ЖАМАҒАТ ЖАСАҒАН ҚАЙЫРЫМДЫЛЫҚ ЖӘРМЕҢКЕСІ

«Ел үлесі пәтерге» атты Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы Ақтөбе облысы өкілдігінің мұқтаж отбасыларға баспана алып беру жобасына Шалқардағы Мәтей Қоқанұлы атындағы аудандық орталық мешіті мен Жанаман ахун Сейтімұлы атындағы мешіт жамағаттары белсенділікпен қатысуда. Аталған орталық мешіті мен қаладағы «Сартай» базарының кіреберісіне қайырымдылық жәшіктері орнатылды.

Өткен аптаның сенбісінде осы базардың алдында шағын жәрмеңке өтті. Онда кондитерлік тағамдар, консервіленген көкөніс пен сүт өнімдері, тұрмыстық бұйымдар сатылды.

— Сөреге қойылған заттардың денін жамағаттар үйлерінен әзірлеп әкелді. Кәсіпкерлеріміздің демеушілігімен де сөреге жайғасқан заттар бар. Қолайлы бағада қамқорлық іске негізделген жәрмеңке өнімдері әп-сәтте сатылып кетті. Зат алған адамдарды үйлеріне тегін таксилер жеткізіп тұрды. Алда да осындай шаралар ұйымдастырып, жиналған қаржысымен баспана мұқтаждығын көріп жүрген бір отбасын қуантсақ деген нақты мақсатымыз бар, — дейді ұйымдастырушы топтың белсенді мүшесі Руслан Жүсіпов.

Осы шараға қала халқы да көп жиналды. Барлығы бірдей зат алмаса да көбі қайырымдылық жәшігіне қарайлап, ақшалай көмектерін салып, игілікті істі қуаттайтындықтарын білдіріп жатты. «Көп түкірсе, көл» демекші, бұл күнгі жәрмеңкенің өзгешелігі де сол — көптің қолдауы мен қайырымдылыққа арналғандығында еді. «Ел үлесі пәтерге» жобасының Шалқар ауданындағы қорытындысын шығару алдағы Рамазан айының қарсаңына жоспарланған.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.