ОРТАҚ МӘСЕЛЕЛЕР АЙТЫЛДЫ

Аудан әкімі Жанболат Жидеханов Ақтоғай, Бершүгір, Тоғыз, Кішіқұм ауылдық округтерінде болып, тұрғындармен кездесіп, үстіміздегі жылдың алты айында атқарылған істерге  тоқталды. Сонымен қатар, осы ауылдық округ әкімдері де жыл басынан бергі жүзеге асырған жұмыстарын баяндады.

Қауылжыр ауылының тұрғындары: «Ауылдағы бастауыш мектеп жабылмаса екен», деген тілектерін айтты. Қораларындағы малдан шыққан көңді, күл-қоқыстарды сыртқа шығаруға жалдайтын көлік болса, малға шөп тауып, сатып алудың да қиын болып тұрғанын жеткізді. Қорғанжар ауылының тұрғындары да шағын мектептерінің жабылмауын сұрады. Аудан әкімі шағын ауылдардағы мектептерді мүмкіндігінше ұстап тұруға жұмыс жүргізілетінін айтып, тазалықты бірігіп ұстауға шақырды. Малға шөп аудан бойынша дайындалып  жатқанын, оның бағасының тасымалдың алыс-жақындығына орай өзгеретіндігін жеткізді. Бұл мәселелерді шешуді ауыл әкімі Е.Құрмашқа тапсырды.

Сарысай, Алабас елді мекендерінің тұрғындары Бершүгір стансасына дейінгі жолымыз жарақты ұсталып, қыста тазартылып тұрса деп, қымбатшылық жайын да қозғады. Аудан әкімі жолды жарақты ұстауға жергілікті зауыттардың көмегі болатынын жеткізді. Қымбатшылықтың жалпы ел бойынша бар екеніне тоқтала келіп, туындаған мәселелерді округтегі қауымдастық мүшелерімен реттеуге болатынын түсіндірді. Алабастықтар ауылдағы электр желісін жарақты ұстауға жәрдем сұрады, электрик маманның керек екенін айтты. Бұл ауылға ТҮКШ бөлімі арқылы келісім-шартпен электрик алынатын болып шешілді.

Бершүгір стансасының тұрғындары: «Енді қиыршық тас зауыты ашылмасын, жұмыс істеп тұрғандары шаң басатын қондырғылар орнатып, ауылдың әлеуметтік жағдайын жақсартуға көмек көрсетсін», деген талаптарын қойды. Аудан басшысы бұл мәселелерден облыс басшылығы да хабардар екенін, реттеу жөнінде жұмыстар жүргізіліп жатқанын жеткізді. Бершүгір таулы қыраттарын мемлекеттік қорғауға алуға тиісті орындарға ұсыныстар беріліп жатқанын мәлімдеді.

Тоғыз, Кішіқұм ауылдық округтеріне қарасты елді мекендерде өткен кездесулер барысында тұрғындар көптен айтылып жүрген автокөлік жолы, көгілдір отын мәселелерін қайта қозғап, осы игіліктерге қол жеткізетін күнді асыға күтетіндіктерін жеткізді. Бұл екі округ теміржол бойында орналасқандықтан ондағы тұрғылықты халықтың дені — теміржолда тұрақты жұмыспен қамтылған. Десек те кездесулер барысында шағын кәсіпкерлікті дамыту, мал шаруашылығы, жер мәселелері төңірегінде ой-пікірлер айтылды. Аудан басшысы әрбір айтылған пікірлерді назарда ұстайтындығын жеткізіп, сауалдарға қанағаттанарлық жауаптарын берді.

Осы мақсаттағы кездесулер аудан орталығында да өтті. №6, №4, №8 орта мектептерінің акт залында өткен жиындарда қала бойынша атқарылған жұмыстар баяндалды. Қай кездесулерде де тұрғылықты халық жеке бастың мәселелерін қозғамай, елге ортақ ұсыныс-тілектерді тілге тиек етті. Олардың қатарында жол, тазалық, тәртіп, т.б. болды.

Осы жиындарда аудан әкімімен бірге болған мекеме, бөлім басшылары да тұрғындармен жекелей жүздесіп, талап-тілектерін тыңдады.