Қазақстанда ғана емес, дүниежүзі бойынша жол-көлік оқиғалары мен соның салдарынан болатын өлім мен жарақат фактілері азаймай отыр. Адамдардың көлік құралдарына деген сұранысының арту тенденциясымен қатар, оны пайдалану барысында қоғам өміріне қауіп тудыратын жағдайлардың да көбейгендігін байқауға болады.
Жол-көлік оқиғалары — көлік құралдарының жолмен жүруі кезінде және оның қатысуымен пайда болған, адамдар қаза тапқан немесе жарақаттанған, көлік құралдары, құрылыстар, т.б. зақымданған не өзгедей материалдық зиян келтірілген оқиға.
Қазіргі таңда көліктердің саны күннен-күнге артып келеді. Жол қозғалыс оқиғасы өздігінен туындамайды. Ол қозғалыс ережелерінің қандай да бір талаптарын сақтамағандықтан болады. Жол қозғалысы оқиғаларының сандары мен фактілерінде көптеген адамдардың өмірі, тағдыры және денсаулығы тұрады.
2022 жылы Шалқар ауданы аумағында 9 жол-көлік оқиғасы орын алып, 10 адам қаза тапса, 13 адам әр түрлі дене жарақаттарын алды.
Мысалы, 24.08.2022 жылы сағат 00:30 шамасында «Ырғыз-Шалқар» автокөлік жолының Ырғыз ауданы бағытынан Шалқар қаласы бағытына қарай 91 шақырымында «Д» есімді азамат өзінің автокөлігін басқарып келе жатып, жол қозғалысының қауіпсіздігін сақтамай, жол үстіндегі қозғалыс үдемелілігін, көлік құралы ерекшелігін және жай-күйін, жол жағдайын ескермей, соған орай жол қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ететіндей қауіпсіз жылдамдықты сақтамай, автокөліктің қозғалыс бағыты бойынша жылдамдықты тежеу амалын жүзеге асыра алмай, автокөлік жолының өз бағыты бойынша оң жақ жол жиегінде жүрісін жалғастырып, өзінің қозғалыс қауіпсіздігін камтамасыз ете алмай, жол көлік оқиғасын жасаған.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан сол автокөлікте болған 3 жолаушы оқиға орнында қайтыс болған және 3 кәмелетке толмаған балалар әр түрлі дене жарақаттарын алып, ауруханаға түскен. Осы жол-көлік оқиғасын жасаған тұлғаға қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп, нәтижесінде Шалқар ауданы сотының үкімімен 5 жылға көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ересектердің барлығы көлік тізгіндеген заман. «Сақтансаң сақтаймын» деген сөзді атам қазақ бекерге айтпаған. Көлік жүргізушісі тек өзінің ғана емес, көлік ішіндегі адамның қауіпсіздігі үшін де жауапты екенін ұмытпаған абзал.
Шалқар ауданының прокуратурасы.