КИЕЛІ МЕКЕН МАҚТАНЫШТАРЫ

Аудандық тарихи-өлкетану музейі мен №4 орта мектептің бірлесе ұйымдастыруымен Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру», «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақалалары аясында «100 жаңа есім» жобасын жүзеге асыру мақсатында жас ұрпақ санасын және рухани құндылықтарымызды қайта жаңғыртуда «Туған елімнің танымал тұлғалары» атты танымдық шара өтті. Оған аудандық «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, Шалқар аграрлық-техникалық колледжінің студенттері, №4 орта мектеп жанынан құрылған «Адал ұрпақ»еріктілер клубының мүшелері мен мұғалімдер және музей қызметкерлері қатысты.

Шара барысында аталған музейдің кіші ғылыми  қызметкері  Әлима Қыдыралина Шалқардан шыққан танымал төл перзенттері — ҚазССР-ның прокуроры қызметін атқарған Өтеген Сейітов пен Әлем дәрігері  атанған, Ұлттық нейрохирургия  орталығының басқарма төрағасы Серік Ақшолақовтың  өмірі  мен қызметі  туралы ұйымдастырылған «Киелі  мекен мақтаныштары» атты көрмемен таныстырды. №4 орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Саягүл Әлиманова Елбасының ел болашағын айқындайтын бағдарламалық мақалалары мен «100 жаңа есім» жобасының маңызы зор екенін айтты.

Жиналған қауым экраннан Серік Ақшолақов жайында дайындалған бейнероликті тамашалады. Онда  Серік Қуандықұлының медицина саласындағы белгілі әріптестері, ғылым жолындағы бірқатар ұстаздары мен шәкірттері, елімізге танымал тұлғалардың әлем дәрігері, оның жауапкершілігі мол медициналық қызметі жайындағы жылы лебіздері айтылды.  

Шарада «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалының  кеңесшісі Нұрболат Мұрсалов, Шалқар аграрлық-техникалық колледжінің өндірістік оқыту  шебері  Гүлсезім Демеубаева, «Адал ұрпақ»еріктілер клубының мүшелері әр өлкенің белгілі өз 100 жаңа есімі болуы керектігі туралы өз ойларын ортаға  салды, сауалдарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Және шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді. 

Шара соңында көпшілікке Саягүл Әлиманова мен Әлима Қыдыралинаның құрастыруымен шыққан «100 жаңа есім» атты кітапша таныстырылды. �