекеңнің бауырларының болашағы алдындағы жауапкершілікті абыроймен атқарғанымызға шүкіршілік етемін. Енді немерелер өсіп келе жатыр, солардың арасынан атасының жолын жалғастыратын біреуі шығар деп үміттенеміз.
Өмірдерек: 1989 жылдың ақпан айында әскерден оралған Қабдолла Қасымұлы Сарыбұлақ учаскелік ауруханасына бас дәрігер болып тағайындалды. Ал 1998 жылы ол Шалқар аудандық ауруханасына дәрігер-рентгенолог болып ауыстырылды. 2000 жылы аудандық аурухананың туберкулез бөлімінің меңгерушісі, 2007-2009 жылдары аудандық туберкулез ауруханасының фтизиатр-дәрігері болды. Сондай-ақ ол аудандағы телемедицина орталығының негізін қалаушы, тұрғындарға жоғары медициналық қызмет көрсетуге өзінің белсенді үлесін қосқан білікті маман. 2011 жылдан бері жоғары санатты фтизиатр-рентгенолог ретінде қызмет атқарып келеді. Осы жылдар ішінде Қабдолла Қажығалиев бірнеше рет ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, аудандық аурухана әкімшілігінің, аудан, қала әкімдерінің Алғыс хаттарымен марапатталды.
Сұхбаттасқан І. АЛМАС.
«Ақжелең» журналынан.