Облыс әкімі Оңдасын Оразалин кезекті іссапарымен Шалқар ауданында болды. Алдымен өңір басшысы Тоғыз ауылдық округі орталығында жаңадан салынған №7 орта мектептің ашылу салтанатына қатысып, ауыл тұрғындарының қуанышымен бөлісті. Дені теміржолшылардан құралған стансадағы халықтың ахуалы жақсы, теміржолдағы жұмыстарымен қоса мал шаруашылығын өркендетуді де қолға алған. Облыс басшысы ауыл үлкендерімен есендесуде олардың тарапынан осындай берекесі бар елдің сөзін тыңдады
— Тәуелсіздік алған жылдардағы ел экономикасын өркендетуге арналған түрлі бағдарламаларда білім саласы назардан тыс қалған емес. Ауыл, елді мекендердегі білім ошақтарының жағдайы жыл санап жақсарып, сапалы білім беруге мүмкіндіктер туды. Болашақты білімсіз елестету мүмкін емес. Жақсы тәрбие осындай кең де жарық, заман талабына сай жасақталған мектептерде қалыптасары сөзсіз. Өкінішке орай, егемендіктің елең-алаң шақтарында бұндай жағдайлар болған жоқ. Десек те ауыл ұстаздары табандылық танытып, білім нәрімен шәкірттерін сусындатты.
Жаңадан бой көтерген мектептің іші қуанышқа толсын, білім бәсекесінде ауылдарыңыздың мерейі әрқашан үстем болсын, — деді құттықтау сөзінде өңір басшысы.
Ауылға сән берген №7 орта мектептің жаңа ғимараты 120 оқушыға арналған. Бұнда балалардың спортпен шұғылдануына, түрлі үйірмелермен қамтылуына барлық жағдайлар жасалған. Құрылысын жүргізіп, межелі уақытында бітірген «Атамекен» ЖШС директоры Жаңабай Мусаханов білім ошағының символикалық кілтін мектеп директоры Гүлсайран Ибраеваға салтанатты түрде табыстады. Гүлсайран Намазбайқызының сөзінше, қазіргі таңда мектепте 150 бала бар. Жыл сайынғы ҰБТ нәтижесінде мектептің көрсеткіші де көңіл көншітеді.
— Бұрынғы мектебіміз 1930 жылы салынған ғимаратта болды. Ауылымыздан жаңа мектептің салынуы қуанышты жағдай. Осы күнді Тоғыз ауылдық округінің тұрғындары қаншама жылдар күтті, неше жылдан бергі біздің өзекті мәселемізге айналды, енді міне сол күндердің бәрі артта қалды. Бұл да Тәуелсіздігіміздің жемісі. Осы істің орындалуына ұйытқы болған барша атқамінер азаматтарға алғысымыз шексіз, — дейді мектеп директоры.
Облыс әкімі Оңдасын Оразалин, аудан әкімі Бауыржан Қаниев, облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева бастаған бір топ азаматтар жаңа білім ошағының ішін аралап, мектептің педагогикалық ұжымымен тілдесті.
Ауыл ақсақалы Шеріп Көпешов ауылға табан тіреген аймақ басшысына алғысын айтып, батасын берді. Ақ жаулықты аналарымыз қуанышты сәтте шашуларын шашып, ауыл өнерпаздары жыр мен күйді қалықтатты.
Бұдан соң облыс әкімі қала іргесіндегі Мырзағұл Шыманұлы ауылында жаңадан салынған 60 орындық Сарықамыс негізі орта мектебінің ашылу салтанатына қатысты. Бұл шағын мектеп те заман талабына сай жасақталған. Таяу жылдардан бері көгілдір отынның игілігіне кенелген ауыл тұрғындары енді жаңа мектептің бой көтергеніне қуанышты. Оңдасын Сейілұлы мектептің ашылу салтанатына жиналған барша тұрғындарды айтулы сәтпен құттықтап, елімізде білім саласында жасалып жатқан игі қадамдарға тоқталды. Пайдалануға берілгелі тұрған жаңа ғимаратты сол нақты қадамдардың жемісіне балап, мектеп ұжымына енді шәкірттерге сапалы білім беріп, саналы болашақ тәрбиелеуге мол мүмкіндіктер бар екенін айтты. Жаңа мектептің символикалық кілтін құрылысын жүргізген «Ерзат» өндірістік кооперативінің өкілі мектеп басшысы Ұлан Ниязға тапсырды. Осы мектепте оқыған аға буын түлектер де қуанышты шараның басынан табылып, бір-бірімен емен-жарқын дидарласты. Себеппен бастары қосылып, ауылдастарының қуанышына ортақтасқандықтарына бәрі де дән риза.
Мектеп түлегі, Қазақстанның құрметті журналисі Жаңғабыл Қабақбаев ағамыздың осы шарада оқылған мына бір жыр шумақтары, барша аға буын түлектердің ауылына, мектебіне деген сағынышын дөп жеткізгендей болды:
Жетінші ауыл — көңілімнің құштары,
Елу бес жыл сенен жырақ ұшқалы.
Майда лебің маңдайымнан сипаған
Жүрегімнің түкпірінде қыстады.
Құттықтаймын қонысыңмен, мектебім,
Өтті өзіңде ерке сылқым көктемім.
Біліміңді тұмар етіп, түйдім де
Талаптанып, болашаққа беттедім.
Елестейді ертегідей балалық
Ұстаздарды құдіретке баладық
Сегіз жылдық куәлігін қолға алып,
Тәтті арманмен әр қиырға тарадық.
Аққан судай жылдар өтті қаншама
Заманменен толықсыды ой-сана
Жүрген жерде Сарықамыстың мектебін
Мақтанышпен айтып жүреміз баршаға.
Егде тарттық, бурыл шалды самайды,
Жаңа ғасыр нұрға бөлеп маңайды.
Шәкірттері алтын ұя — мектептің
Уақыт көштен қалмағанын қалайды.
Аймақ басшысы жаңадан салынған Сарықамыс негізгі орта мектебінің бөлмелерін аралап, құрылыс сапасына, жабдықталуына ден қойды.
Қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев ауданға облыс әкіміне соңғы жылдары ауданда атқарылып жатқан игілікті істерді айтып, ардагерлер атынан алғысын білдірді.
Аталған осы екі мектептің де ашылу рәсімдерінде оның директорлары облыс әкімінің қолынан қажетті құрал-жабдықтар сатып алуға қомақты қаржылай сыйлықтың сертификаттарын алды.
Бегімбет ауылдық клубының ашылу салтанатына да облыс басшысы арнайы барып қатысты. Қуанышты шараның шымылдығын қазанғаптанушы, белгілі күйші Нұрболат Жанаманов Қазанғаптың күйі «Ноғайлының жыр күйімен» ашты.
— Қандай да халықтың өзінің тілі, діні, салт-дәстүрі, мәдениеті болады. Әрбір елдің болмысы сонымен ерекшеленіп тұрады. Мәдениет саласының орны айырықша. Ал оны жаңғырту жолында жыл сайын үкіметтен нақты міндеттер жүктеліп келеді. Ауылдарыңызда мәдени ошақтың бой көтеруі сол міндеттерден туындаған бірегей көрініс. Мәдениеті жоғары елдің болашағы да жарқын болары сөзсіз.
Қазір Димашымыздың өнеріне бүкіл әлем тәнті болуда. Ол қазақ елінің мақтанышына айналды һәм елімізді әлемге танытуға зор үлесін қосуда. Жаңа ғана күмбірлеген Қазанғаптың күйлерін бәріміз де бала кезден естіп өстік. Төл мәдениетімізге жастайынан қанығып, руханиятымызға терең бойлаған ұрпақтың келешегі де кемел болары сөзсіз. Ол үшін алдымен мәдени саламыз ақсамауы тиіс, әрбір ауыл аймақта осындай талапқа сай мәдени ошақтары болуы кезек күттірмейтін мәселе. Алда осы ауылдан да есімі алты алашқа мәлім өнер таланттары шықсын деп тілегімді білдіремін, — деді облыс әкімі.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Алмас Сүлеймен жаңа ғимараттың құрылысын жүргізген «Блок Н» ЖШС өкілі Жаңабек Амановтың қолынан клубтың символикалық кілті мен аймақ басшысынан музыкалық құрылғының сертификатын алды.
Ауыл тұрғындары, еңбек ардагерлері Тиыштықбай Бортаев пен Задагүл Хангереева облыс әкіміне елдегі оң ахуалды сөз етіп, игілікті істердің басы-қасында жүрген жергілікті биліктегі барша азаматтарға алғысын білдірді.
Облыс әкімі сапар барысында Есет-Дәрібай кесенесіне арнайы бұрылып, әруақтар рухына құран бағыштады.
Сондай-ақ, Есет Көтібарұлы ауылдық округіне қарасты «Нұралы» шаруа қожалығына аялдап, жұмысымен танысты.
Бүгінгі таңда 460 бас ірі қара, 820 қой өсіріп отырған шаруашылық, биыл мемлекеттік «Сыбаға» бағдарламасы аясында 60,0 млн. теңге несие алып, Ресейден 105 бас абердин-ангус тұқымды аналық алып келген. Сондай-ақ қазір 5000 басқа дейінгі мал бордақылауға арналған кешен салынып жатыр. Инвестиция көлемі 300,0 млн. теңгені құрайтын кешеннің құрылысы биыл аяқталмақ. Өткен жылы мал сою және ет өңдеу цехын іске қосқан. Инвестиция көлемі 147,0 млн. теңге болатын кәсіпорын жылына 1000 тонна сиыр етін, 400 тонна қой етін өндіреді.
Аймақ басшысы ауылдарда болған осы сапарларында тұрғындар тарапынан: «Ауданымызда соңғы жылдары қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Кеңес үкіметінен бері өзекті мәселеге айналған жолдардың біртіндеп жөнделуі, қала көшелеріндегі жолдарға тас жамылғыларының төселуі, ауыз су мәселелерінің шешілуі сияқты, т.б. нақты істер бар» деген риясыз тілектерін естіді. Өлкемізге ортақ өзге де шешімін таппай жүрген мәселелердің таяу уақытта шешілетініне көзі жетті.
Бір күндік іссапарында облыс басшысы өлкеде атқарылып жатқан осындай игі істерді бағамдап, оң бағасын берді.
Мұхтар МЫРЗАЛИН,
«Шалқар».