ЖЫЛЫТУ ПЕШТЕРІ ТАЛАПҚА САЙ МА?

Өрттің тұтануы, улы газбен улану оқиғаларының басым көпшілігі тұрғын үйлерде болатындығы айқын. Әсіресе, жылыту маусымында олардың орын алу қауіпі де еселеніп кетеді.
Осы мақсатта ауданның төтенше жағдайлар бөлімі, аудандық «Шалқар» газетінің өкілі, аудандағы полиция бөлімі мен жұмыспен қамту орталығының қызметкерлері бірлесіп қаладағы тұрғын үйлерге рейдтік іс-шаралар жүргізді.
Оның барысында жылыту пештерін пайдалану кезінде қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтап, осы маусымдың кезеңде оған өте жауапкершілікпен қарауды үй иелеріне түсіндірді.
Осы ретте біз өрттен келетін тосын жағдайлардан сақтану үшін төмендегі қарапайым ережелерді тұрғындар қаперіне қайта салуды жөн көрдік.
-Үйге өз бетінше газ жүйесін тартуға және ауыстыруға үзілді-кесілді тыйым салынады, газ құралдары мен тығын арматурасын білікті мамандар ғана ауыстыру және жөндеуді барлық нормалар мен ережелерге сәйкес жүргізу қажет;

  • металл түтін жолдарын жылыту маусымы алдында жылына бір рет тазалау керек. Жылыту аспаптарын әрбір қосу алдында міндетті түрде түтін шығарғышта тартқыштың болуын тексереді;
  • жеке үйлерде қысқы кезеңде түтіннің қатуын жою үшін оны жылыту қажет;
  • мұржаларды кірпішпен салуға, сондай-ақ мұржадағы ысырмаларды жабуға қатаң тыйым салынады;
  • мұржаларға құстар, сондай-ақ жауын-шашын түспейтіндей етіп жасау қажет;
    Түнгі уақытта газ аспаптары немесе жылыту пештері орнатылған үй-жайларды ашық терезесіз немесе желдеткішсіз қалдырмаңыз, газ аспаптары тұрған бөлмені ұйықтау және демалу үшін пайдаланбаңыз!
    Қауіпсіздік ережелерін бұза отырып газды пайдалану кезінде, сіз өзіңізге ғана емес басқаларғада қауіп төндіресіз.
    Өз өміріңізді және жақындарыңыздың өмірін сақтаңыздар!

Ә.Мекебаев,
ауданның төтенше жағдайлар бөлімінің аға инженері.