ҚАРАПАЙЫМДЫЛЫҚ ҚАҒИДАСЫН ҰСТАНҒАН ҚАРИЯ

Қазыналы қарттарымызбен әңгімелесудің өзі бір ғанибет. Олардың өмір жолдарына үңілсең бойыңды қанағат пен рақым билейді. Бүгінде сексен деген белестің белдеуін ұстаған Әріпжан ақсақал да кейінгі буынның бойынан осы қанағатшылдық қасиетті көптеп көргісі келеді. Жасы ұлғайса да ол бес уақыт намазын қаза қылмай, жұма сайын қаланың ана басынан орталық мешітке келеді. Меккеге қажылыққа барып, парызын өтеген атаның батагөйлік қасиеті де бар.

Өткен жылдың күзінде Шалқарда өткен «Батаменен ел көгерер» атты батагөйлер байқауына қатысып, алғашқы үштіктен көрінді. Сахна төріне шыққанда оның ара-тұра сөзінен жаңылысқанын патша көңіл көрермен «жаңылған бата қабыл болады», деп жақсылыққа балап жатты. Сол сайыста жасы жағынан үлкені де осы кісі болды.

Таяуда Әріпжан қажымен кездесудің орайы келді. Жұма намазынан үйіне бет алған сәті екен, жолай біздің редакцияға аялдап, әңгімесін тарқатты. Өзі жайлы сараң айтады, әр пайымын тәубалыққа телиді. Балалық шағы жоқшылықпен өрілген заманның буыны бүгінгі мамыражай тірлік пен бейбіт өмірге қарап, Аллаға сансыз мәрте шүкіршілік етеді. «Әркім пенделік пиғылды жомарттыққа жеңдіріп, менмендіктің ауылынан алыс жүрсе…» деген  бір ауыз тілегімен көп нәрсені аңғартады. 

1935 жылғы көктемнің алғашқы айында Шалқар ауданына қарасты №22 ауыл советінің жұмысшы отбасында дүниеге келген бала Әріпжанға да балдәурен шақтың шуағы  кемшін түсті. Әкесі Смағұл мен анасы Әпуза өмірге екі қыз, төрт ұл әкелген жандар еді. Төртінші перзенті осы Әріпжан болатын. Ол жастайынан тыстың жұмысын тындырып, ата-анасына қолғабыс етуді күнделікті дағдыға айналдырды. Сол тұстағы балалардың барлығы да үй шаруасынан қолы босамайтын-ды. Әріпжан да ауыл балаларымен бірге тылда тынбай жұмыс жасап, қырман айдайды. Сол тынымсыз тірлікпен бұғанасын бекіткен балалық шағы кейіпкеріміздің көз алдында әлі сайрап тұр.

— 1941 жылы Шалқар қазақ орта мектебіне барып, оны  тоғыз жыл оқып, кейін Қазалы қаласындағы теміржол училищесіне оқуға түсіп, 1954 жылы оны тәмамдадым. Арнайы жолдамамен Сексеуіл депосында тепловоз жөндеушісі болып жұмысқа орналастым. Ол жерде бір жылдай жұмыс істегеннен кейін отбасы жағдайыма байланысты 1955 жылы Шалқар локомотив депосына ауысып келдім. Бұл жұмыс орнында слесарлықтан алтыншы санатқа дейінгі сатылардан өттім. 1959 жылы Ташкент теміржол институтына оқуға түсіп, оны 1966 жылы аяқтадық. 1970 жылы Марксизм-ленинизм университетінің екі жылдық бөлімінің насихатшы факультетін де оқып шықтым.

Шалқардағылокомотив депосында инженер, 1967 дайындау цехында мастер, аға инженер технолог,  1968 жылдан техникалық өндіріс бөлімінің бастығы, 1977 жылы бас инженер, т.б. жауапты жұмыстарды тізгіндедім. Кейіннен Шалқар тігін фабрикасында директордың орынбасары, директор қызметтерін атқардым.

Саналы ғұмырымда 46 жыл еңбек етіп, 1988 жылы құрметті еңбек демалысына жеттім. Қоғамдық жұмыстардан да қалыс қалмай, аудандық партия комитетінің, мемлекеттік сауда инспекциясының штаттан тыс инспекторы болып та жауапкершілікті арқаладық. Осы  жасаған қызметтеріме орай алған марапаттарым да  бар. Арамызда бар тұстастарым менің осы өмір және еңбек жолдарыма куә, — деді бізбен әңгімесінде ардагер.

Әріпжан ақсақал өткен Ұлыстың ұлы күні — Наурыз мерекесінде «Наурыз ата» құрметті атағына ие болып, аудан әкімі Бауыржан Қаниевтің қолынан сый-сияпат алды. Бақытты шақты балаларының амандығы мен жетістігіне балайтын қартқа өзінен өрген бала-шағаның амандығы мен қол жеткізген жетістігін көруден асқан мәртебе жоқ. Марқұм қосағы Жәкен Арал ауданының Құландысының тумасы болатын. Сақи деген балықшының сол қызына 24 жасында үйленіпті. Екеуі тоғыз бала өмірге әкеліп, бүгінде олардан  26 немере, 9 шөбере көріп отыр. Балаларының  барлығына жоғары білім алуына жағдай жасаған. Нұргүл есімді қызы қазір де химия ғылымдарының кандидаты, Алматыда іргелі жоғарғы оқу орнында шәкірттерге дәріс береді. Келіні Нұргүл де ғылым кандидаты, осы қаладағы жоғарғы оқу орындарының білікті оқытушысы. Шалқардағы үлкен шаңырақта   Әріпжан ақсақалдың Алматы, Шымкент, Ақтөбе қалаларындағы балалары қуанышты сәттерде жиі бас қосып, думанға бөлеп кетеді.

Мына өмірде әр адамның қызуғышылығы сан алуан болып келеді. Сол құштарлығынан оның болмысын да байқауға болады. Жасы ұлғайса да ақсақал әлі де темір тұлпарды тәуір көреді екен. Сонау тоқсаныншы жылдардағы тоқырауда Әрекең ауданда алғаш болып  су жаңа джип көлігін мінгенін жұртшылық жақсы біледі.

— «Mitsubishi Pajero» маркалы шетел көлігі ғой. Балаларым бірігіп 60 жасқа толуыма орай Жапония елінен әкеліп мінгізді. Қазір менде 2025 жылға дейін көлік тізгіндеуге рұқсат етілген жүргізуші куәлігім бар. Бірақ автокөлік жүргізбегеніме үш жылдай уақыт болыпты. Балаларым: «Үлкейдің, бір күні болмаса бір күні қателік жібересің» дегесін бәрін тапсырдым, — дейді ол.

Уақыт сынымен шыңдалған Әріпжан ата бүгінде темір аттың тізгінін тапсырғанымен, имандылықтың киелі тұтқасын нық ұстап, тоқсан деген толағай тауға бет алып барады…

Мұхтар МЫРЗАЛИН.