Ауыл тұрғындары мұң-мұқтаждарын айтты

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов Ақтоғай, Бершүгір, Шалқар, Шетырғыз, Тоғыз, Кішіқұм ауылдық округтері тұрғындарымен кездесіп, ауданда өткен жылы атқарылған жұмыстарды саралап, алға қойған міндеттерімен бөлісіп, тұрғындардың ұсыныс-тілектеріне құлақ түрді.

Ақтоғай ауылдық округінің орталығындағы кездесуде жергілікті тұрғындар тарапынан медициналық қызмет көрсету саласына байланысты сауалдар туындады. Яғни, кейбір азаматтардың медициналық сақтандыруының болмауынан дәрігерлерге көріне алмау жайы айтылды. Бершүгір ауылдық округіне қарасты Сарысай ауылына интернет желісін тарту, ауыл көшелерінің тазалығы, жұмыссыздық мәселелері көтеріліп, жауаптары берілді. Алабас ауылына көгілдір отын жеткізу, «Балбұлақ» балабақшасын күрделі жөндеу мәселелері көтерілді.

Шалқар ауылдық округінде болған кездесуде Жылтыр ауылына төнген табиғи құмды тоқтатудың шешімін қарастыру айтылды. Шетырғыз ауылдық округіне қарасты Тұмалыкөл ауылына газ тарту, Тоғыз ауылдық округінде ауыз су мәселелері көтерілді. Осы  су мәселесі Кішіқұм ауылдық округіне қарасты Шоқысу стансасында да сөз болды. Сондай-ақ осы округте болған кездесуде автомобиль жолдарын дұрыстау, Қарашоқат стансасынан балалар ойын алаңы, күрес секциясын ашу жайы қозғалды. Тоғыз дәрігерлік амбулаториясына жедел жәрдем көлігі қажет деген мәселе айтылды.

Шалқар қаласындағы №6 орта мектеп пен аудандық Мәдениет үйінде өткен кездесуде жеке балабақшалар айлық төлеу коэффициенті, Биекенов-Резванов көшелерінің жол белгілерін өзгерту жайында ұсыныс-тілектер айтылды. Сондай-ақ қаланың Даму аймағындағы Әдман Жанаманов көшесіне асфальт төсеу, Жұмысшылар қалашығынан стационар жұмысын жандандыру, СМП қалашығындағы 5 қабатты үйдің келешегі, №5 мектеп-лицейінің жаңа ғимаратының құрылысы жөнінде тұрғындардың талап-тілектері тыңдалды.

Осы айтылған мәселелерге аудан әкімі Ж.Жидеханов жеке-жеке тоқталып, қанағаттанарлық жауаптарын берді. Елге ортақ мәселелердің оңынан шешілуіне қарапайым халықтың да үлесі зор екендігін айта келіп, ел мүддесі үшін көпшілікті ауызбіршілікпен бірігіп жұмыс істеуге шақырып, өтініштеріне орай бірқатарына жеке қабылдау жүргізді. Кездесулерде аудан әкімімен бірге болған мекеме, бөлім басшылары да өз салалары бойынша халықтың ұсыныс-тілектерін тыңдап, жекелей кездесті.

Өз тілшімізден.