АБЫЗ ЖУРНАЛИСТКЕ АРНАЛДЫ

Биыл өлке тарихында «Шалқардың тірі шежіресі» деп танылған абыз журналист Тілеужан Шойғаринның туылғанына 120 жыл толып отыр. Осыған орай аудандық орталық кітапхананың Коворкинг залында «Шалқардың шежіресі — Шойғарины» атты әдеби кеш өтті. Оған қаламгердің көзін көрген аға буын өкілдері, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Сырлыбай Асқаров, «аудандық «Шалқар» газеті» ЖШС директоры, ҚР Журналистер одағының мүшесі Қыдыралы Әлин, ҚР Мәдениет қайраткері, ауданымыздың мәдениет саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ардагер Гүлнар Ізтаева қатысты.
Т.Шойғаринның ұрпақтары мен кітапхананың тұрақты оқырмандары да осы тағылымды жиынның төрінен табылды. Салтанатты іс-шараны ашып жүргізген кітапханашы Д.Кульбаева өлке баспасөзіне өлшеусіз еңбегі сіңген байырғы журналистің қаламгерлік болмысы, ел тарихын түгендеудегі зерделі зейіні туралы мұрағаттарда жазылған жазбалардан дәйекті деректер келтіріп, жиылған қауымға мазмұнды мәліметтер берді.
Тілеужан Шойғарин 1906 жылы Шалқар ауданына қарасты №16 ауылда туылған. Еңбек жолын 18 жасында байға жалшы болудан бастайды. 1927-29 жылдары Шалқардағы №16 жол станциясында жұмысшы, 1929-30 жылдары №16 ауылдық кеңесінің хатшысы, 1930-33 жылдары Шалқар аудандық тұтынушылар одағында есепші болып жұмыс істеген.
Тілеужан Шойғариннің баспасөздегі бүкіл қызметі аудандық газет редакциясында өтті. Ол 1933 жылы, яғни аудандық «Социализм туы» (қазіргі «Шалқар») газетінің жарық көргеніне бір жыл толар-толмас уақыттың ішінде редакцияға жауапты хатшы болып жұмысқа орналасады. 1939 жылдан осы газеттің редакторы. 1947-48 жылдары Қазақстан Компартиясының Орталық Комитеті жанындағы бір жылдық курсты бітіріп келгеннен кейін қайтадан «Социализм туы» газетінің редакторы болып бекітіліп, бұл қызметті 1962 жылға дейін атқарған. Сол жылдары бүкіл Кеңес үкіметі бойынша территориялық өзгерістер болып, аудандық газет жабылып, келер жылы қайта ашылды. Бір жыл ішінде Т.Шойғарин радио торабының ұйымдастырушысы болып, Шалқар өндірістік басқармасының жаңалықтарын радио арқылы хабарлап отырды. Ал 1962 жылдан 1976 жылға дейін, яғни, зейнеткерлік демалысқа шыққанға дейін қайтадан ашылған, енді «Коммунизм таңы» болып жарық көрген аудандық газетте редактордың орынбасары болып қызмет атқарады. Т.Шойғарин аудандық газетте 43 жыл жұмыс істеген. Бірақ оның журналистік қызметі тым әріден бастау алады. Ол 1924 жылдан шыға бастаған Ақтөбе губерниялық «Кедей» газетіне мақалалар жазып, батырақ тілші ретінде елге танылды. Оның аудандық баспасөзді өркендетудегі белсенді де мінсіз қызметі КСРО-ның бес медалімен, Қазақ ССР Жоғарғы Советінің Грамотасымен, «КПСС қатарында 50 жыл» белгісімен және т.б. наградалармен марапатталған. Т.Шойғарин 1991 жылдың 2 қаңтарында 85 жасқа қараған шағында дүниеден өткен.
Тарихи суретте: солдан оңға қарай — Жанғабыл Қабақбаев, Хайрулла Тыныбеков, Иван Дронов (баспахана директоры), Тауман Төреханов, Тілеужан Шойғарин, Шынықұл Қарамергенов, Мұқанбетәли Есмағанбетов. Сурет 1985 жылдың 5 мамырында түсірілген.
Сөз кезегін алған аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, зейнеткер-ұстаз Сырлыбай Асқаров Т.Шойғаринның кезінде өлке баспасөзіне үздіксіз жазған тарихи-танымдық мақалаларымен таныс екендігін айтып, оның рухани деңгейі биік шығармалары өскелең буынға тәрбиелік мәні жақын болғанын жеткізді.
Тілеужан ата қаламына қанат бітіріп, баспасөз тарихына қалдырған даңғыл жолды жалғап келе жатқан бүгінгі буын өкілі, ардагер журналист Қ.Әлин көпшіліктің көкейіне қонымды шынайы естеліктерімен бөлісті. Қыдыралы Жақсыбайұлының сөзінен аңғарғанымыздай, қаламгер өмірінің соңғы сәтіне дейін жергілікті баспсөзбен тығыз байланыс орнатып, қаламымен сөз құдіретіне адал болып ғұмыр кешкен. Гүлнар Ізтаева өзінің музейде басшылық қызметте жүрген уақытында Тілеужан ата аудандық «Социализм туы» газетінің бірнеше жылғы тігіндісін өз қолымен музей қорына тапсырғандығын тілге тиек етті.
Кеш тақырыбына орай сөз алғандар қатарында Тілеужан атаның немерелері Балсара Сүлейменова атасының ұрпақтарына деген қамқорлығын, бір әулеттің алдын діңгегіне айналған абыроймен астасқан адамгершілік болмысын айтып, қызықты естеліктерімен бөліссе, Нұржан Шойғарин атасының тегін алып жүру мақтаныш екендігін де жасырмады.
Кеш барысында қарт журналист Т.Шойғариннің шығармашылығына арналған «Кешегінің кемеңгері» тақырыбындағы кітап көрмесі таныстырылды. Шалқардан шыққан қаламгерлер Сара Мыңжасарова, Тауман Төреханов, Серікқали Байменшенің кітаптарында Тілеужан ата туралы естеліктер мен аудандық «Коммунизм таңы» газетінің тігінділері қойылған көрме оқырманның көңілінен шығып, кешке қатысушылардың қызығушылығын арттырды.
Қорытындысында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Бақытгүл Жақсыбаева: «Тілеужан Шойғарин баспсөз саласына даңғыл жол салған тұлға. Қаламгердің осыған дейінгі де даталы жылдары аудан көлемінде аталып өтіліп, есімі ел жадында қалдыру мақсатында игілікті істер жасалды. Сөз құдіреті — мәңгілік. Сөзді қару еткен қаламгерлер есімі ешқашан ұмытылмайды. Шалқар тарихымен Шойғарин есімі де егіз ұғымдай. Аудан орталығында Т.Шойғаринның есімімен аталатын көше бар. Ең бастысы қарт журналистің өлке тарихымен үндескен шығармаларын іздеп жүріп оқитын ордалы оқырманы барда Тілеужан ата есімі ұмытылмайды» деп, осы мазмұнды кешке қатысқан барша қауымға шынайы ризашылығын білдірді.
Д. МАҚСАТҚЫЗЫ, аудандық орталық кітапхананың кітапханашысы.


