Бұқараның ішкі істер органдарына сенімін арттыру, халық арасында құқықтық түсіндіру жұмыстарын кеңінен насихаттау мақсатына негізделген «Жолда қабылдау» республикалық акциясы Шалқар ауданының орталығында да осы жылдың 5-6 сәуір күндері өз деңгейінде ұйымдастырылды. Аудандық полиция бөлімінің халыққа қызмет көрсететін әкімшілік полиция бөлінісінің барлық қызметкерлері осы шараның басынан табылды. Оның сапында жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету, көші-қон заңнамасын сақтау, автокөліктерді тіркеу, жүргізуші куәліктері, төлқұжаттар мен жеке куәліктер беру, жол жүрісін ұйымдастыру, көлік құралдарын қайта жабдықтау, т.б. қызметтеріне қарапайым халық көп жүгінетін полиция қызметкерлері болды.
Қаланың темір жол вокзалы маңында жұрт көп шоғырланатын жерге екі күн бойы тұрақтаған автобус көптің назарына бірден ілікті. «Жолда қабылдау» акциясын жарнамалаған тәртіп сақшылары мінген көлікке мұң-мұқтажын айтып келушілер қатары да аз болмады.
—Алғашқы күні, яғни 5 сәуір күні қабылдауға 30-дың үстінде адам келді. Олардың сауалдары да сан алуан. Дені—автокөліктерді тіркеу, әкімшілік айыппұлдардың айналасы… Арасында біздің ізімізді басып, келешекте полиция қызметкері болуды мақсат еткен жастар да бар. Олар—осы жолда жоғары оқу орындарына түсу реттерін, оған қандай құжаттар әзірлеу керектігін бізден сұрады. Талапкерлерге толық кеңесімізді айтып, оқуға түсуге құжаттарын әзірлесуге кірісіп кеттік.
Күнделікті тірлікте әркімнің де жеке басында түрлі проблемалары болары хақ. Алайда оның түбін түптеп, шешілу жолдарына бар уақытын сарп ететіндер некен-саяқ. Осындай акциялар бір қарағанда халықтың уақытын үнемдеуге көп септігін тигізеді десек те болады. Ыңғайлы жерде, көптің ортасында өтетін осы тектес тиімді шараларды жасай беру артық етпейді. Бұл қабылдаулар ауылдық жерлерде де өткізілуде, — дейді аудандық полиция бөлімінің әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы, полиция майоры Бекжан Ақмалай.
Осы қабылдауға келген Шалқар қаласының тұрғыны Бекболат Жылқыбаевтың өтінішін біздіңде құлағымыз шалды. Ол да автокөлікті сату мен тіркеу мәселесіне келіп тірелді. Өткен жылы ол өзге қалаға өзінің «Мерседес» автокөлігін сенімхат арқылы сатқан екен. Соны жергілікті жерден тіркеуден шыққан-шықпағандығын білгісі келеді. Былай қарағанда жеңіл сұрақ, алайда соның анығын білуге уақыты мойын бұрғызбай жүрген секілді. Екінші сауалы—Ресей Федерациясында тіркеуде тұрған автокөліктерді жергілікті жерге тіркеуге қатысты болды. Бекболаттың бұл сауалдарына аудандық полиция бөлімі әкімшілік полиция бөлімшесінің көлікті тіркеу және емтихан қабылдау инспекторы, полиция майоры Мұрат Әленов толық қанды жауап берді.
Аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция мойоры Серік Құдайсүгіровтың сөзінше, полиция қызметкерлерінің халыққа қызметі — алда да көптің қолжетімділігіне қарай ыңғайластырылып, түрлі іс-шаралар арқылы жүзеге асырылатын болады. Бұдан туатын мақсат—халық сенімін арқалап, қызметті ашық әрі әділ атқаруға апарады.
Мұхтар МЫРЗАЛИН.