ҰЛЫ КҮЙШІНІҢ ТУҒАН ЖЕРІНЕ САЯХАТ

«Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар», «Ұлы даланың жеті қыры» мақалаларын жүзеге асыру мақсатында аудандық тарихи-өлкетану музейі мен Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің жұмыс жоспарына сәйкес күй жанрында өзгеге ұқсамайтын өзіндік қолтаңбасы, орындаушылық дәстүрі бар, күйші-композитор Қазанғап Тілепбергенұлының 165 жылдығына орай №8 орта мектебінде «Саз зергері — Қазанғап» тақырыбында облыстық семинар өтті. Шараға арнайы келген ҚР Мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық музыка академиясы дәстүрлі өнер кафедрасының доценті, күйші, өнер зерттеушісі Мұрат Әбуғазы, Халықаралық, республикалық конкурстардың лауреаты, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқытушысы Асылбек Кенегесов, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, Ақтөбедегі Қазанғап балалар өнер мектебінің оқытушысы Тельман Ермағамбетов, Қазанғаптанушы, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Шалқар өңірінің төл перзенті Нұрболат Жанаманов және аудан, мекеме басшылары, қала мектептерінің мұғалімдері, оқушылар, саз мектебінің ұстаздары, музей қызметкерлері қатысты.

Аудан әкімінің орынбасары Мақсат Әлібеков, саз мектебінің директоры Зульфира Абилова құттықтап, шараға қатысушыларға сәттілік тіледі. Семинар барысында сөз алған ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері, музей директоры Н.Тлембаева шараның мақсатымен таныстырды, келген қонақтарға алғысын білдірді. Көрермендер тарапынан сұрақтар қойылды. Сөз алған Нұрболат Жанаманов Сәдуақас Балмағамбетовтың «Күй дастаны» атты кітабын музей қорына тапсырды. №2 мектеп-гимназиясының психологы З.Исакова көрермендерді бір сәт сергіту мақсатында тренинг ұйымдастырып, Мұрат Әбуғазының шеберлік сабағы жалғасын тапты. Ұлы күйші Қазанғаптың өзі дүниеден өткенімен артына өлместей мұра етіп қалдырған күйлерін шәкірттерінің бірі Сәдуақас Балмағамбетов арқылы біздің заманымызға жеткен күйдің әрқайсысының атына, мазмұнына сәйкес екпінін, әуенін өзгертіп жеткізе білген ағамызды «Тірі Қазанғап» деп бекер айтпаған. Олай дейтін себебіміз Қазанғаптың күйлерін Сәдуақас Балмағамбетов арқылы үйреніп, орындап жүрген Нұрболат ағамыз. 

Шара барысында өнер зерттеушісі Мұрат Әбуғазы өзінің орындаушылық қабілетінің артуына, өзіндік қолтаңбасының қалыптасуына зор үлес қосқан Сәдуақас ағадан үйренген адам жанын тебірентерлік назға, қуаныш пен махаббат лирикасына толы, терең мағыналы, әуен жағынан құбылып, құлпырып тұратын Қазанғаптың бірнеше күйлерін орындап, тыңдарман қауымды тәнті етті. 

Екі күнге жоспарланған шараның жалғасы Айшуақ елді мекенінің Ақбауыр құмындағы Қазанғап Тілепбергенұлының кесенесіне «Күй шешені — Қазанғап» тақырыбында экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция мүшелерінің мақсаты — ата-бабамыздан ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан күй мұрамызға құрметпен қарау, мақтан тұту, дамыту, насихаттау және бабамызға тағзым етіп, құран бағыштау.

Бұл күн музей қызметкерлерінің мерекесі—  Халықаралық музейлер күні болатын. «Өткеніңді білмейінше, болашағыңды болжай алмайсың», дегендей, бар өнерін бармақтың басына, тілдің ұшына қондырған халқымыздың көп шежіресі, көнекөз естеліктері мен жәдігерлерінде жатыр. Музей қызметкерлерінің мемлекетіміздің мәдени құндылықтарын іздестіру, зерделеу және ғылыми тұрғыда зерттеу мақсатында түрлі экспедицияларға шығып, өткен тарихымызды ақтара қарап, бүгінгі күннің көкейкесті сауалдарына жауап іздеп шығуымыздың басты себебі осы.

 Әне-міне дегенше Айшуақ елді мекеніне де келіп жеттік. Әрі қарай құмнан өтіп кесенеге баруғаайшуақтық Арман Сәдуовтыңзор көмегі тиді. Айналаның табиғаты тамаша, кең жазиралы жайлау. Күйдің құдіреттілігі бір басқа, өзі де тегін адам болмаса керек. Жапан далада жалғыз тұрған кесенеге Айшуақ ауылдық округінің әкімі Оралбек Әбшановтың жөндеу жұмыстарын жүргізгенін көріп, көңіліміз толды. Әрине, бұның өзі үлкен құрмет. Мың естігеннен бір көргенге не жетсін?!

Гүлсара СЕЙІЛОВА,

аудандық тарихи-өлкетану музейінің экскурсия жүргізушісі.