«Ғасырлар үні — бабалар жолы дастаны» ізінен бастау алған «Атамекен» ардагер аталар және «Асылым» аналар ән ансамбльдері ауданымызға келді. Алдымен олармен аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев жүздесіп, бір күнге жоспарланған сапар барысымен танысты. Ардагерлер бірінші аудандық Мәтей Қоқанұлы атындағы мешітке барып, бабалар рухына құран бағыштады. Мешіттің бас имамы Бақытбек Тойчибаев қонақтарды қабылдап, жаңадан қалыптасып келе жатқан имандылық үйінің тарихы туралы әңгіме өрбітті. Шығармашылық топ бұдан соң аудандық тарихи-өлкетану музейіне бас сұғып, ондағы жәдігерлерді көріп, шежірелі өлкенің бай тарихымен танысты. Музей директоры Нағима Тлембаева сөрелердегі әрбір жәдігердің тарихына, оны сақтау мен өскелең ұрпаққа насихаттауда жасап жатқан жұмыстарына қысқаша сипаттама берді. Тілек дәптеріне қонақтар қолтаңбаларын қалдырды. Өнерлі ардагерлер алғаш аялдаған мешіт пен музейде меймандарға ағарған ұсынылып, сый кәделер жасалды.
Бұдан соң топ Есет-Дәрібай кесенесіне барып, батыр бабалар рухына тағзым етті. Байқадамға жоспарланған концерттік шараға ауылдың үлкен-кішісі тең жиналды. Облыс орталығындағы Астана ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы, ҚР «Қаржы қызметінің үздігі», ансамбльдің белді мүшесі Имұхамбет қажы Ырсалы сапарларының мақсатына тоқталды.
— Өткен жылы Ақтөбе қалалық мәдениет бөлімі жанынан «Атамекен» ардагер аталар және «Асылым» аналар ән ансамбльдері болып құрылдық. Тұңғыш Президентіміздің бағдарламалық мақалаларында айтылғандай қазір халық материалдық тоқшылықпен шектелуге болмайтындығын ұғынды. Ол— уақытша, ал рухани тоқшылық — мәңгілік. Осы құндылықтарды халық санасына сіңіру, ескі құндылықтарды насихаттау, жұртшылықты халықтық өнермен сусындату, ұлттық салт-дәстүрімізде бар, бірақ кейін ұмытылған тәрбиелік жөн-жоралғыларды да дәріптеу — біздің ансамбльдің басты мақсаттарының бірі. Осы кезге дейін облысымыздың бірқатар мәдени ошақтарында, алыс аудандарда болып өнерімізді көрсеттік. Үстіміздегі жылдың 5 шілдесінде министрліктің арнайы шешімімен «Халықтық ансамбль» деген атқа ие болдық. Бұл да халықтың өнерімізге берген бірегей бағасы деп білеміз,— деді Имұхамбет қажы.
Концерт барысында ардагерлер «Атамекен», «Әпиток», «16 қыз», «Сары жез құман-ай», «Ақбұлақ», «Су тасушы қыз» сынды халық әндері мен күйлерін орындап, туған жер қасиетін ұғындыратын «Ата жұрт атамекенім» атты сахналық көріністерін қойды. Есет Көтібарұлы ауылдық округінің әкімі Мирамғали Кенжалин халық әндерін әуелеткен шығармашылық топқа алғысын айтып, ансамбль құрамының үлкені — 85 жастағы, ардагер-ұстаз, ҚР оқу ісінің үздігі, «Ыбырай Алтынсарин» атындағы медаль иегері Қуан Қамалханның иығына шапан жауып, құрмет көрсетті. Сахнаға Байқадам ауылының үлкендері Камила Сейтжанова, Бисенқұл Манасовтар көтеріліп, ескі әндерді боямасыз орындап, өткен шақтың өрнекті сәттеріне «саяхат құрған» тұстастарына ризашылығын білдірді.
Шығармашылық топтың қорытынды шарасы Шалқар қаласындағы №8 орта мектептің акт залында өтті. Алдыңғы қатарға жайғасқан шалқарлық ардагерлер ансамбльдің орындаушыларына жекелей қолқа салып, ескі әндермен сусындады. Ғарифолла Құрманғалиевтің шәкірті, ҚР еңбек сіңірген әртісі Хайдар Өтеғалиевтің, шалқарлық Қабақ Науановтың орындаулары көпшілікті сүйсінтті.
Ансамбльдің көркемдік жетекшісі Қаракөз Сағыноваға аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің: «Өткенсіз бүгін жоқ, кешегіні парақтаумен тарихымыздың тағылымды беттері қалыптасары хақ. Бұл ретте қазыналы қарттарымыз бен өскелең ұрпақтың арасына алтын көпір соғып, келешекке ізгіліктің сәулесін шашу абыройлы іс.
Сіз жетекшілік ететін ардақты ардагерлерімізден құралған, Елбасы айтқан медиа-мәдениетті ізгілендіруді, ұлттық өнерді насихаттау арқылы ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруды көздеген шығармашылық ансамбльдің ұлттық руханиятымыздан алар орны айырықша. Бейнетті күндердің зейнетіне келсе де, алтын уақыттарын аямай Азат елдің мәдениетіне мәйек ұйытқан әзіз топтың өнеріне халық қашан да тәнті.
Шежірелі Шалқар жұртшылығы атынан Сіз жетекшілік ететін шығармашылық ұжымға зор алғысымды айтамын! Асыл қазыналарымыздан құралған ансамбльдің өнері ғұмырлы болсын!
Елдік істердің биік иініндегі игілікті қадамдарыңызға шығармашылық табыс тілеймін!», — деген жүрекжарды лебізін аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев жеткізіп, Алғыс хатын тапсырды. Және топтың барлық мүшелері аудан әкімінің атынан бағалы сый-сияпаттар алды. Облыс әкімінің Шалқар ауданы бойынша қоғамдық көмекшісі, еңбек ардагері Дәулетияр Әспенов өнерлерімен көпке үлгі болып жүрген топтың мүшелеріне жеке-жеке тоқталып, жоғары бағасын берді.
Сапар барысында «Атамекен» ардагер аталар және «Асылым» аналар ән ансамбльдерінің жетекшісі Қаракөз Сағынова өздеріне сый-құрмет көрсеткен барша Шалқар жұртшылығына алғысын айтты. Оның сөзінше, халықтық ән ансамблінің құрылғанына осы қазан айының басында бір жыл болады, осы межедегі есептік концерт алдағы қараша айының орта шеніне белгіленген.
Мұхтар МЫРЗАЛИН