23 қазан күні аудандық прокуратура «Алиментті өндіру бойынша сот актілерін орындау мәселелері» тақырыбында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен брифинг өткізді. Брифингті аудан прокуратурасының прокуроры А.Досмурзаева жүргізіп, баспасөз өкілінің сұрақтарына жауап берді.
Прокурор қазіргі таңда алименттің қаншалықты өндіріліп жатқаны жайлы және алиментті уақытылы өндіруге қандай шаралар атқару керектігін айтты.
2019 жылдың өткен кезеңінде ауданымызда алимент төлеуге міндетті 435 адам бар. Оның 365-і өз алименттерін тұрақты төлейді. Ал, қалған 70-і проблемалық төлемеушілер санатынан. Яғни, жұмысқа орналаспағандар. Олардың алимент бойынша борыштары бірнеше миллион теңгеге дейін жетеді. Алимент төлемеушілердің фамилиялары бар тізімде алименттің сомалары да көрсетілген. Көбінің борышы екі миллионнан үш-төрт милионға дейін жетеді.
Ауданымыздағы проблемалық алименттердің санын тиісінше азайту, әлеуметтік шиеленістерге жол бермеу, кәмелетке толмағандардың алимент төлемдерін алу құқығын қамтамасыз ету үшін барлық мүдделі мемлекеттік органдардың бірлескен күш-жігері қажет.
Осыған орай, аудан прокуратурасы аумақтық жеке сот орындаушы және аудандық жұмыспен қамту орталығымен бірлесіп 2019 жылдың қазан, қараша айларында арнайы акция өткізуде.
Қазір аудандағы алимент өндіру туралы атқару өндірістері бойынша орындауда тұрған 70 жұмыссыз борышкердің барлығы да аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде есепке қойылды.
Әзірше 14 борышкер жұмыспен қамтылды. Алдағы уақытта қалған жұмыссыздар есебіне қойылған борышкерлерді жұмысқа орналастыру мәселесі қарастырылуда.
Жалпы, аудан прокуратурасымен ағымдағы жылы алимент өндіру туралы 532 атқару құжаттарына талдау жасалынып, талдау нәтижесімен анықталған заң бұзушылықтар бойынша Ақтөбе облыстық әділет департаментіне 2 ұсыну енгізіліп, облыстық әділет департаментінің бұйрығымен аумақтық жеке сот орындаушы тәртіптік жауапкершілікке тартылды.
Келтірілген ұсыныстар нәтижесі бойынша 5 млн. теңгеге алимент берешектері өндіріліп, 49 баланың құқығы қорғалды, борышкерлердің банктік есепшоттарына, тіркелген мүліктеріне шектеу қойылды.
Ауданымызда өкінішке орай, бауыр еті баласы үшін қалтасынан бір тиын да шығарғысы келмейтін безбүйрек әкелер жетерлік.
Жеңіл түрі — сот орындаушылары қаулы шығарады да, әлгі әкенің жұмыс орнына жолдайды. Соған сәйкес, есепші ай сайын жалақы түскеннен кейін үш күн ішінде алимент мөлшерін әйеліне аударуға міндетті. Осылайша бала 18 жасқа толғанға дейін жалақысынан ұсталып отырады.
Сондай-ақ, егер әкенің берешегі жиналып қалса, онда сот орындаушылар оның көлігін алып қойып, оны сатып, қарызды өндіреді, дүние-мүлкіне тыйым салады.
Ағымдағы жылы аудан прокуратурасымен жасырын табыс тауып, ол туралы сот орындаушыға хабарламай, алимент төлеуден қасақана жалтарған 8 борышкер анықталып, оларға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалды.
Брифингте атқарушылық құжаттарды орындау бойынша көрсеткіштер күнбе-күн өзгеріп отыратыны, осы бағытта белсенді жұмыс атқарылып жатқаны, алименттік төлемдерді өндіру бойынша аумақтық жеке сот орындаушының жұмысымен тығыз байланыста жұмыс жүргізілетіндігі түсіндірілді.
Өз тілшімізден