«Бастау-Бизнес» ЖОБАСЫНЫҢ ИГІЛІГІ

2017 жылдың сәуір айынан бастап «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы ҚР ауылдық аудандарында «Бастау-Бизнес» жобасын жүзеге асыруда. «Бастау-Бизнес» жобасының мақсаты — 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» бағдарламасының екінші бағытын жүзеге асыру болып табылады.
Бағдарламаның негізгі бағыты — жұмыссыздарды, өзін-өзі қамтамасыз етушілер мен жас кәсіпкерді «Кәсіпкерлік негіздеріне оқыту» болып табылады. 2017 жылы «Бастау-Бизнес» жобасын 263 тыңдаушы аяқтады, олардың 68-і өз бизнесін ашты.
68 тыңдаушының 58-і «Ауылшаруашылығы қаржылай қоры» АҚ Ақтөбе филиалынан несие алса, 10 адам кәсіпкерліктерін өз қаражатына ашты. Негізгі бағыт — мал шаруашылығы: сиыр, жылқы, ешкі, қоян асырау, шаштараз, сауда үйі, дәмхана, монша, автосервис, брусчатка жасау цехы.
2018 жылы «Бастау-Бизнес» жобасын 245 тыңдаушы аяқтады, олардың 61-і жеке кәсіпкерліктерін ашты. 61 тыңдаушының 47-сі «Ауылшаруашылығы қаржылай қоры» АҚ Ақтөбе филиалынан, біреуі «Ақтөбе-Несие» несиелік серіктестігінен, біреуі «Алға» несиелік серіктестігінен несие алса, аз қамтылған 12 тыңдаушы алғаш рет аудан көлемінде өз кәсіпкерлігіне қайтарымсыз гранттар алды.
Негізгі бағыт — ауыл шаруашылығы, жылыжай (Бозой), тігін (5 түрлі бағыт-қыз жасауы, киімдер тігу, оқушылар формасы, көрпе-көпшік, жаңа туған балаларға-ползунки), шаштараз, жүк тасымалы, погрузчик (арнайы техника). Екі адам — Клара Исмагамбетова ешкі асыраумен, Жанерке Бекмурзаева қоян асыраумен айналысады. «Бастау» жобасын аяқтаушылардың бірінші республикалық форумына қатысты. Форумның жас кәсіпкерлер үшін қалай бизнесін көтеруге зор ықпалы болды. Клара Исмагамбетова 600,0 мың теңге несиесін уақытынан бұрын жауып, 3,0 млн. теңге жаңа несие алды, енді сауын ешкілер санын 100-ге дейін жеткізіп халықты ешкі сүтімен қамтамсыз ету көлемін көтергелі отыр.
2019 жылы «Бастау Бизнес» жобасын 1 топ 58, 2 топ 33, 3 топ 29 тыңдаушы, барлығы — 120 тыңдаушы аяқтады және олар нақты нәтижелерге жетуде. Нақтылап айтсақ, 2 топ түлегі Нұрбек Серімбетов 1,8 млн. теңге несие алып «Шиномонтаж» қызметінің көлемін ұлғайтып отыр. Куляшхан Құдайбергенова өз мамандығы бойынша массаж кабинетін, Сағира Изимова ұлттық нақыштағы ұлттық киімдер тігін цехын ашты.
«Бастау-Бизнес» жобасы арқылы тыңдаушылар қаржылай да қаржылай емес те көмек ала алады. Кейбір азаматтар «Кәсібіңді неге ашпайсың» деген сұраққа «айналымға қаражат жоқ, несие алу үшін көп жүру керек» деп жауап береді. Ондай жандарға айтарымыз «Бастау-Бизнес» жобасы қаржылай өз кәсібін ашатын тыңдаушыларына толық көлемде қаржылай көмек алуға көмектеседі, яғни тыңдаушылар оқу барысында өз бизнес-идеяларын таңдап кәсіп ашам десе, мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында оларға несие немесе грант (қайтарымсыз қаражат) алу үшін бизнес-жоспар жасауға, қаржы институттарына құжаттарын дайындауға көмектеседі.
Кәсіпкерлікті бастау үшін тек қаражат керек деп ойлау қате, оның басқа да жақтары бар. Осы бағытта тыңдаушыларға несие, грант дайындаудан бастап, өз кәсібін ашып, жүргізу кезінде нақты қаржылай емес көмек көрсетіледі. Қаржылай емес көмек деген не? Ол әрбір өз кәсібін ашқан тыңдаушыларға 12 ай бизнесті сүйемелдеу, салық есептілігін тапсыруға, заңды құқықтарын қорғауға, шетелге оқып тәжірибе алғысы келетіндерге стажировкаға жіберу.
«Бастау-Бизнес» жобасын оқу барысында тыңдаушылар өз бизнесін қалай ашу керек, қандай кәсіпкерлік түрін таңдау керек, клиенттерді қалай тарту керек, өнімдерін (көрсететін қызмет түрлерін) кімге, қалай сату

керек, қандай бизнес түрін ашу, қандай салық режимдерін таңдау керек, бизнес-жоспар, қаржылық жоспар жасауды үйренеді.
2019 жылғы 15 шілдеден бастап 18-29 жас аралығындағы жастарға арналған «Жас кәсіпкер» бағдарламасы жүзеге асырылады. Бұл бағдарламаға аз қамтылған, көп балалы жанұя мүшелері, мүгедектер қатыса алады. Оған қатысушылар өз кәсібін ашып қаржыландыру үшін жеңілдетілген несие, грант ала алады. Тыңдаушылар сонымен қатар оқу стипендиясымен қамтамасыз етіледі.
2019 жылғы 1 шілдеден бастап «Бастау- Бизнес» жобасына қатысуға өтініш тапсыруларыңызға болады. Ол жобаға зейнет жасына дейінгі жұмыссыздар, мүгедектер, жас кәсіпкерлер қатыса алады. Қатысушылар стипендиямен қамтамасыз етіледі. «Бастау- Бизнес», «Жас кәсіпкер» жобаларының қорытындысы бойынша сертификат беріледі. Бағдарлама 2021 жылға дейін жүзеге асырылады, сондықтан өз кәсібін ашқандарға бизнесін жүргізуге қолайлы жағдай жасалып сүйемелдеу жүргізіледі. Жылдан-жылға бизнестің көлемін ұлғайтып, осы мезгіл ішінде өз кәсіптерін қайта-қайта қаржыландыру мүмкіндіктерін пайдалана алады.

Бақытжан АНАПИН,
«Атамекен» ҰКП «Бастау-Бизнес» жобасының Шалқар ауданы бойынша бизнес-тренері.