МЕЙРАМБЕК МЕРЕЙІМІЗДІ АСҚАҚТАТТЫ

Кеше шалқарлықтар аудан орталығындағы теміржол вокзалына жиналып, таяуда ғана Нұр-Сұлтан қаласында өткен Әлем чемпионатында қола медальға ие болып, Токио олимпиадасына жолдаманы иемденген жерлесіміз Мейрамбек Айнағұловты салтанатты түрде қарсы алды.

Қарсы алушылардың қатарында спорт жанашырлары, еңбек ардагерлері, әсіресе, мектеп жасындағы оқушылардың қарасы көп болды. Барлығы да жеңімпаз жерлестеріне деген зор ризашылықтарын ерекше ықыласпен білдіріп, түрлі әсем жалаушалар мен безендірулер көтеріп, көптің көңілін өздеріне аударды.
Аудан әкімінің орынбасарлары Жанболат Жидеханов, Амангелді Қонақбаевтар сөз сөйлеп, ел мерейін асқақтатқан Мейрамбекке аудан жұртшылығының атынан алғысын айтып, жеңісімен құттықтады. «ҚР Президентінің сарабдал саясатынан спорт саласы тыс қалған емес. Бұқаралық спортты дамыту бағытында нақты қадамдар жасалып келеді. Мейрамбектің жеңістері спортты серік еткен жастарға үлгі болуы тиіс. Саған тек қана сәттіліктер тілейміз», — деді сөз алғандар көтеріңкі көңілмен.
Спорт ардагерлері Жеңсікбай Симбетов, Аманғали Төлебаевтар да чемпион ұлдың әрбір жеңісін батырлыққа балап, оның жүлделі қадамдарынан жастар үлгі алу қажеттігін айтты. Ауданның көркемөнерпаздары жырдан шашу шашып, жеңімпаздың құрметіне арнаулар арнады.
Аманғали Төлебаев алда үлкен додаларда бағын сынап, қазақ елінің намысын қорғағалы тұрған Мейрамбекке аталық кеңесін айтып, батасын берді.
25 жастағы Мейрамбек Айнағұлов кішкентайынан спортты серік етіп, күні бүгінге дейін бірқатар жүлделі орындарды қанжығасына байлап, ел мерейін асқақтатты.
Ол — 2017 жылғы Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Азия чемпионатының үш дүркін жүлдегері, 2018 жылғы Азия ойындарының қола жүлдегері. Грек-рим күресінен ҚР еңбек сіңірген спорт шебері.

М.БОҚАН.