Тарихи тұлғалардың өлшеусіз еңбектері баяндалды

30 қазан күні Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің базасында осы университет пен «Қабақ баба» қорының ұйымдастыруымен «Дәстүрлі қазақ қоғамындағы билер институты (Қалыбекұлы Сегізбай мен Алыбайұлы Сарышоңай билер мысалында)» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциясы өтті. Оған жергілікті билік өкілдері, мемлекеттік құрылым басшылары, қалалық зиялы қауым, жоғары оқу орындарының ғалымдары, БАҚ өкілдері, т.б. шақырылды.
Конференцияда республиканың белгілі тарихшы ғалымдары, тарих ғылымдарының докторлары, профессорлар Ә.Мұқтар, Ұ.Ахметова, белгілі жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері Қ.Мұқанбетқалиұлы, т.б. баяндама жасады.
Баяндамашылар Сегізбай тархан Қалыбекұлының (ХVІІІ ғ.) Сырым Датұлы бастаған Ұлт-азаттық қозғалысқа белсене қатысқанын, қазақ-орыс қарым-қатынасының қазақ халқы үшін тиімді болуына өлшеусіз еңбек сіңірген тарихи тұлға екенін, 1787 жылы орыс үкіметі құрған расправаның Әлімұлдары бойынша төрағасы болып, тархан атағын иеленгенін, жоғары деңгейдегі қазақ-орыс келіссөздеріне қатысып, Сырыммен бірге мемлекеттік мәселелерді шешкенін, ХVІІІ ғасырдағы қазақ халқының тағдырына белсенді араласқанын және сол кезеңде халық тағдырына байланысты қайта-қайта өткен халық кеңестеріне белсенді қатысып, көп мәселенің қазақ халқы мүддесіне шешілуіне күш жұмсағанын кеңінен әңгімеледі.
Сонымен қатар Сарышоңай би Алыбайұлының (ХVІІІ ғ. ІІ жарт. —1812 ж.) атақты Сырым Датұлы бастаған Ұлт-азаттық қозғалысқа белсене қатысқанын, 1797 жылы құрылған Хан кеңесінің тұрақты мүшесі, қазақ-орыс қарым-қатынасын реттеуге барынша ықпал еткен би болғанын айтты. 1798 жылдың күзінде Сырым батырмен бірге Қазан көпесі М.Шехмұратов арқылы орыс патшасына құпия түрде хат жолдап, казак-орыстардың озбырлығын тоқтатуды талап еткен екен. Өмірінің соңына дейін қазақ халқының тәуелсіздігі жолында Сырым батырмен пікірлес, ниеттес жолдас болып өтіпті. Сарышоңай бидің халық үшін атқарған қызметін кейіннен балалары, Арынғазы сұлтанның тірегі-жолдасы болған Қасым, Отаралы, немересі Нияз билер жалғастырған.
Конференцияда Шалқар ауданының Құрметті азаматы, еңбек ардагері Қалмақан Төлеуов сөз сөйлеп, Қалыбек би ұрпақтары Сегізбай, Сарышоңай билердің өнегелі істерін насихаттап, бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, үлкен игі іс атқарып жатқан азаматтарға алғыс сезімін білдіріп, осындай абыройлы істердің жалғаса беруіне тілектестігін білдірді. Бұдан соң «Аудандық «Шалқар» газеті» ЖШС директоры Қ.Әлин осы шараны ұйымдастыруға мұрындық болған Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры Б.Ердембековке Шалқар ауданының әкімі Б.Қаниевтің Алғыс хатын тапсырды.