ӨНЕРПАЗ МАЙГҮЛ МЕКТЕБІНЕ КЕЛДІ

№2 мектеп-гимназиясында осы білім ордасының 1993 жылғы түлегі, ҚР Мәдениет саласының үздігі, «Құрмет» орденінің иегері, көркемсөз оқу шебері, актриса Майгүл Мұзбаевамен кездесу өтті. Оған ауданның білім бөлімі жанындағы әдістемелік құрылымдық бөлімшесінің басшысы Жанайдар Құдайбергенов, осы мектептің ардагер-ұстаздары Дания Әленова, Жұмагүл Әліпбекова, Сәмия Мырзалы, мектеп ұстаздары мен ата-аналар және оқушылар қатысты.

 Шара барысында жиналған қауым экран арқылы Майгүл Мұханбетқалиқызының шығармашылығы туралы әзірленген шағын бейнесюжетті тамашалады.

 Алғаш сөз алған мектеп директоры Гүлнар Қалдыбаева:

— Мектеп мақтаныштарына айналған түлектерімізбен осындай кездесу шараларын ұйымдастыруды дәстүрге айналдырдық. Кезекті кездесудің орны ерекше. Бүгін, міне, белгілі түлегімізбен кездесудің сәті түсті. Осындай түлектерімізбен мақтанамыз.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, Майгүл Мұханбетқалиқызының демеушілігімен «Туған жерге тағзым» акциясы аясында №43 ағылшын тілі пәні кабинеті қайта жарақталды, аз күн ішінде  жиһазбен жабдықталды. Біздің бастамамызды назардан тыс қалдырмай, білім ұясына қол ұшын беріп, кабинеттерге қайта жарақтау жұмыстарын жүргізуге атсалысып жүрген түлектерімізге айтар алғысымыз шексіз,— деді.

Бастауыш сыныбында М.Мұзбаеваға тәлім-тәрбие берген алғашқы ұстазы Жұмагүл Әліпбекова, жоғарғы сыныптарда сабақ берген Сәмия Мырзалы мектеп қабырғасында оның жақсы оқығанын, қоғамдық шараларда белсенді, математика пәніне деген қызығушылығы мен өнерге бейім болғанын мақтанышпен айтса, сол кездегі директордың тәрбие жөніндегі орынбасары қызметін атқарған Дания Әленова: «Майгүл жаратылысынан тума талант, отбасында  өнегелі тәрбие көріп, мектепте де қоғамдық істерге белсене қатысты. Өз ортасында ерекше болып өскен ол қашан көрсең жарқырап, мектебіміздің жұлдызы болды. Біз Майгүлдің болашағынан зор үміт күтетінбіз, міне, үмітіміз ақталды. Біз, ұстаздар қауымы, осындай шәкірттеріміздің жетістігін көргенде бір марқайып қаламыз, —деді. Сыныптасы Жанайдар Құдайбергенов те Майгүл туралы жылы лебізін білдірді.

 Өз кезегінде сөз алған шараның құрметті қонағы Майгүл Мұзбаева:

— Бал дәурен бала кезімдегі арманым — өнер адамы болу еді. Оған деген сүйіспен-шілігім басым болды. Осы мектепте ұстаздық қызмет атқарған анам Ермек мені өнерге баулыды. Сахналық киімдерімді өзі тігіп беретін. Дарындылық маған — анамның ақ сүтімен берілген қасиет деп ойлаймын. «Ел іші — өнер кеніші» дегендей, Әмина Өмірзақова, Фарида Шәріпова, Торғын Тасыбекова сынды еліміздің белгілі актрисаларына еліктеп өстім. Өнер жолындағы алғашқы қадамдарым аудандық Мәдениет үйінің киелі сахнасынан басталды.Мектепте өнерпаз атансам, өнерімді ұштап міне, бүгінде өнер сүйер қауымның сүйікті актрисасы болып алғысқа бөленіп жүрмін. Бақытыма орай жұбайым Сержан да өнер адамы. Қызымыз Ақерке мектепті де, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетін де үздік бітіріп, қазір магистратурада оқиды. Болашақ заңгер. Келешекте де отбасымнан, ұстаз тәлімінен, одан қалды өнер ордасынан алған білімімді, бойымдағы қабілетім мен күш-жігерімді еліме арнаймын. Осы білім ордасында ұлағатты ұстаздардан тәлім-тәрбие алғанымды әркез мақтан тұтамын. Және бүгінгі кездесуді ұйымдастырған мектеп ұжымына айтар алғысым шексіз, — деді. Сонымен қатар ол мектеп қабырғасындағы қызықты сәттерін тебірене еске алып, монологтар оқыды. Оқушылар да тамаша талант иесіне сауалдарын қойып, мектеп үшін жасаған игі істеріне алғыстарын білдірді.

№5 мектеп-лицейінің мұғалімі Гүлжанат Піралина да көптеген рөлдерді нақышына келтіріп, сомдап жүрген актрисаның өнерін ерекше бағалап, шығармашылық табыстар тіледі.

Кездесу кешінде мектептің өнерпаз оқушылары Ердәулет Ғанибет, Нұржанар Есентай ән шырқап, драма үйірмесінің қатысушылары Нұрлыбек Жұбатқанның «Сиқыршы» интермедиясынан қойылым қойды. Сонымен қатар республикалық, облыстық байқаулардың жүлдегерлері Нұрәділ Ғазизов пен Жансая Қожагелді түлекке арнау өлеңдерін оқып, құрмет көрсетті. 

Сондай-ақ, Майгүл Мұзбаева мектеп кітапханасын оқырмандарға  зәру боп  жүрген «Алтын орда», «Көшпенділер», «Қобыланды батыр», «Әлия» туындысының 2 томдығы секілді аса құнды 11 дана көркем шығармалармен толықтырды және мұражайда болып, қолтаңбасын қалдырды.

                           Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ, «Шалқар».