Елбасы Н.Назарбаев «Қазақстан—2050» Стратегиясы — қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз 2025 жылдан бастап әліпбиімізді латын қарпіне, латын әліпбиіне көшіруге кірісуіміз керек. Бұл — ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы, қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» деген болатын.
Ал «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге Тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық», — деп оны жүзеге асырудың таяғанын тағы да ескерткен еді.
Қазіргі таңда елімізде латын графикасына көшу мақсатында әзірлік жұмыстары жүргізілуде. Негізінде латын әріптерін дүние жүзінің көптеген елдері өз әліпбилерінің ерекшеліктеріне қарай пайдаланған. Келешекке нық қадам басқан еліміз үшін де бұл бастама жат болмасы даусыз. Осы ретте Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі 2018 жылғы 6 желтоқсандағы ҚР Үкіметінің жанындағы қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссиямен мақұлданған «Жаңа әліпби негізіндегі қазақ тілі емлесінің ережелері» «Егемен Қазақстан» газетінің 2019 жылғы 18 қаңтарындағы санында жарияланды. Осы ережелермен til.gov.kz, tilalemi.kz, inform.kz сайттары арқылы да танысуға болады. Алайда, бұл Ұлттық комиссияның мақұлдауынан өткен ережелерді толық бекіді деуге әлі ерте. Бас басылымға жариялаудың түпкі мақсаты — халыққа таныстырып, көптің пікіріне құлақ түру. Қазір тіл ғалымдары осы мәселе төңірегінде әлі де кеңесіп, келісуде.
Адам баласы сөйлеу арқылы байланысады, мәмілеге келеді, жазу арқылы ортақ қағидаларды бекітеді. Қай тұрғыда қарасақ та осы егіз ұғымның біздің өмірімізде алар орны айқын. Десекте жазу — ұлттың бөлінбес бір бөлшегіндей болып уақыт көшімен үндесіп тұрады. Сондықтан ол әрқашан ұлтқа қызмет етеді. Латын графикасына көшу де осындай ұлт келешегіне қажеттіліктен туындаған бірегей қадам.
Аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі латын әліпбиіне көшуге бағытталған алғы шарттарды жұмыс жоспарының негізіне алды. Өткен жылы «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес республика бойынша өткізілген жалпыхалықтық диктантқа ауданымыздан 2480 адам қатысты. Осы тұрғыда өзге де шаралар атқарылды. Жаңа әліпбидің мән-маңызы мен қажеттілігін аша түсу бәріміздің де басты мақсатымызға айналуы тиіс.
Динара КУЛЬБАЕВА,
аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің тіл маманы.