НАУРЫЗДАҒЫ АҚ ТІЛЕКТЕР

Наурыз — жылдың басы, жақсы тілектер мен ізгі амалдарды тоғыстырған ұлық мереке. Бұл күнгі құрметке исі қазақтың баласы иілетіні де сондықтан.

Шалқар әскерилендірілген теміржол күзетінің ұжымы биылғы Наурыз мерекесін жоғары деңгейде атап өтті. Мекеме ауласына төл мәдениетіміздің айқын символындай болған ақ шаңқан ағаш үй тігіліп, қазан-қазан наурыз көжелер асылды. Шалқар әскерилендірілген теміржол күзеті №60 атқыштар командасының бастығы Жәнібек Жандос  ұжымды мерекемен құттықтап,  мекеме ардагерлеріне сый құрмет жасады. Ардагерлер Мақсат Салықов, Самат Қитаров, т.б. Ұлыстың ұлы күні мерекесінің маңыздылығы хақында ізбасарларына кеңестерін айтып, бата-тілектерін жаудыртты.

Темірдей тәртіп пен қырағылықты жанына жалау еткен күзеттің майталмандары бұл күні өздерін еркіндікке салып, ләңгі тебу, арқан тартыс, т.б. ұлттық спорт түрлеріне белсенділікпен қатысып, бақ сынасты.

Күзет қызметкерлерінің отбасылары да Наурыз мерекесінде осы жерден табылуы ауызбіршіліктің бірегей көрінісін айқындай түсті. Аудандық Мәдениет үйінің көркемөнерпаздары жиналған қауымға өнерлерін тарту етті. Орайы келгенде наурыз көжені әзірлеп, дастарқанның сәнін келтірген барша апа-қарындас, жеңгелерімізге ұжымның айтар алғысы шексіз. Лайым, жылдан-жылға аман жетіп, Ұлыстың ұлы күнін бірге тойлауды бәрімізге жазсын, Тәңір.

Еркебұлан МАМАНБАЕВ,
Шалқар әскерилендірілген теміржол  күзеті