БАТЫР АТЫНДАҒЫ ЖҮЛДЕ САРАПҚА САЛЫНДЫ

Қаламыздағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Жастар жылы мен Ақтөбе қаласының 150 жылдығына орай Жеңіс күні қарсаңында Кеңес Одағының Батыры Ідіріс Үргенішбаевтің жүлдесі үшін бокстан 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында І республикалық турнир өтті. Жарысқа барлығы Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген 20 командадан, Ресей Федерациясының Соль-Илецк командасы, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Атырау, Қызылорда облыстарынан, Қазалы ауданы, Жаңақорған, Қармақшы, Арал, Сексеуіл, Ақтөбе қаласы бокс мектебі, №1, №2, №4 спорт мектептері командалары, Есет батыр атындағы облыстық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі, Қарғалы, Хромтау, Ырғыз, Алға және Шалқар аудандарынан барлығы 200-ге жуық боксшы қатысып, қолғап түйістірді.

 Айтулы турнирдің құрметті қонақтары ретінде Әлем чемпионы, Афина, Пекин Олимпиадасына қатысушы, ҚР еңбегі сіңген спорт шебері Галиб Джафаров, Халықаралық дәрежедегі 5 жұлдызды АІВА төрешісі Рахымжан Рыспаев пен Халықаралық дәрежедегі 3 жұлдызды АІВА төрешісі Амангелді Ақшолақов, І.Үргенішбаевтың ұрпағы, еңбек ардагері, ауданымыздың құрметті азаматы Дәулетжан Елеусізов, ауданның құрметті азаматы Мақсот Қосымов, КСРО спорт шеберлері, спорт ардагерлері Жеңсікбай Симбетов, Аманғали Төлебаев, Берік Бердалиндер төрден орын алды. Жарысты жоғары деңгейде өткізуге белсенділік танытып, атсалысқаны үшін бірқатар азаматтар мен азаматшаларға Алғыс хаттар мен естелік алқалар табыс етілді.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімінде бір минуттық үнсіздік жарияланып, Ідіріс Үргенішбаевтың құрметіне оның ескерткішіне гүл шоғы қойылды.

Төрт күнге созылған республикалық турнирдің жеңімпаздары мен жүлдегерлері, «Үздік техникасы» және «Жеңіске деген жігері» үшін номинацияларының иегерлері анықталып, алқа, кубоктармен, әділ төрешілік еткені үшін төрешілік коллегиясы Дипломмен, ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жарыстың жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан аудан әкімі Бауыржан Қаниевке, І.Үргенішбаев атындағы орта мектеп директоры Шолпан Мұқановаға және ұжымы мен оқушыларына, барлық демеуші жанашыр азаматтар мен азаматшаларға алғысымызды білдіреміз.

Осы шараның ашылу, жабылу рәсімдеріне аудан әкімінің орынбасары Ж.Жидеханов, аудандық мәслихат хатшысы С.Бигеев, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы С.Жұманов қатысты.

В.Цеханович атындағы №1 спорт мектебі.