СОҒЫС АРДАГЕРІНЕ КӨШЕ АТАУЫ БЕРІЛДІ

Шалқар ауданынан Ұлы Отан соғысына аттанып, отты жылдардан өтіп, ерлікпен шайқасқан соғыс және еңбек ардагері Төлеу Көшербаевқа Шалқар қаласында өзі тұрған Олимпийский көшесінің атауы қала әкімінің шешімімен өзгертіліп, берілді. Яғни, Олимпийский көшесі бұдан былай Төлеу Көшербаев есімімен аталатын болды.
Соғыс және еңбек ардагері Төлеу Көшербаев 1922 жылы 10 сәуірде Шалқар ауданына қарасты Көкжар колхозында дүниеге келген. Алғаш Қалияр, қазіргі Қайыр ауылындағы жетіжылдық мектепке оқуға барып, оны үздік аяқтайды. Бұдан соң Ақтөбе қаласындағы педучилищеге оқуға түседі. Бірақ қуанышы ұзаққа бармайды, радиодан Ұлы Отан соғысының басталғаны туралы хабар таратылады. Ол 1941 жылғы желтоқсан айында армия қатарына алынады. Ақтөбе қаласындағы №101 ерекше атқыштар бригадасының құрамында 4-5 ай соғысқа дайындалып, 1942 жылдың мамыр айында аталған бригаданың құрамында алғаш соғыс майданына түседі. Төрт жыл бойы жан алысып, жан беріскен соғысқа қатысады. 1945 жылы Латвия мемлекетінде Жеңіс күнін қарсы алады. 1946 жылы желтоқсан айында аман-есен елге оралып, еліміздің дамуына өз үлесін қосады. Шетырғыз ауылдық кеңесінде хатшы, бас есепші қызметтерін абыроймен атқарады.
Соғыс ардагерінің атына берілген көшенің ашылу салтанатында алғаш сөз алған қала әкімі Гүлсім Мұқанова көше тұрғындарын, марқұм Төлеу атаның балаларын, тума-туыстарын бүгінгі қуанышты сәттерімен құттықтап, ендігі жерге осы көшені соғыс ардагерінің атына лайықты таза, көрікті етіп ұстауға шақырды. Тыл ардагері Оразбай Әділбаев Ұлы Отан соғысы кезінде барлаушы болған Төлеу Әбділдаұлының өз аузынан естіген ерлік істерін баяндады. Соғыстан кейінгі жылдардағы күйреген шаруашылықты қайта қалпына келтіру кезеңіндегі жанқиярлық еңбектерін, ол кісінің адамгершілік қасиеттерін атап өтті. «Төлеу Көшербаевқа көшенің атын беру өте лайықты іс болды», — деп аяқтады сөзін. Шетырғыз ауылдық округі ардагерлер ұйымының төрағасы Ертай Смағұлов Төлеу ақсақалдың көпке үлгі боларлық еңбек жолына тоқталды. Ол кісінің қолы жомарт, қайырымды жан болғанын айтты. Мұқтаж жандарға көмегін аямаған жақсы ағаның аты өшпестей болып қалғанына қуанышты екенін жасырмады. Осы игі істі ұйымдастырған ұрпақтарына, оны қолдаған аудан басшылығына алғысын жеткізді.
Ардагерлер О.Әділбаев пен Е.Смағұлов көше басына қойылған Төлеу Көшербаевқа арналған ескерткіш-белгінің лентасын қиып, пердесін ашқаннан кейін шашулар шашылып, көше тұрғындары бір-біріне құтты болсын айтып, естелік суреттерге түсті.