ДЕНСАУЛЫҚ, ЖОЛ-ҚҰРЫЛЫС ҚЫЗМЕТТЕРІНІҢ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛДЫ

18 тамыз күні Шалқар ауданының қоғамдық кеңес отырысы өтіп, күн тәртібінде «Аудандағы денсаулық сақтау қызметін жақсарту мәселелері туралы», «Аудандағы жол құрылыс инфрақұрылымдарды дамыту туралы» және «Е.Көтібарұлы ауылдық округінің 2021 және 2022 жылдың 1-ші жартыжылдығы бойынша атқарылған жұмыстары туралы» мәселелер қаралды. Алғашқы мәселе бойынша аудандық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Жанна Сапарбекова баяндады:

Шалқар ауданы тұрғындарына аудандық орталық ауруханасы 75 керует орнымен, аудандық емханасымен тәулігіне 250 адам қабылдайтын, 7 дәрігерлік амбулатория, 3 фельдшерлік-акушерлік пункт, 19 медициналық пункт медициналық көмек көрсетеді. Аудан халқының саны 41818, оның ішінде ересектер саны 30688, жасөспірімдер 1954, балалар 9176. Аудан бойынша 2022 жылдың алты айындағы демографиялық көрсеткіштері төмендегідей: туу (1000 тұрғынға шаққанда) 2021 жылдың алты айында 565, 2022 жылдың алты айында 450, жалпы өлім 2021 жылдың алты айында 116, 2022 жылдың алты айында бір жасқа дейінгі балалар өлімі 2021 жылдың алты айында 10, 2022 жылдың алты айында 3, ана өлімі 2021 жылдың алты айында 0, 2022 жылдың алты айына 0. Туберкулезбен аурушаңдық 2021 жылдың алты айында 9, 2022 жылдың 6 айында 12. Қатерлі ісікпен аурушаңдық 100 мың тұрғынға шаққанда 2022 жылдың алты айында 35, өткен жылы бұл көрсеткіш 31, яғни салыстырмалы 12,9 пайызға көбейіп отыр. Қатерлі ісікпен өлім-жітім көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 50,2 құрап, өткен жылдың алты айымен салыстырғанда 25,1 пайызға жоғарылаған.

Баяндамашының айтуы бойынша ауданда эндокопист, акушер-гинеколог, терапевт, хирург, онколог, нарколог, т.б. дәрігерлер жетіспейді екен. Қазір дәрігер белгілі бір мамандық алу үшін 3 немесе 6 айлық курстан өтпей, бақандай 3 жыл оқуы керек, бұның өзі дәрігерлерге қажетті мамандықты алып, жұмыс істеп кетуге қиындық тудыруда екені айтылды. Аудандық ауруханаға жалпы сомасы 20057000,00 теңгеге керекті аппараттар сатып алынған.

Ж.Сапарбекова осы жылдың сәуір айынан бастап аудандық емханаға, мәйітханаға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқанын айтты. Сонымен бірге ол аудан көлемінде СОVID-19 коронавирус инфекциясына қарсы жүргізілген іс-шаралар, медициналық екпеден бас тартқан балалардың ата-аналарымен жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижелері туралы, жылжымалы медициналық кешен, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жөнінде айтып өтті.

Қоғамдық кеңес мүшелері қазір ауданымызда жүрек, аллергия ауруларын емдейтін дәрігерлердің жоқтығын тілге тиек етті. Бұның барлығы маман тапшылығынан деді баяндамашы. Екінші мәселе бойынша, Шалқар аудандық сәулет, құрылыс, тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Шұға Сәдуақасова баяндады.

 — Шалқар қаласының үш бағыты бойынша, яғни, аудан орталығынан шығатын Шалқар-Ақтөбе, Шалқар-Бозой, Шалқар-Ырғыз тас жолдарын электрмен жарықтандыру желілерінің жобасы дайын болады, оның ішінен Шалқар-Бозой тас жолын жарықтандыру құрылысына аудандық бюджеттен 34021,0 мың теңге бөлініп, құрылыс жұмыстары сәуір айында басталып, мамыр айында қабылдаудан өтті, қаржысы толық игерілді. Сонымен қатар, аудандық бюджет қаржысы арқылы 2021-2022 жылдарға жоспарланған Биекенов, Байсалбаев, Жалмағанбетов көшелерінің тас жолдарын жарықтандыру, Қопасор және Есет ауылдарына газбен қамту желілерін салу жобалау-сметалық құжаттамалары дайындалуда, — деді ол.

Баяндамашы аудандық маңызы бар автомобиль жолдарын, қала және елді мекендердің көшелерін күрделі және орташа жөндеу бойынша 2022 жылға жыл басынан облыстық бюджеттен 1058045,0 мың теңге, аудандық бюджеттен 15022,2 мың теңге және қала аппаратына трансферт есебінде 281267,2 мың бөлініп, жобаның іске асып жатқанына тоқталды және қоғамдық кеңес мүшелерінің сауалдарына жауап берді.

Үшінші мәселе бойынша: — Есет Көтібарұлы ауылдық округі екі елді мекеннен тұрады, Байқадам және Алақозы елді мекендері. Жер көлемі 739,8 мың га. құрайды. Округ бойынша халық саны 724 адам. Байқадамда 683 тұрғын, Алақозыда 41 тұрғын. Экономикалық белсенді тұрғындар саны 383 адам. Округте 1 жалпы орта білім беретін мектеп, 1 бөбекжай бақша, фельдшерлік-акушерлік пункт, мәдениет үйі, кітапхана, 1 АТС, пошта бөлімшесі жұмыс жасайды. Байқадам ауылы орталықтандырылған сумен және көгілдір отынмен қамтылған, — деді Е.Көтібарұлы ауылдық округінің әкімі М.Кенжалин және ауылдық округте 54 шаруа қожалығы жұмыс жасайды. Округте қазіргі таңда мал басы 4558 бас мүйізді ірі қара, 15934 бас қой-ешкі, 5429 бас жылқы, 1240 бас түйе. Мал азығын дайындауға берілген екі айлық тапсырма 29000 тонна шөп дайындалып, 100 пайызға орындалды, дей келе басқа да атқарылған жұмыстарға толыққанды тоқталып өтті.

Қоғамдық кеңес отырысының аяғында кеңес ережесіне толықтырулар енгізіліп, қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды.     

Posted Under
Санатталмаған