№3 ОРТА МЕКТЕПКЕ — 60 ЖЫЛ
«60 жылдық тарихтың қалған ізі, келешек ұрпаққа үлгі ісі» атты өзіндік тарихы мен орны бар №3 орта мектептің мерейтойы өтті. Ол мектеп ұжымының оның ашылғаннан бергі алғашқы рет түлектерін, ардагер- ұстаздарын білім ордасына шақырып өткізген 60 жылдық мерекесі болатын.
Сонау 1959 жылдан бастау алатын мектеп-интернат бүгінде іргелі оқу орнына айналды. Жыл сайын ұшырған шәкірттері араға уақыт салып, сағынышты сезіммен өздеріне білім берген алтын ұя мектебінде бас қосты. Мерейлі мереке сол бір оқушылық кезеңнен сыр шертетін қызыл галстук пен ақ бантикті сәнімен таққан мектеп түлектерін қарсы алудан басталды. Бірыңғай мектеп формасын киген жас ұстаздар келген қонақтарды мектеп ауласында құрметпен қарсы алып, қошемет көрсетті. Мектеп ауласы әсем безендіріліп, ағаш үй тігілді. Осы көріністердің бәрі ұжымның тойға сақадай сай әзірліктерін көрсетті және келген қонақтарға мерекелік көңіл-күй сыйлады. Той одан әрі түлектердің өздері оқыған сыныптарына, пән кабинеттеріне, мектеп мұражайына саяхат жасаумен жалғасты. Барлық кабинеттер 60 жылдық мерейтойға орай безендіріліп, қонақтарды қарсы алуға дайын тұрды. Түлектер өздерінің оқыған кабинеттеріне барып, парталарына отырып, балалық бал дәурендерін еске алып, мәре-сәре болды.
Мерейтойға орай мектеп мұражайы да тың деректермен толықтырылды. Г.Мусаева, Н.Махамбетова сынды ұстаздар қонақтарды мектеп мұражайымен таныстырды. Мектеп ішін түгел аралап, сағынышты сезімдерін басқан соң мектеп түлектері, ардагер-ұстаздар мәжіліс залына жиналып, «Қош келдің, мектебіңе алтын ұя!» атты мерекелік кешті тамашалады. Шарада ардагер-ұстаздар Ж.Оралбаева, А.Құрманбаева, Н.Мырзатаев ұжымды 60 жылдық мерейтойларымен құттықтады. Шырқалған әсем ән де мың бұрала билеген биші қыздардың биі де кеш көрігін қыздыра түсті. Мектебіміздің 1970, 1976, 1981, 1985, 1999, 2001, 2007 жылғы түлектері өздерінің білім берген ұстаздарына, мектеп ұжымына алғыс сезімдерін білдірді. Шарадан соң мектеп ауласында тігілген ағаш үйде бақилық болған мектеп ұстаздары мен түлектерінің рухына Құран бағышталып, ас берілді.
Мерейлі мереке аудандық Мәдениет үйінде жалғасты.
Мектеп директоры Айгүл Шалабаева білім ордасының тағылымды тарихы туралы баяндады. Ардагер-ұстаз, бұрынғы мектеп басшысы Күләй Жұмағалиева, мектептің 1970 жылғы түлегі Аманғазы Бақтыбаев ыстық лебіздерін білдірді. 10-сынып оқушысы Қ.Мейірханова Үмбетбай Уайдиннің «Тұрыңыздар, келе жатыр мұғалім!» атты өлеңін мәнерлеп оқып берді. Ардагер-ұстаздарға осы сәтте гүл шоқтары табысталды.
Жиында ауданның білім бөлімінің басшысы Абзал Абдыков мектеп ұжымын мерейтойларымен құттықтап, аудан әкімінің Алғыс хаты мен компьютер табыс етті. Аудандық кәсіподақ кеңесінің төрайымы Гүлзира Махат бір топ ұстаздарға облыстық, аудандық кәсіподақтарының Құрмет грамотасын табыстады. №8 орта мектептің директоры Рита Басмағанбетова директорлар корпусы атынан сый-сияпат табыс етті. Бақилық болған ұстаздар мен түлектерді еске алу сәті де назардан тыс қалған жоқ. Олардың суреттері көрсетіліп, 1 минут үнсіздік жарияланды. Осы сәттен кейін орындалған мектеп оқушыларынан құралған «Жігіттер» квартетінің «Қош енді, қош бол күрең күз!» әні көптің көңілінен шықты. Аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Жанна Абденова бірқатар жас ұстаздарды аудан әкімінің Алғыс хатымен марапаттады. Жиын әсем әнмен жалғасты. Мектеп оқушылары талай конкурстардың жүлдегері атанған талантты әншілер Б.Төлеусары, Ж.Есіркегеновтың орындауындағы әсем әндер кештің сәнін кіргізіп, ажарландыра түсті.
1970, 1976, 1997 жылғы түлектер де ақ тілектерін білдірді. Түлектердің оқушылық кезін еске түсіретін «Мектепке сағыныш» әнін мектеп ұстазы К.Қазмағанбет өзінің 1999 жылғы түлектері А.Смағұл және Г.Қонабаевамен бірге орындады. Салтанатты кеште мектептің өнерлі ұстазы Ү.Шоқанбаеваның «Елге сәлем» әні де әсерлі шықты.
Кеш мектеп ұстаздарының орындаған хорымен аяқталды. Олардың орындаған «Қоштасу», «Атамекен» әндеріне көрермендер қол соғып, қошемет көрсетті. Кешті жүргізген ұстаздар С.Өтегенова мен Н.Әбжановқа көрермен қауым ризашылық танытты. Міне, мектептің 60 жылдық мерейтойы жоғары деңгейде ұйымдастырылып өтті. Мектеп ұжымы түлектер, ардагер-ұстаздармен қимай қоштасты және бұл той мектеп ұжымына одан әрі табыстан-табысқа жетіп, нәтижелі жұмыс жасау үшін үлкен серпін берді.
Гүлзира Жайылғанова,
№3 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі.