БАБА ЕСКЕРТКІШІ АРАЙЛЫ АҚТӨБЕГЕ ЖОЛ ТАРТТЫ

2019 жылдың аяғында Ұлт-азаттық қозғалысының көрнекті қайраткері, халық батыры Есет Көтібарұлының ұрпақтары бабаларына еңселі ескерткіш орнатуды елдік іске санап, бастама көтерген болатын. Бұл игі бастаманы облыс, аудан басшылығы мен барша халық қолдап, батыр атындағы арнайы қоғамдық қор ашылды.

Облыс орталығының көрнекті жеріне орналасатын батыр ескерткіші Шымкент қаласында жасалды. Кеше Самара-Шымкент тас жолының Ырғыз-Шалқар қиылысында баба ескерткішін Ақтөбе қаласына алып бара жатқан автокеруенмен Шалқар ауданының әкімі Жанболат Жидеханов бастаған бір топ еңбек ардагерлері мен баба ұрпақтары кездесіп, жолаушыларға сәт-сапар тіледі. Осы орайлы сәтке көрші Ырғыз ауданының әкімі Нұрлан Қызбергенов те арнайы келіп, жерлестеріміздің қуанышымен бөлісті.

— Өткенге оралмай болашақ тарихымызды  таразылау әсте қиын. Бұл ретте бабалар рухын ұлықтап, келешек санасына сіңетіндей игілікті істер жасап, тағылымды жолда талмай еңбек ету аға буынның ұрпақ алдындағы парызы. Азаттық үшін күрескен даңқты бабаларымыздың барлығы да халыққа ортақ. Шалқар жұрты мінекей, тағы да елдіктің, ауызбіршіліктің керемет үлгісін көрсетіп отыр. Арайлы Ақтөбенің ортасынан ойып тұрып Есет бабамыздың еңселі ескерткішінің орнатылатыны бәрімізге үлкен мерей, абыройлы іс болғалы тұр, — деп автокеруенге сәт сапар тіледі.

Үлкен аманатты арқалаған жүк керуенінің басы-қасында жүрген «Есет батыр Көтібарұлы атындағы қоғамдық қор» төрағасы Аманғали Мұханбетуллин оңтүстіктегі рухы биік, халықтық іске ниеттес ағайынның ақжарма көңілі мен қонақжай пейілінен алған әсерлерін Шалқар мен Ырғыз азаматтарының жолай күтіп алып, одан әрі арттырғанына шексіз ризашылығын білдірді.

Есет Көтібарұлы ескерткішінің салтанатты ашылуы алдағы наурыз айында Ақтөбе қаласында болады деп жоспарлануда. Мыстан жасалған ескерткіштің биіктігі мен ұзындығы бес метр. Скульпторы — Жеңіс Жұбанқос.

М.МЫРЗАЛИН.