Ақтөбе облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті мен «Зекет» қорының Ақтөбе облысы бойынша өкілі бірлесіп іске қосқан «Ел үлесі — пәтерге» атты қайырымдылық жобасы аясында Шалқар қаласының тұрғыны Гүлжанат Боқай пәтерлі болды. Ауыл аймақтардағы мұқтаж отбасыларға баспана алып беруді көздеген аталған шараға шалқарлықтар да белсене атсалысты. Жергілікті мешіттерде қайырымдылық жәшіктері қойылып, орталық базарларда жәрмеңкелер ұйымдастырылды.
Пәтер кілтін табыстау рәсіміне Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Ақтөбе облысы бойынша өкіл имамы, «Нұр Ғасыр» мешітінің бас имамы Төлеби Оспан арнайы келіп, отбасының қуанышына ортақтасты.
Қала әкімінің міндетін уақытша атқарушы Тұрлан Төлегенов осы ізгі шараларға қатысуға қала халқының белсенділік танытқандығын, жергілікті мешіт жамағаттарының да зор үлесі болғандығын атап, аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің атынан пәтер иесіне тоңазытқыш, кір жуатын машина, газ плита тарту етті.
Облыстың бас имамы «Ел үлесі — пәтерге» атты қайырымдылық шарасының баспанаға мұқтаж жандарға берер көмегі мол екенін айтты. «Осы шырайлы шараның аясында республика бойынша бүгінде баспанаға мұқтаж 19 адам пәтерлі болса, облыс бойынша қазір үшеуге жетіп отыр», — деді.
Қалалық ардагерлер ұйымының төрағасы Аманкелді Қалыбаев, пәтер иесінің көршісі, 11 баланы дүниеге әкелген «Алтын алқа» иегері Дариға Сүлейменова жомарт жүректі жандарға алғыстарын айтып, баталарын берді.
Жиналған жұртшылық екі бөлмелі пәтердің ішіне еніп, шашу шашып, қоныс иесіне құтты болсын айтты.
Жұбайы бақилық болған, бес баланың анасы Гүлжанат Боқайдың жаңа пәтер алуына тамшыдай болса да үлесін қосқан барша азаматтарға айтар алғысы шексіз.
Мұхтар МЫРЗАЛИН.