Білім

Музей — біздің тарихымыз

Қызылту негізгі орта мектебінің 5-6 сынып оқушылары «Біртұтас тәрбие бағдарламасы» аясында аудандық тарихи-өлкетану музейінде болды. «Музей — біздің тарихымыз» тақырыбында өткен экскурсияның мақсаты — оқушыларға музейдің таусылмас қазына екенін ұғындырып, тарихты, ескі табиғи заттардың қадір-қасиетін, өткен мен болашақты жалғастырушы екенін түсіндіру.

Музей қызметкерлері үлкен ілтипатпен қарсы алды. Жан-дүниеңді байытатын ғимарат ішінен жайлылық сезіледі. Мұнда көптеген жәдігерлер сақталған. Адамның рухани дамуының бірден-бір мүмкіндігі өмір болмысын, халық тағдырын бейнелейтін  музей екені белгілі. Кеше мен бүгінгінің айшықты тұстарын жаңғыртып, олардан белгі болып қалған жәдігерлерді сақтап, ұрпаққа жеткізіп отырған музейдің өзіндік тарихы бар.

Рухани құндылықтармен танысып, ғылыми тұрғыда зерттеп, оның нәтижелерін насихаттауда, осы негізде тәлім-тәрбие беруде музейдің маңызы зор. Оқушылар аудан тарихымен, көне жәдігерлермен, осында еңбек еткен тұлғаларымыздың өмірбаянымен танысты. Ұлттық аспаптарымыздың көптеген түрлерін, көне қару-жарақтар, басқа да құндылықтарын көрді. Көрмеге жақын маңдағы қорғандардан табылған қару-жарақ, зергерлік бұйымдар және басқа да заттар қойылған. Бұл жәдігерлер аймақтың алғашқы тұрғындарының өміріне шолу жасап, олардың әдет-ғұрыптары мен дәстүрлері туралы маңызды түсініктер береді. Музейде қола дәуірі жәдігерлерінен басқа қазақтың дәстүрлі киімдері, оның ішінде ашық түсті көйлектер мен әсем кестеленген күртешелер де қойылған. Қазақ мәдениетінің маңызды бөлігі саналатын домбыра сияқты дәстүрлі музыкалық аспаптарды да тамашаладық.

Аудандық тарихи-өлкетану музейінде сонымен қатар аймақтың жаңа тарихына арналған экспонаттар да бар. Жергілікті экономика, оның ішінде мал шаруашылығы мен егін шаруашылығының маңыздылығымен танысып, киіз басу, кілем тоқу сияқты дәстүрлі үлгілерімен экскурсия жүргізушісі А.Қуанжанова таныстырды. «Тарих сыр шертеді» атты дөңгелек үстелге қатыстырып, тарихымызға қатысты көп мәлімет берді, оқушылар сұрақтарын қойып, ойларын ортаға салып, пікір алмасты. Әрбір жәдігер сыр шертіп тұр, музей — әр елдің тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін танытатын құндылық ордасы деген осы шығар.

Болашақ жастардың қолында дегендей, қарыштап дамыған Қазақстанның жастары білімді, мәдениетті болуға міндетті. Ұлт болуды, қазақтың жарқын болашағын қалыптастыруды мақсат тұтқан музей ұжымы жастарға құнды жәдігерлерден сыр шертіп, туып-өскен жерге деген сүйіспеншілігін арттырды.

 Гүлфия ЕРХАНАЕВА, Қызылту негізгі орта мектебінің шет тілі пәнінің мұғалімі.

Басқа материалдар

Back to top button