АУДАН ӘКІМІ АУЫЗАШАР БЕРДІ

Биылғы қасиетті Рамазан айы күннің ыситын мезгіліне таяу келгенмен, әзірге тылсым табиғат жайлы мінез танытып тұр. Ораза — мұсылман үшін парыз, ал оны ұстау — үлкен сын. Алайда Алланың разылығы үшін таң қараңғысында ауыз бекітіп, 18 сағаттай өз парызын адал атқаратындар қатары жыл санап өлкемізде көбейіп келеді. Әсіресе, мұсылманның осы бір парызын орындауға ұмтылған жастар қарасының ұлғайғаны қуантады.

Бірер күн бұрын ауызашарды аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің өзі ұйымдастырып, отбасы атынан қаламыздағы «Жанель» мейрамханасында дастарқан мәзірін әзірлетіп, сауапты іс жасады. Оған ел ақсақалдары, ақ жаулықты аналар, ораза тұтып жүрген жамағаттар қатысты.

Тыл ардагері Қартбай Қабақбаевтың ақ батасынан кейін аудан әкімі Б.Қаниев дастар-қан басындағы жұртшылықты он екі айдың сұлтаны — қасиетті Рамазан айымен құттықтады. «Әрбір шаңыраққа имандылық нұры ұяласын, еліміз тыныш болсын, жасампаз істеріміз көбейе берсін» дей келе, ауданымызда алда атқарылар жақсы істерді баяндады.

Ауызашар дастарқанында сөз алған Мәтей Қоқанұлы атындағы мешіттің бас имамы Бақыт Тойшыбаев «Рамазан — бірлік айы. Осы айда берілетін ауызашарлар ағайын-жұрттың арасын мейлінше одан әрі жақындастырып, ортақ мақсатқа үндейді. Алла Тағала пендесін «бөлінбеңдер!» деп бауырмалдыққа шақырған. Бұл айда адам баласы барлық жаман қасиеттерден ада болып, жақсылыққа жаны құмартуы тиіс», — деп ораза ұстау шартын түсіндірді.

Микрофон алған тыл ардагері О.Әділбаев, қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы А.Қалыбаев, еңбек ардагерлері Д.Елеусізов, Қ.Мұздақов, А.Төлебаев, Қ.Нұрмашев, М.Қосымов, Ғ.Сұлтанов, Б.Көрпебаева, т.б. Рамазан айының қадір-қасиетіне тоқталып, дәстүрлі дінге беріктік, жат ағымдар жетегіне ермеу жайын сөз етті. Ел ішінде ауызбіршілікті сақтап, ел тыныштығын, татулығын ту етіп, алдағы 9 маусым күні өтетін ел Президентін сайлауға біркісідей атсалысуға шақырды.

Имандылық төңірегінде әңгіме өрбіген дастарқан басында қасиетті Рамазан айында ауызашар дастарқанын жайған аудан әкіміне алғыстарын айтып, ризашылықтарын білдіріп, баталарын берді. Бас имам Б.Тойшыбаев әруақтар рухына арнап Құран бағыштады.

Аудан әкімінің бұл үлгісін оның орынбасарлары, бөлім, мекеме, кәсіпорын басшылары жалғап, мешіт асханасында, мейрамханаларда ауызашар беруді үрдіске айналдыруда.

Қыдыралы  Әлин, «Шалқар».