ДОМБЫРА ШЕРТІЛІП, КҮЙ КҮМБІРЛЕДІ

Бозой ауылындағы «Арай» мәдениет үйінде ұлттық өнеріміздің киесіне айналған домбыраны ұлықтау мақсатында үлкен шара өтті. «Қазақ қазақ емес, нағыз қазақ — домбыра!» деп Мұқағали Мақатаев айтқандай, ұлттық руханиятымызға үн қосқан домбыраның төл мәдениетімізде алар орыны айырықша екені талассыз.
Шараға қатысқан белгілі күйші Нұрболат Жанаманов Қазанғап күйлерін орындап, домбыра мен күйдің шығу құдыреті жайлы мазмұнды әңгіме өрбітті.
Ауыл азаматтары да ұлт өнеріне деген ықыластарын білдіріп, сахнаға шығып күй шертті. Олар — Кенжебай Ембергенов, Гауһар Тәжімбетова, Айғақ Ембергенова, Қазанғап атындағы саз мектебінің «Арай» мәдениет үйі жанындағы оқушылары, бірнеше өнер байқауларының жүлдегерлері Нұржігіт Омаров, Имамбет Мінәшев, Қуанышбек Нұрмұхамбеттер… Олардың барлығы да белгілі күйшінің қолынан сый-сияпаттар алды.
Ауыл әкімі Жасұлан Жұбаназаров шараның мазмұнын ашып, көрермендермен мәнді әңгіме өрбіткен күйші Нұрболат Жанамановтың иығына шапан жауып, ауыл тұрғындарының атынан алғыс айтты.