Кәсіпкерлер мемлекеттік бағдарламаларды тиімді пайдалануда

Аудан бойынша ағымдағы жылдың 1 қазан айына тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің саны 2088 бірлікті құрайды. Жылдан-жылға жаңа кәсіптерін ашып, істерін кеңейткендер де көбейіп келеді.
Ел экономикасының негізгі тірегі болып саналатын шағын және орта кәсіпкерлік саласы мемлекет тарапынан үлкен қолдауға ие. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 25 тамыз 2018 жылғы №522 қаулысымен бекітілген «Бизнестің жол картасы — 2020» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» бағдарламасының мақсаты өңірлерде кәсіпкерліктің, шағын және орта бизнестің жаңа тобын дамыту есебінен тұрақты жұмыс орындарын ашу болып табылады. Осы бағдарламалар аясында ауданымыздың кәсіпкерлік саласы қарқынды даму үстінде. Бағдарлама аясында бүгінгі күні 7 жоба жүзеге асырылды (субсидиялау арқылы 4 жоба — 199,0 млн.теңге, кепілдендіру арқылы 2 жоба. Несие сомасы 107,0 млн. теңге, кепілдік сомасы 45,5 млн. теңге, грант 1 жоба қайтарымсыз несие 3,0 млн. теңге). Осы бағдарлама аясында берілетін 3,0 млн. теңге көлемінде грантқа үміткер 5 адам жаңа бизнес-жобаларын Ақтөбе қаласына барып, қорғап келді.
«Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының да кәсіпкерлерге өте тиімді екенін айта кеткен жөн. Себебі пайыздық мөлшері төмен. Аталған бағдарлама бойынша несие 15 пайызбен берілгенімен, оның 9 пайызын «Даму» қоры арқылы мемлекет субсидиялайды, ал қалған 6 пайызын кәсіпкер өзі төлейді. Қазіргі таңда осы бағдарлама аясында «Минеральные воды Казахстана» ЖШС-нің 229,0 млн. теңгеге құжаттары мақұлданды.
ҚР Үкіметінің 2018 жылғы13 қарашадағы №746 қаулысымен бекітілген «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру үшін республикалық бюджеттен Шалқар ауданы бойынша шағын несиеге 73 адамға 307,4 млн. теңге қаржы қаралған болатын. Ағымдағы жылдың 9 айында барлығы 111 адам шағын несие алу мақсатымен 438,6 млн. теңге несие алып, жұмыстарын жүргізуде.
Аудан бойынша осы бағдарламалардың механизмдері мен шарттарын түсіндіріп, насихаттау мақсатында «Nur Оtаn» партиясы аудандық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесінде және ХҚКО-да ай сайын, ауылдық округтерде ауыл шаруашылығы бөлімі және «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы бірлесе отырып берілетін несиелерге байланысты сонымен қатар, «Бизнес-бастау» жобасы бойынша оқуға ниет білдіріп жүрген аудандағы жұмыс жасап жатқан кәсіпкерлер мен кәсібін жаңадан бастаушы азаматтарға кең көлемде осы мемлекеттік бағдарламалар аясында түсіндірме жұмыстары мен жеке қабылдау шаралары жүргізіліп келеді.

Аян Қорқытұлы,
аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы.