БАБА ЕСІМІ ҰЛЫҚТАЛҒАН САЙЫС

Тәуелсіздікті аңсап, елінің азаттығы жолында ерен ерліктерімен есімі көпке мәлім болған батыр бабаларымыздың бірі — Бақтыбай Төлесұлы. Ол жастайынан соғыс майданында батырлықтың болмысын айшықтап, «15 жасында есімі ұранға айналған» деген тарихи деректер бар. Және де сол тұстағы танымал тұлға Тама Есеттің оң батасын алған деседі. Ел тарихында Бақтыбай батырдың өмір жолы мен ерлік істері осындай қиын да тағдырлы тұстармен өріліп, қалыптасқан. Ал ерлік жолында жанын пида еткен бабалар есімін ұлықтау — кейінгі буынның парызы.

Соңғы жылдары ауданымызда Ұран Бақтыбай батыр атында түрлі шаралардың өткізілуі де осындай мақсаттан туындаған ізгі қадамдар болатын.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында айтылған өткенімізді насихаттау арқылы, тарих тереңінен нәр алу тұрғысында Бақтыбай Төлесұлының 321 жылдығына орай қазақ күресінен Шалқарда республикалық турнир өтті. Еліміздің түкпір-түкпірінен және Қырғыз Республикасынан бірнеше командалар келіп, шежірелі мекеннің төрінде күш сынасты. 2002-2009 жылы туылған жасөспірімдер арасындағы тартысты турнирдің ашылу салтанаты қаладағы батыр баба ескерткішінің жанында болды.

№2 мектеп-гимназиясының өнерлі өрендері ән-жырдан шашу шашып, шырайлы шараның әрін келтірді. Аудан әкімі Бауыржан Қаниев батыр баба атындағы спорттық сайыстың жастар үшін пайдасы зор екендігін сөз етті. Сондай-ақ, ол бабалардың өткен жолын дәріптеу арқылы кейінгі буынға патриоттық тәрбие беруді көздеген шараның барша ұйымдастырушыларына, ұрпақтарына алғысын білдірді. Осы рәсімде №2 мектеп-гимназиясының директоры Гүлнар Қалдыбаеваға білім ошағының материалдық-техникалық базасын нығайту мақсатында 1 миллион теңгенің сертификатын табыстады.

Баба ұрпағы, тыл ардагері, Шалқар ауданының Құрметті азаматы Оразбай Әділбаев Бақтыбай бабамыздың атындағы шаралардың өтуіне және осы сәтке ортақтасқан барша азаматтарға, аудан басшысы Б.Қаниевке алғысын айтып, батасын берді. Батыр бабасының ерлік жолдарына тоқталып, оның есімімен аталатын шараның алғаш ауданымызда қолға алынған сәтін еске алып, айырықша тебіренді.

№2 мектеп-гимназиясының оқушысы, облыстық жас термешілер байқауының Гран-при иегері Рамазан Бақрадиновтің бабаға арнаған арнауы көптің көңілінен шықты. Палуандар белдесуінің ашылу сәтіне жиналған қауым баба ескерткішінің алдында естелік суреттерге түсіп, сайыскерлерге сәттілік тіледі.

Қаламыздағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде жалғасқан сайыстың қорытындысына аудан әкімінің орынбасары Жанболат Жидеханов, аудандық мәслихат хатшысы Сқақ Бигеев, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сұлтан Жұманов қатысып, жүлдегерлерді марапаттады.

14 команда қатысқан республикалық турнирдің қорытындысы төмендегідей болды. І орынды «Шалқар» командасы иеленіп, қанжығасына 9 Алтын, 7 Күміс, 7 Қола байлады. ІІ орынды Қырғыз елінен келген палуандар иеленіп, 1 Алтын, 4 Күміс, 7 Қоланы жеңіп алды. ІІІ орын Ақтөбе қаласынан келген командаға тиесілі болып, қанжығасына 2 Алтын, 3 Қола байлады.

1 Алтын, 2 Күміс, 2 Қоласымен Арал ауданынан келген команда ІV орынды олжа тұтты.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.