САЗ ЗЕРГЕРІ —ҚАЗАНҒАП

ҚАЗАНҒАП ТІЛЕПБЕРГЕНҰЛЫНА — 165 ЖЫЛ

17 мамыр күні №8 орта мектебінде Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің ұйымдастыруымен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру: болашаққа бағдар» бағдарламалық мақаласы мен Жастар жылы аясында және ұлы күйшінің 165 жылдығына орай «Саз зергері — Қазанғап» атты облыстық оқыту семинары өтті. Шараға ҚР Мәдениет қайраткері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясы дәстүрлі өнер кафедрасының доценті, күйші, өнер зерттеушісі Мұрат Әбуғазы, Қазанғаптанушы, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Нұрболат Жанаманов, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісінің иегері, композитор, Қазанғап атындағы Ақтөбе балалар өнер мектебінің оқытушысы Тельман Ермағанбетов, А.Жұбанов атындағы Ақтөбе музыкалық колледжінің оқытушысы, халықаралық, республикалық байқаулардың лауреаты Асылбек Кенегесов және мектеп ұжымы, оқушылар мен өнерсүйер қауым қатысты.

Алғаш сөз алған аудан әкімінің орынбасары Мақсат Әлібеков, Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің директоры Зульфира Әбілова ұлы күйші мұрасы ұмытылмайтынын, мәңгі жасай беретінін, шараның жастар үшін тәрбиелік мәні зор екенін айтты.

Жиналған қауым саз мектебі ұжымының әзірлеген концерттік бағдарламасын тамашалады. Сонымен қатар №2 мектеп-гимназиясының педагог-психологы Зәуреш Ысқақова психологиялық тренинг жүргізді. Семинардың құрметті қонақтары Мұрат Әбуғазы мен Нұрболат Жанаманов Қазанғаптың мұрагері Сәдуақас Балмағамбетов пен Қазанғаптың өмірі мен шығармашылығы туралы кеңінен мазмұнды әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, М.Әбуғазы сахна төрінде Қазанғап күйлерінен шеберлік сабағын өткізіп, өнер сүйер қауымды бір серпілтіп тастады.

Ауданның білім бөлімінің бас маманы Дидара Ақмалай, аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Тлембаева, осы музейдің кіші ғылыми қызметкері Әлима Қыдыралина, саз мектебінің оқытушысы Оразғали Көшімов күйшілердің өнерін жоғары бағалап, шығармашылық табыстар тіледі. Н.Жанаманов аталған музейге 2016 жылы М.Әбуғазының құрастыруымен жарыққа шыққан С.Балмағамбетовтың «Күй дастан» кітабын тарту етті.

Семинар соңында бірқатар ұстаздарға облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаеваның сертификаттары табысталды.

Түс ауа шара Сары Батақұлы атындағы аудандық Мәдениет үйінде балалар мен жасөспірімдер арасында өткен облыстық домбырашылар байқауымен жалғасты. Отызға жуық сайыскер қатысқан байқау қорытындысында ересек топ бойынша Орынбасар Әуезханов бас жүлдені, Кенжебек Бижанов І, Темір Өтебай (Мәртөк ауданы) ІІ, Бекнұр Ыбырайымов пен Бейбіт Таханов ІІІ орындарды иеленді. Үлкен топ бойынша Қанат Әбіл бас жүлдені, Қанат Омар (Мәртөк ауданы) мен Бекжан Нұрғожаев І, Бекзат Оразаев пен Ержан Ұлықпанов (Әйтеке би ауданы), Нұртуған Тоқтарбаев ІІ, Бақтияр Өтеуов, Жандәулет Шынұзақов, Ержан Нұрғожаев ІІІ орындарды иеленсе, Дильназ Ысқақ пен Данизат Сәбитова дипломант атанды. Орта топ бойынша Жаңалық Серік бас жүлдені, Азиз Ниеталин мен Әлинұр Арманұлы І, Дияра Ыбырайымова мен Мақсұт Махмутұлы ІІ, Еркеназ Өтегенова, Бекет Оралбай, Әсел Ойлы, Ақдәулет Қайролла ІІІ орындарды иеленсе, Ақмерей Базарханова, Жанерке Байқазақ, Аян Еламан дипломант атанды. Жеңімпаздар мен дипломанттар облыстық білім басқармасының басшысы Л.Оразбаеваның дипломдарымен марапатталды.

Сонымен қатар шара аясында Нұрболат Жанамановтың шығармашылық концерті өтті. Онда Н.Жанаманов,А.Кенегесов Қазанғап күйлерінің шығу тарихына тоқталып, нақышына келтіріп орындады. Көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Концерт соңында саз мектебінің директоры З.Әбілова семинардың құрметті қонақтары М.Әбуғазы, Н.Жанаманов, Т.Ермағанбетов, А.Кенегесовке ұжым атынан алғысын білдіріп, сый-сияпаттар табыстады. Еңбек ардагері Қуанышбай Князбаев ұйымдастырушыларға және семинар қонақтары — өнер иелеріне ризашылығын білдіріп, шығармашылық табыстар тіледі.

Сондай-ақ, Алматы, Ақтөбе қалаларынан келген қонақтар саз мектебінде болып, оқу-тәрбие процесінде атқарылып жатқан жұмыстарымен танысты.

18 мамыр күні аудандық тарихи-өлкетану музейі, саз мектебінің қызметкерлері және келген қонақтар Айшуақ ауылдық округінің Ақбауыр құмындағы Қазанғап Тілепбергенұлының кесенесіне барып, тағзым етіп, баба рухына Құран бағыштады.

— Киелі Шалқар өңіріне алғаш рет келуім. Шалқар — Қазанғап Тілепбергенұлы, Жәлекеш Айпақов, Кәдіралы Ержанов, Матай Қуантайұлы, Шүрен Сартов, Сәдуақас Балмағамбетов сынды күйшілер шыққан құтты мекен. Сондықтан бүгінгі шараның да орны бөлек. Семинар өте жоғары деңгейде өтті. Оны ұйымдастырған Қазанғап Тілепбергенұлы атындағы саз мектебінің ұжымына айтар алғысым шексіз. Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясында оқып жүргенімде Сәдуақас Балмағамбетовтен дәріс алып, Қазанғаптың күйлерін үйрендім. Оның шәкірті болғанымды әркез мақтан тұтамын.

1995 жылы жапондықтар консерваторияға келіп, оның камералық залында үлкен экранды теледидар арқылы Сәкеңнен Қазанғаптың «Балжан отыз бесте» күйін бұрын бейнетаспаға түсірген жазбасын көрсеткенде залда отырған көрермендердің ризашылықтарын білдіріп, қол соғып, қошемет көрсеткені әлі есімде, — дейді Мұрат Әбуғазы.

Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ.