ӘЛІШЕР ДУШАНБЕДЕГІ ЛАГЕРГЕ БАРДЫ

Біріккен Ұлттар Ұйымының даму бағдарламасы Орталық Азиядағы тұрақтылығын нығайту жөніндегі жоба аясында 28-31 қазан күндері аралығында Тәжікстан Республикасының астанасы Душанбе қаласында Орталық Азия жастарының креативті лагері ұйымдастырылды. Оған аудандық жастар ресурстық орталығының маманы, Шалқар еріктілері тобының жетекшісі Әлішер Нағашыбаев барып қайтты.
— Аталмыш бағдарламаға Тәжікстан Республикасына Орталық Азия жастарын жинақтап жатқанын естідім. Неге мен де мүмкіндігімді сынап көрмеске деп құжаттар жинақтап, анкеталарын толтырдым. Көп уақыт өтпей онда баруға мүмкіндікті иеленгендігімді естіп, қатты қуандым.
Облысымыздан барған жастар түрлі бағыттағы семинар-тренингтер мен оқыту дәрістеріне қатысты. Сондай-ақ, түрлі іс-шаралар қатарында экскурсия мен спорттық сайыстарда біз де белсенділік таныттық. Орталық Азиядағы әлемге әйгілі ежелгі ескерткіштердің бірі Гиссар қорғанына барып, тарихымен таныстық. Душанбе қаласына табан тірегенімізде біздерді ұйымдастырушылар ыстық ықыласпен күтіп алды. Көп достармен танысып, бір үйдің баласындай болып араласып кеттік. Қызықты тренингтер барысында топтарға бөлініп, берілген тапсырмаларды барлығымыз бірге жұмылып орындай отырып, әр елдің салт-дәстүрлеріне қанықтық. Осындай керемет лагерге барып, сол жерде рухани азық пен тың идеялар алу тұрғысында пікір алысуға мүмкіндіктер жасаған БҰҰ Қазақстандағы «Даму» бағдарламасына алғысымды білдіремін.
Мен өз елімнің патриоты ретінде, болашақта абыройлы қызметтердің жолында тер төккім келеді, — дейді бізбен әсерін бөліскен Әлішер Дастанұлы.

М.БОҚАН.