Алаяқтыққа жол бермейік!

Соңғы уақыттарда алаяқтықтың көп жасалуына байланысты, оның жиі кездесетін жағымсыз құбылысқа айналып кету қаупі туындап отыр. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 190-бабына сәйкес алаяқтық — бөтеннің мүлкін жымқыру немесе алдау, сенімді теріс пайдалану жолымен бөтен мүлiкке құқықты иемдену болып табылатынын назарларыңызға салғымыз келеді.
Талдау көрсеткендей, алаяқтық бірнеше әдістер және тәсілдермен жасалады. Қазіргі уақытта ең көп алаяқтық ғаламтор желісін пайдалану арқылы жасалады, бұл тәсілдер автоқосалқы бөлшектерін, ұялы телефондар және басқа да тауарларды ғаламтор желісі арқылы сатумен байланысты. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер немесе басқа да ғаламтор ресурстары арқылы (мысалы, «OLX», «Колеса», басқа да танымал сайттар) тауар сату туралы жалған хабарламалар таратып, есеп-шоттарына алдын ала төлем жасатып, кейін сатып алған тауарларын (автоқосалқы бөлшектер, басқа заттар) жолдаймыз деген сылтаумен ақшаларын жымқырған басқа облыс тұрғындарына қатысты бірнеше қылмыстық істер тергелуде. Сол себептен ғаламтор желісі арқылы тауар сатып алған уақытта өте мұқият болу қажет, танымайтын бөгде адамдардың есеп-шотына ақша аудара отырып, сіз алаяқтыққа ұрынуыңыз әбден мүмкін. Мұндай адамдарды анықтап ұстау өте қиын екендігін ескертеміз, көпшілік жағдайларда мұндай қылмыстар ашылмай қалады. Соңғы уақыттарда мемлекеттік бағдарламалар бойынша жеңілдетілген түрде арзан бағамен пәтер сатып алуға ықпал етемін деген жалған желеумен адамдардан алдап ақша алу деректері көп кездеседі. Ұялы телефондарды қоңырау шаламын деген сылтаумен алып қою да жиі болатын құбылыс. Адам өзінің алданғандығын алаяқтық жасаған адам жасырынып, қашып кеткенде немесе мүлікті қайтармағанда ғана түсінеді. Сондықтан танымайтын адамдармен байланыс жасамауды, ұялы телефондарыңызды себептен себепсіз басқа адамға қолдануға бермеу қажет. Тағы бір алаяқтықтың бір түрі ол ақшаға жұмысқа орналастырамын деген сылтаумен алдап, ақшасын иемдену. Көпшілік жағдайда алаяқ жәбірленушіге басқа облыстарға жалақысы көп мұнай өңдеу саласындағы вахталық жұмысқа орналастыратындығына сендіріп, ақшасын жымқырып алады. Ойын құралдарын жалға аламын деп, кейін иесіне қайтармай иемденіп алу құбылысы орын алып келеді. Сол себептен ойын құралдарын жалға беру кезінде сол адамның жеке тұлғасын, мекенжайын нақты анықтап алған жөн. Сонымен қатар жалған құжаттарды немесе адамның сенімін пайдалану арқылы несие алу алаяқтығы да жиі кездеседі. Бұл жерде біз алаяқтықтың жиі кездесетін әдістері мен тәсілдерін көрсетіп отырмыз, негізінде бұл қылмыстың жасалу жолдары өте көп.
Тұрмыстық, қызметтік, кәсіпкерлік және басқа да күнделікті азаматтық қатынастарда өте сақ және мұқият болып, алаяқтыққа жол бермейік! Туыстық, жолдастық байланыстардан қол үзбей, бір-бірімізге сенім артайық.

Серік БАТТАЛ,
аудандық ішкі саясат бөлімінің инспекторы.