АЛҒАШҚЫ ҚОҢЫРАУ: 950 бала мектеп табалдырығын алғаш аттады

1 қыркүйек — Білім күнінде ауданымыздың білім ордаларында «Саналы ұрпақ — жарқын болашақ» атты алғашқы қоңырау салтанатты жиыны өтті. Бұл күні аудан мектептеріндегі 8500 оқушыға алғашқы қоңырау салтанатты түрде соғылды. Аудан бойынша биыл 950 оқушы мектеп табалдырығын алғаш аттады.
№8 орта мектебінде өткен алғашқы қоңырауға аудан әкімі Бауыржан Қаниев арнайы қатысып, оқушылар мен ұстаздар қауымын жаңа оқу жылының басталуымен құттықтап, табыстар тіледі. Мемлекет және жергілікті билік тарапынан білім саласының ілгері дамуына әркез қолдаулар көрсетіле берілетінін, киелі өлкемізде көптеген игілікті істердің жүзеге асырылып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен қатар өткен оқу жылындағы ҰБТ қорытындысы бойынша ауданымыз жоғары көрсеткішке қол жеткізгеніне ерекше тоқталды. Алдағы уақытта да осы межеден төмен болмау керектігін айтты.
Өткен оқу жылының қорытындысына қысқаша шолу жасаған мектеп директоры Рита Басмағанбетова:
— Білім ордасы өткен оқу жылын 844 оқушымен жақсы аяқтады. Оның 270-сі «Үздік оқушы» атанып, мектеп мерейін үстем етті. 5 оқушы «Алтын белгі», 5 оқушы «Үздік аттестат» иегері атанды.
ҰБТ қорытындысы бойынша орташа балл — 98 пайызды құрады. ҰБТ-ға қатысқан 30 оқушының 24-і мемлекеттік білім гранты бойынша оқуға түсті. Сонымен қатар аудандық пәндік олимпиадаға қатысқан 35 оқушының 25-сі жүлделі орындарға ие болды. Жалпы, өткен оқу жылында 167 оқушы түрлі білім, шығармашылық байқаулардан, спорттық сайыстардан жүлделі оралды. Биылғы жаңа оқу жылында 80 бала мектеп табалдырығын алғаш аттады, — деді. Сондай-ақ, ол аудан әкіміне өзі басқаратын білім ошағына жасап жатқан қамқорлығын айырықша атап өтіп, ұжымы мен ата-аналар атынан алғысын айтты.
Мектептің қамқоршылық кеңесінің төрайымы, ардагер-ұстаз Маржангүл Бекетова да жүрек жарды тілегін білдірді. Өз кезегінде 1-сынып оқушылары да болашақ ұстаздарына арнап тақпақтар айтты. Алғашқы қоңырауды 1-сынып оқушысы Аягөз Алтынбайқызы мен 11-сынып оқушысы Ақниет Сағидуллаұлы соғып, көптің қошеметіне бөленді.
Мерекелік шарада Х.Нұрай, Н.Сағынаева, И.Сақиев патриоттық әндер шырқап, көпшілікке көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.