Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог — Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауын тыңдап, елімнің өскелең буынының мүшесі ретінде мен де үлкен әсерге бөлендім. Қасым-Жомарт Кемелұлының Президент ретінде халқына арнаған тұңғыш Жолдауы қарапайым халықтың тұрмыс деңгейін арттыруға толық бағытталды деп айтуға негіз бар. Әсіресе, қоғамдық тәртіпті күшейтуге алда баса мән берілетін болды.
Жастар жылында жастардың болашағы үшін де Жолдауда жақсы бастамалар мәлімделді. Соның ішінде білім беру саласын жақсарту, жергілікті жердегі педагог кадрлардың деңгейін арттыру жайы кеңінен қозғалды. Шынында да Президент айтқандай, ауылдық жерлерде білікті педагог кадрлар тапшы, ал ауылға барып жұмыс істеуге құлшынатын жастардың қатары өте сирек қазір. Оған себеп көп, бастысы, жастарды жұмысқа ынталандыру кейде өз мәресіне жетпей қалады. Осыны ескерген Мемлекет басшысы енді «Дипломмен — ауылға» бағдарламасының аясын кеңейтіп, оны жаңаша деңгейде жалғастыруды міндеттеді. Аталмыш бағдарламаны қаржыландыруға келер жылдан бастап 20 млрд. теңге бөлуді Үкіметке тапсырды. Бұл елімнің патриотымын деп өзін есептейтін әрбір жасқа үлкен қолдау, артылған зор сенім деп білемін.
Қазіргі таңда мен аудан орталығында жеке серіктестікте жастар тәжірибесі бойынша жұмыс істеп жүрмін. Алдағы уақытта Президент міндеттеген жоғарыда аталған бағдарлама өз деңгейінде орындалып жатса, мен де оның шарттарымен келісіп, ауылдарға барып, еңбек жолымды бастауға әзірмін. Және осы бағдарлама аясында құрбыларымды ауылда еңбек етуге шақырамын.
Арайлым Сидақова,
М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің
2019 жылғы түлегі.
Шалқар қаласы.