ЖАС ТҮЛЕКТЕР АРМАНҒА ҚАНАТ ҚАҚТЫ

17 маусым күні қаламыздағы орталық саябақта мектеп бітірушілердің «Жас түлек — 2019» фестивалі өтті. Қуанышты сәтке ұстаздар, ата-аналар, жалпы қала тұрғындары ортақтасып, өздерінің ақ ниет-тілектерін білдірді.

Саябақта орын тепкен әсем безендірілген сахна алдындағы алаңда аудан мектептерінің сәнді киінген түлектері келіп, сап түзеді. Жүргізушілер әр мектеп түлектерінің оқуда, білім, спорт сайыстарында жеткен жетістіктерін жиналған жұртшылыққа жар салып, хабардар етті.

Фестивальдің ашылу салтанатында сөз алған аудан әкімі Бауыржан Қаниев үлкен өмірге қадам басқан мектеп бітірушілерге сәттілік тіледі:

— Білім ордаларына «Тарыдай болып кіріп, таудай болып шыққан» құрметті түлектер! Бүгін Сіздер 11 жыл білім алған алтын ұяларыңмен қоштасып, ұстаздар сүйікті шәкірттерін өмірге қанаттандырды, үлкен өмірге жолдама алғалы тұрсыздар. Егеменді еліміздің болашағы — Сіздердің қолдарыңызда. Сондықтан да қай кезде де терең білім алу жолында жалықпай, талмай ізденіп, ел тізгінін ұстайтын азамат болыңыздар!

Биыл аудан бойынша 437 түлек бітіргелі отыр. Оның ішінде 54 «Алтын белгі» иегерлері болса, 30-ы «Үздік аттестат» иеленіп отыр. 283 түлек ҰБТ тапсыруға ниет білдірді. Бұл сыннан сүрінбей өтеді деген сенім мол. Аудан түлектерінің ішінде екі түлекке облыс әкімі атынан грант берілді. Олар: Қорғантұз орта мектебінің түлегі Рысжан Ғалымжанова Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің филология факультетіне, Ақтоғай орта мектебінің түлегі Ләззат Әбдімұрат Ақтөбе медицина колледжіне ие болды. №8 орта мектебінің түлегі Жасұлан Шармақов облыс әкімінің 500 мың теңге ақшалай сыйлығымен марапатталды.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша облыстық олимпиадаға 35 оқушы қатысып, Шалқар ауданы «Үздік команда — 2019» кубогын иеленіп, І орынға шықты. «SPORT FEST» республикалық спартакиадасында Шалқар ауданының құрама командасы Ақтөбе облысы атынан шығып, футзал спорт түрінен бас жүлдені жеңіп алды. Жеңімпаздар грамота, медаль, кубокпен және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Еліміздегі игiлiктердiң барлығы жас ұрпақтың келешегi үшiн жасалып жатыр.  «Ауылына қарап, азаматын таны» дегендей, Сіздер қайда жүрсеңіздер де «Туған жерім, Шалқарым!» деп мақтан етуге тиiссiздер. Туған елдің мәрте­бесiн арттыратын Сіздерсiздер! Қадамдарыңызға сәттi сапар мен құтты қадам тiлеймін, — деді аудан әкімі.

Мектеп бітіруші түлектердің аудандық «Жас түлек — 2019» фестивалінің туын көтеру құрметіне «Алтын белгі» иегерлері №4 орта мектеп түлегі Әділет Ділманов, №3 орта мектеп түлегі Рамазан Жалғасов, №1 мектеп-гимназиясының түлегі Дәулет Қарабалин, Ә.Жангелдин атындағы орта мектеп түлегі Бақдәулет Сақан ие болды.

Аудан әкімі «Алтын белгі» иегерлерін марапаттады. Оларға Алғыс хаттар мен ұялы телефон сертификаттарын табыстады. Сонымен бірге, келешегінен зор үміт күттірген түлектеріміздің бірі, «Алтын белгі» иегері, республикалық С.Елубаев сыйлығының «Күміс белгі» иегері, грек-рим  күресінен Халықаралық сайыстардың жүлдегері, ҚР спорт шеберлігіне үміткер, оқушылар арасында ең алғаш Шалқар қаласының «Жыл адамы» атағының иегері, №8 орта мектептің түлегі Жасұлан Шармақовқа 300 мың теңге ақшалай марапат жасады. Сонымен қатар, мектептерде «Үздік аттестат» иегерлеріне аудан әкімінің Алғыс хаттары берілді.

Фестиваль барысында: — Ұлы бабалар рухынан қуат алған, Ұлы дала елінің ендігі мақсаты — Мәңгілік ел болу. Мәңгілік елдің мұраты — Отанға деген шексіз сүйіспеншілік, жанқиярлық ерлік, ата тарихқа деген адалдық! Ендеше, әрбір жас түлек: «Елім маған не береді деп емес, мен еліме не беремін?» деген мақсатпен өмір сүргенде ғана алынбайтын асу, бағынбайтын белес болмайтыны сөзсіз. Дүниеде бақыт дегеннің өзі бағалай білгеннің, барға қанағат еткеннің басына тұрақтайды. Жыраққа жол бастарда туған жеріңді, құт дарып, кие қонған шырайлы Шалқар топырағын аялай біліңіздер! Туған жерге туыңды тік, мәңгілік елдің ұрпақтары! — деген жалынды сөздер айтылып, жас түлектердің болашаққа, үлкен өмірге деген жігерін жаныды.

Шалқар елінің мерейін көтеріп жүрген ән «Шалқар вальсі» шырқалды. Бұдан соң «Адал ұрпақ» клубының белсенді мүшесі, аудандық, облыстық спорт, білім бәсекелерінің жеңімпазы, №8 орта мектептің түлегі Абзал Рамазанов үндеу жолдап, қасиетті Шалқар топырағынан түлеп ұшқан жастарды қалаған мамандықтары бойынша білім алып, өмірден өз орындарын тауып, елге, Отанға адал қызмет етіп, туған жердің мерейін көтеруге шақырды.

Мектеп бітіруші Мөлдір Серікбаева «Қош бол, мектебім!» әнін шырқап, әсем киінген жас түлектер вальс ырғағымен би биледі. №8 орта мектеп оқушылары рэп биін биледі. Салтанатты сәт арнайы әзірленген концерттік бағдарламамен ұласып, алтын ұя мектеппен қоштасар кездің қимастыққа толы сырлы әуендерімен өрбіді. Түлектер осы ұмытылмас сәттерінде қимас жандармен бірге естелік суреттерге түсті.

Биылғы жас түлектер фестивалі Тұңғыш Президентіміз — Елбасы Н.Назарбаевтың Жарлығымен жарияланған Жастар жылымен тұс келіп отыр. Бұл атаулы жылдың биылғы мектеп бітірген жас түлектерге серпінді күш-жігер берері сөзсіз. Сонымен қатар, жаңаша атауға ие болған Нұр-Сұлтан қаласында әлемдік, саяси, мәдени шаралардың өтуі — еліміздегі тұрақтылық пен бірліктің айнасы.

Жалынды жастар мерекесінің өн бойында әндер шырқалып, аспанға бейбітшілік құстары ұшырылды. Дүркін-дүркін отшашулар шашылып, соңы би кешіне ұласты.

Қыдыралы ӘЛИН, «Шалқар».

ЖАС ТҮЛЕКТЕРГЕ — АҚ НИЕТ, ТІЛЕКТЕР

Аққасен ТӨЛЕУОВ, еңбек ардагері:

— Немерем Назгүл №2 мектеп-гимназиясын «Алтын белгімен» тәмамдап, бізді үлкен қуанышқа кенелтуде. Назгүл — тұңғыш немерем. Шет тілі мамандығын таңдап отыр.

 Үстіміздегі жылдың сәуір айында Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің шетел тілдері факультетінде «Рухани жаңғыру» бағдарламасы және «Жастар жылы» аясында «Ел болашағы — жастар» атты облыстық ағылшын тілінде өткен пікірсайыс турнирінде жүлделі ІІІ орынды иеленіп, 1 жылдық оқу ақысына 25 пайыз жеңілдік берілген аталған университет Сертификатына ие болды. Қазір оқимын, білім аламын, еңбек етемін деген жастарға жол ашық, мемлекет тарапынан мүмкіндік мол. Түлектерге ақ жол және сәттілік тілеймін.

Аймереке НИЯЗОВА,

Қарашоқат орта мектебінің түлегі, «Алтын белгі» иегері:

— Үйдің тұңғышымын. «Алтын белгі» иегері атанып, үлкен қуанышқа кенелуіме септігін тигізген — алтын ұя мектебіме, 11 жыл бойы білім нәрімен сусындатып, тәлім-тәрбие берген аяулы ұстаздарыма шексіз алғысымды білдіремін. 

Алдағы күнде физика саласы бойынша оқуға түсуге талаптанып отырмын. Бұл мамандықты таңдаған себебім, болашақта робототехник болғым келеді. Бүгін — мен үшін ерекше күн. Қуанышымда шек жоқ. Биылғы мектеп бітіруші өзім тектес құрбы-құрдастарыма алдағы ҰБТ-ны ойдағыдай сәтті тапсырып, қалаған мамандық иелері атануларына тілектестігімді білдіремін.