Ауыл шаруашылықБасты жаңалық

Президенттің несие беру рәсімдерін жеңілдету қажеттілігі туралы пікірі – уақытылы айтылған маңызды шешім

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың агроөнеркәсіптік кешен саласындағы жүйелі мәселелерге назар аударуы – ауыл шаруашылығының стратегиялық маңызын тағы бір мәрте айқындайды. Президенттің ауыл шаруашылығы саласын қолдау мен дамыту бағытында көтерген мәселелері еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, экспорттық әлеуетті арттыруға да ықпал ететіні сөзсіз.

Шаруаларды қолдау тетіктерін қайта қарау мәселесі – бұл саладағы негізгі басымдықтардың бірі. Президенттің несие беру рәсімдерін жеңілдету қажеттілігі туралы пікірі – уақытылы айтылған маңызды шешім. Өйткені шаруаларға қаржылық қолдау көрсету олардың егіншілік пен мал шаруашылығында өнімділікті арттыруына және жаңа технологияларды қолдануына жол ашады. Егіннің рекордтық көлемі алынғанына қарамастан, бағаның төмендеуі – нарықтағы теңгерімсіздіктің және тиімді қолдау жүйесінің жетіспеушілігін көрсетеді. Осыған байланысты қолдау тетіктерін қайта қарап, шағын және орта шаруашылықтар үшін несиелендіру рәсімдерін барынша оңтайландыру қажет.

Екінші мәселе – ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын дамыту. Бұл бағытта рентабельді дақылдарды өсіруді жалғастыру – экономикалық тиімділікті арттырудың басты шарты. Қазақстанның экспорттық әлеуеті жоғары өнімдерге, әсіресе ет өнімдеріне басымдық беруі ауыл шаруашылығының табысын арттыруға мүмкіндік береді. Президенттің малды вакцинациялау мен індетке қарсы шаралардың маңыздылығын атап өтуі де орынды. Өйткені ветеринарлық қауіпсіздік – өнім сапасы мен оның шетел нарығына шығу мүмкіндігінің басты кепілі.

Мемлекет басшысының бұл мәселелерді көтеруі – агроөнеркәсіптік кешеннің әрі қарай тұрақты дамуын қамтамасыз етуге бағытталған стратегиялық қадам. Несие беру рәсімдерін жеңілдету, экспортқа қолдау көрсету және ветеринарлық қауіпсіздікті нығайту мәселелері шешімін тапса, қазақстандық шаруалар әлемдік нарықта бәсекеге қабілетті өнім өндіруге мүмкіндік алады. Бұл ретте, шаруаларға жасалған қолдау мен үкіметтік бағдарламалардың тиімді жүзеге асуы – еліміздің аграрлық саласын жаңа деңгейге көтеретін басты фактор.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы – ел экономикасының қозғаушы күші. Сондықтан осы салаға бағытталған барлық реформалар халықтың әл-ауқатын арттыруға, ауылдық аймақтардың дамуына және еліміздің экспорттық әлеуетін күшейтуге үлкен үлес қосатынына сенімдіміз.

Дәурен Даутов, «Дәурен» шаруа қожалығының төрағасы.

Басқа материалдар

Back to top button