АРДАҚТЫ АСЫЛ ӘЖЕ

Жеке өмір өткінші болғанымен оның да ұмытылмас күндері санаңда жаңғыратын сәттері көп болады екен. Ойша шарлап, өзіңмен сырласасың. Ой теңізіне малтыға бергенше, біреулер үшін өнеге болар деп    қағаз бетіне де түсіріп қоясың. Соның бірі төмендегі қайсар ана жайында…

Сүп-сүйкімді, маңдайы жарқыраған бұл аппақ қыз Қали мен Ләтипаның отбасында дүниеге келген. Оның кіндігін кесіп, жібек жіппен буған сәт мерекелі мамырдың бірі. Жазық даланың да тынысы кеңейіп, табиғаттың ерекше бір түрге енген күні.

 Әкесі Қали — батыр Есеттің ұрпағы, алып денелі, қызыл шырайлы болса, анасы Ләтипа — Құлқай ата ұрпағы, бойы тіп-тік, ақ құба, өте тазайын, әрбір ісінен үлкен тәрбие аларлықтай жан болатын. Тұлғасы әкесіне, тазалығы анасына тартып, өзінің атына сай, дала төсінде тербелген Райхан гүлдей жайнап, сымбатты болып өсті. Осы уақыт аралығында көгілдір көктем қаншама рет нөсерлетті, қаншама рет қайта бүр жарды десеңші?!..

Оқушы Райхан сабырлы да, салмақты, сабаққа өте жүйрік, озат болды. Барлық пәнді «5»-ке оқыды. Ол көп сөйлемегенімен, ішінара болса да, орынды қалжыңмен ешкімге десте бермейтін-ді. Сондай кезде әдемі күлкісімен әзілі, оның аққұба жүзін одан сайын нұрландыратын.

Мектеп бітірген соң өз замандастарынан оқ бойы озық шығып, сол кездегі ауданның партия комитетінің шешімімен бірден Ақтөбе педагогикалық институтының физика факультетіне конкурссыз қабылданды. Студенттік өмірінде де азаматтық биік қасиеттерімен тұлғаланып, білімге білім, дос қатарына дос қосты.

Жоғары оқу орынын ойдағыдай тамамдаған соң өзі білім алған №1 орта мектебіне орналасып, зейнеткерлікке шыққанға дейін абыроймен жұмыс істеді. Райхан еңбек жолын бастаған тұста Әділмен отау құрды. Екеуі де еңбекте есейіп, үлкеннің батасын, кішінің алғысына бөленді. Комсомол, партия ұйымдарының істерін алға жетелеген көшбасшы бола білді. Жұптары жазылмай, отбасында да, қоғамдық орта да жұлдыздары жарық болды. Дүниеге үш атбайлар әкеліп, тәрбиелеп бақытты ғұмыр кешіп жатты.

Кенет…

Ызғарлы суық күзгі қарашаның,

Кілт үзілді әуені тамашаның.

Шүпірлеп үш балапан қала берді,

Лажын таппай ажалға арашаның…

Әкелері дүниеден өткенде үлкені Руслан 7-де, Әсет 5-те, Дархан 2 жаста еді. Буыны бекіп, бұғанасы қатпаған осы балапандар анасына ғана арқа сүйеді.

Сонау мамыражай мамырдағы көктемнің қуанышы сейіліп, Райхан гүлге қара күздің ызғарлы желі осылайша соқты. Бірақ, қайсар ана суық желден өз жапырақтарын қорғай білді. Сол бір нұрлы көктем сағынышқа айналғанымен, түбінде самал жел боп соғарына үміттенді. «Жолы қиын жұмбақ тағдырымның сыры — бағым да, тағым да үш құлыным», — деп түйген Райхан, батыр бабаларына тартқан қайсар мінезімен, қолдаушы туыстарымен, қаулаған достарымен, тірек болар ұжымыменен белін бекем буып, балаларына әрі әке, әрі ана болып, қайта тұрды. Сөйтіп, қазақ әйеліне тән ең төзімді, рухшыл қасиетін бойына жинаған Райхан бар мұратын перзенттерінің игілігіне арнады.

Жасырын емес, осы заманда кейбір әкелер бере алмаған суық тәрбиені, құр сөзбен емес, іспен, қабағымен бергеніне таң қаласың. Балалары да анасының қабағынан, оның айтпақ ойын дәл сезіп, әкелері берер тәртіп пен тәрбиені ұғына білді.

Жаңғырар қайта сол күндердің елесі

Уақыт қой, сірә, бәріне де төреші

Жеті жаста сәби еді Русланым

Жетпей қалған көп нәрсеге өресі…

Бүгін міне, бас қоспақшы Жанатпен,

Үй боламын деген үлкен талаппен.

Шүкір қылып, бақыт тілеп отырмын

Екі жасты асқар тауға балап мен, — деп Райхан ең алғашқы тойын жасады.  Құтты шаңырақтың қуанышын ала келген Қыният аға мен Бейбіт апаның қызы Жанат болатын. Құдалардың көшін Қосаумырзапен Марусия құдағи жалғап, үкілеп өсірген қыздары Гүлдананы Әсетке ұзатты. Кішкентайынан сүйкімділігімен ерекшеленетін Дархан, Совет құда мен Майя құдағидың сүйкімді қызы Гауһарды жар етті. Балдай тәтті немерелер дүниеге келіп, шаңырақтың шаттығын шалқытып жатыр. Райханның өмірдегі нағыз азаматтың бағасын осы немерелер бергендей. Олар «Асыл әже» деп мойынына асылады.

Асыл әже…

Немерелері осылай атағанда, сырт көз Райханның есімі «Асыл ма?!» — деп ойлайды. Асыл затына лайық Райханның Жанат, Гүлдана, Гауһар атты келіндері де енесінің өнеге мектебінен өтіп, сыйластықпен ел алғысына бөленіп келеді. Райхан — отбасындағы қарапайым әйел ретінде де сегіз қырлы, бір сырлы: іс тігу, ас пісіру, банкілердің түрін жабу, ұннан тағамдардың қандай түрі болса да пісірудің хас шебері. Ал оның қонақжайлылығы бір төбе.

Райханның: «Балаларым мұқтаждық көрмесін», — деп сонау тоқырау заманында уақыт тауып, үлкен баласы Руслан екеуі кішігірім кәсіппен айналысқаны көпшілікке аян. Қазір зейнеткерлікке шықса да қол қусырып бос отыруды жат көріп, қолындағы бала-келіні Әсет пен Гүлдананың демеушілігімен дүкен ашып, сол кәсібін қайта жаңғыртуда.

Бір хадисте Алланың нұры түскен адам:

Өмірден өткен адамына үзбей дұға оқытқан, оның орындай алмаған парызын орындаған, достарын  құрметтеген, туыстырынан қол үзбей, үнемі қарым-қатынаста болған, — деген екен.

Міне, Райхан осы төрт парызды да орындаған жан. Бірінші Алланың қалауыменен, екінші үмітін ақтаған балаларыменен бүгінде бақытты ана, бақытты әже.

Иә, өмір жеңілгенді ұнатпайды. Көктемнің самал желімен қайта тербелген Райхан гүлдің  Қайсар ананың үмітінің алдамағанына біз де қуаныштымыз.

Күләй Жұмағалиева,
аудан әкімі жанындағы аналар кеңесінің мүшесі.