Алимент төлемегендер жазаланатын болады

Ата-аналар өздерінің кәмелетке толмаған балаларын күтіп-бағуға міндетті.

Алимент ай сайын бір балаға – ата-анасының табысының және (немесе) өзге де кірісінің – төрттен бір бөлігі; екі балаға – үштен бір бөлігі; үш және одан да көп балаға тең жартысы мөлшерде өндіріледі.

Ағымдағы жылы Шалқар ауданы бойынша аумақтық жеке сот орындаушының өндірісінде 1129  балаға қатысты 69 млн теңгедегі 565 атқару өндірісі орындауда болды. Оның ішінде, 867 балаға қатысты 30 млн теңгедегі 432 атқару өндірістері кезеңмен орындалуда (борышкерлер алиментті ай сайыңғы жалақысынан төлеуде).

12 млн теңгедегі 14 атқару өндірісі аяқталды. Оның ішінде баланың жасы он сегізге толуына байланысты 3 атқару өндірісі орындалды, 12 млн теңгедегі 11 атқару өндірісі өндіріп алушылардың өтініштері негізінде орындаусыз қайтарылды.

 Қазіргі таңда, 238 балаға қатысты 26 млн теңгедегі 119 атқару өндірісі қалдык қалып, олар бойынша борышкерлерден алимент берешектерін өндіру жөніндегі атқарушылық іс-әрекеттер жасалынуда.

Мәселен ағымдағы жылы 4 жұмыссыз борышкер аудандық Жұмыспен қамту орталығы арқылы жұмысқа орналастырылды.

Егер борышкер тұрақты жұмыспен қамтылмаған жағдайда, халықты жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі уәкілетті орган «Халықты жұмыспен қамту орталығына» тіркеуге тұру үшін қажет құжаттарды (жеке басын куәландыратын құжат,еңбек қызметін растайтын құжат (бар болған кезде), арнайы білімнің немесе кәсіптік даярлығының болуы туралы құжат) ұсыну қажет.  

Сонымен қатар, егер ата-аналар өздерінің балаларына күтіп-бағу қаражатын ерікті түрде бермеген жағдайда, бұл қаражат олардан сот тәртібімен өндіріп алынады.

Алимент бойынша борышкерлер берешегін төлеуден жалтарған жағдайда Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапқа тартылады.

Атап айтқанда, ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 669-бабының 1-бөлігіне сәйкес, сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау – бес айлық есептiк көрсеткiш мөлшерiнде айыппұл салуға не бес тәулікке дейінгі мерзімге әкімшілік қамаққа алуға алып келеді.

Сонымен қатар, ҚР Қылмыстық Кодексінің 139-бабына сәйкес, ата-ананың кәмелетке толмаған балаларын, сол сияқты он сегiз жасқа толған еңбекке қабілетсіз балаларын күтіп-бағуға сот шешiмi бойынша қаражат төлеу жөніндегі міндеттерін үш айдан астам орындамауы не кәмелетке толған еңбекке қабілетті адамның өзінің еңбекке қабілетсіз ата-анасын күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден үш айдан астам жалтаруы не еңбекке қабілетті адамның еңбекке қабілетсіз және материалдық көмекке мұқтаж жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға сот шешімі бойынша қаражат төлеуден алты айдан астам жалтаруы – алты жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға не екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатындығы ескертіледі.

          Бұдан бөлек, борышкерлерге мәжбүрлеп орындату шаралары қолданылуы мүмкін: иелігіндегі мүлікіне тыйым салу, берілген лицензиялар, рұқсаттар және арнайы құқықтардың, оның ішінде көлік жүргізу құқығының қолданылуын тоқтата тұру, Қазақстан Республикасының аумағынан шығуын уақытша шектеу және т.б.

Жоғарыдағылардың негізінде ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап аудан прокуратурасымен алимент берешектерін төлеуден қасақана жалдарған борышкерлерді әкімшілік және қылмыстық жауапқа тарту мәселелері шешілуде.

         Осыған байланысты, аудан бойынша алимент берешектері бар борышкерлерді ай сайынғы алимент төлемдерін төлеуге, берешектерінен құтылуға, тұрақты жұмысқа тұру мәселесін шешуге немесе тұрақты жұмыс болмаған жағдайда Халықты жұмыспен қамту орталығына тиісті құжаттарды тапсырып, жұмысқа тұру мәселесі бойынша жүгінуге шақырымыз.                                                                

Шалқар ауданының прокуратурасы.

Posted Under
Санатталмаған