Білім

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ЖАҢАРҒАН МІНДЕТТЕРМЕН

Аудандық Мәдениет үйінде «Жаңа халықтық Конституцияның нормалары мен құндылықтары: адами капиталды дамытудағы өңірлік басымдықтар» тақырыбында дәстүрлі тамыз педагогикалық кеңесі өтті.

Жаңа оқу жылы қарсаңындағы маңызды жиынға аудан әкімі Жанболат Жидеханов, облыстық білім басқармасының инфрақұрылымдық және материалдық-техникалық даму бөлімінің басшысы Ризат Қарасаев, аудандағы білім беру ұйымдарының басшылары,  педагогтар мен ардагер-ұстаздар  қатысты.

Аудан басшысы білім саласының қызметкерлерін жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, ұстаз еңбегінің қоғам дамуындағы маңыздылығына тоқталды.

— Білім беру — елдің болашағын айқындайтын маңызды сала. Бүгінгі ұстаздың міндеті — балаға сапалы білім берумен қатар, оның бойына жауапкершілік, еңбекқорлық, әділдік, отансүйгіштік секілді құндылықтарды сіңіру. Жаңа Конституцияда айқындалған адамның  қадір-қасиеті, құқық пен жауапкершілік қағидаттары да өскелең ұрпақ тәрбиесінің негізіне айналуы тиіс. Сондықтан білім сапасын арттыру, педагогтердің кәсіби дамуына жағдай жасау және балалардың қауіпсіз әрі сапалы білім алуына мүмкіндік қалыптастыру — ортақ міндетіміз, — деді аудан әкімі Ж.Жидеханов.

Ауданның білім бөлімінің басшысы Аянберген Башанов 2025-2026 оқу жылында атқарылған жұмыстарды қорытындылап, қол жеткізілген нәтижелер мен алдағы кезеңге арналған міндеттерді баяндады.

Облыстық білім басқармасының инфрақұрылымдық және материалдық-техникалық даму бөлімінің басшысы Ризат Қарасаев облыста салынған және құрылысы жүріп жатқан мектептерге тоқталып, оқу кабинеттерінің қажетті құрал-жабдықтармен қамтылуы мен оқушыларға қолайлы жағдай жасау мәселелерінің маңыздылығын айтты.

Кеңес барысында М.Тәжин атындағы орта мектептің директоры Асылбек Тілеужанов, №3 орта мектебінің тарих пәнінің мұғалімі Серік Төлебергенов, №2 мектеп-гимназиясының математика пәнінің мұғалімі, жас маман Арыстанбек Ересетұлы сөз сөйлеп, білім беру саласындағы өзекті мәселелер мен жаңашыл әдістер жөнінде өз ой-пікірлерін ортаға салды.

Жиында жасанды интеллект пен заманауи цифрлық технологияларды білім беру үдерісіне тиімді әрі жауапты енгізу, педагогтардың цифрлық сауаттылығын арттыру, академиялық адалдық пен ақпараттық қауіпсіздік талаптарын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды. Сонымен қатар, тамыз кеңесінде жаңа халықтық Конституцияның негізгі құндылықтары — адамның қадір-қасиетін, құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, әділдік, жауапкершілік және азаматтық міндет ұғымдарын білім беру мен тәрбие үдерісі арқылы жас ұрпақтың бойына сіңірудің маңызы атап өтілді.

Дәстүрлі шарада білім саласында нәтижелі еңбек етіп жүрген бірқатар педагогтар марапатталды.  4 ұстазға Оқу-ағарту министрінің Алғыс хаты, 10 ұстазға облыстық білім басқармасының Құрмет грамотасы және 10 ұстазға аталған басқарманың Алғыс хаты, 14 ұстазға облыстық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасы, 12 ұстазға «Әділет» партиясы облыстық филиалының Алғыс хаты табысталды. Сондай-ақ, 8 ұстазға аудан әкімінің Алғыс хаты, 12 ұстазға ауданның білім бөлімінің Құрмет грамотасы берілсе, 7 педагог аудандық білім беру қызметкерлері кәсіподақ ұйымының Құрмет грамотасы мен 70 мың теңгелік Сертификатына ие болды.

Жиын қорытындысында тамыз кеңесінің қарары оқылып, педагогтердің кәсіби біліктілігін көтеру мен озық тәжірибелерді тарату, оқушылардың білім жетістіктерін арттыру, құқықбұзушылықтың алдын алу, инклюзивті білім беруді дамыту мен ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға қолайлы жағдай жасау, білім беру ұйымдарының материалдық-техникалық базасын нығайту міндеттері қойылды.

Мейірлан ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».

Басқа материалдар

Back to top button