ТЕМІРЖОЛДА ТЕР ТӨККЕН

Ел экономикасының күретамыры саналатын теміржол саласының қоғамымызда алар орны зор. Оның бетімен тоқтаусыз жүріп жатқан жүк тасымалы мен жолаушылар пойызын былай қойғанда, осы болат жолдың бойында қаншама адам еңбек етіп нәпақасын тауып отыр.

Теміржол аты айтып тұрғандай нағыз қайнаған еңбектің ортасы. Бұл жерде жұмыс істеп, жүктелген жауапкершіліктің жүгін арқалаудың өзі ерлікке пара-пар. Талабы таудай, тәртібі бекем  шойынжолда шыңдалып, ғасырға жуық тарихы бар салада табан аудармастан еңбек еткен ағалардың қажыр-қайратына кейде сүйсінесің.

Бозбала шағынан тепловоздың ащы үнімен оянып, болатжол бойынан еңбектің дәмін татқандардың бірі — Серік Жанасов. Ол 1976 жылы Шалқардағы №1 қазақ орта мектебін бітірген соң өзінің қатарластарымен бірге арманына қанат бітіріп, Алматыға оқуға түсуге барады. Таңдағаны экономист маманы болу. Ол кезде оқуға түсудің өзі қиын болатын. Серік ағаның қалаған оқуына қол жеткізудің реті болмады. Бірақ жас жігіттің одан тауы шағылмады. Елге келісімен үйде отырмай Шалқардағы теміржол мекемелерін жағалап, біріне қарапайым жұмысшы болып орналасады.

Орта мектепті бітірген жігері тасып тұрған жігіттерді ол кезде де жергілікті әскерге шақыру бөлімдері «аңдып» тұратын.  Отан алдындағы борышын өтеу парыз, әскерге бару ер жігітке үлкен мәртебе еді ол кезде. Серік аға 1978-80 жылдары Ресейдің Харьков қаласы маңындағы теміржол әскери бөлімінде 2 жыл борышын өтеп келеді. Осы кезден бастап оның теміржол саласына деген ынтасы қайта ашыла бастайды. Армиядан оралғаннан кейін жергілікті теміржол мекемесіне жұмысқа орналасып, осы салада білімін жетілдіріп, шебер, аға шебер, машинисттің көмекшісі, бригадир сынды жауапты қызметтерді атқарады.

Одан бергі жылдар ішінде кейіпкеріміз теміржолдағы жұмысынан бір сәт қол үзген емес. Ол өткен айдың 3-і күні 63 жасқа толды. «Қамқор Локомотив депосы» Шалқар сервистік орталығында сапа бақылау бөлімінің менеджері қызметінде жүріп, құрметті еңбек демалысына шыққан Серік Мәжитұлының еңбекқорлығын, азаматтық болмысын, ағалық пейілін әрдайым үлгі тұтады.

 Серік аға қарапайым һәм кәнігі маман. Еңбектің қара торысына айналған жандар қашанда бос мақтан мен мансапты жаны сүймейді. Жарты ғасырға жуық еңбек өтілінде теміржол саласының жоғары басшылығынан алған марапаттары мен төсбелгілері бір төбе. Оның барлығын жіліктеп айтып, өмір дерегіне кірістіріп отырғанды ол қаламайды. Қарапайымдылықтың қатарында жүру кезінде ақыл кеңестерін берген Қани Жұмағұлов, Ынта Төлегенов, Матығұл Оспанов, Тілеужан Боқаев сынды ағаларынан «жұққан» қасиет еді.

Уақыт ағымымен ардагерлер қатарына енген теміржолшының бар тілегі елдің амандығы, отбасы, бала-шағаның бақытының баянды болуы. Зайыбы Күнімай Нашановамен отау құрғандарына биыл — 40 жыл. Серік ағаның құлағына жарты ғасыр естілген депоның тоқтаусыз дыбысын енді шаңырағындағы немерелерінің шат күлкісі алмастырады. Маңдай тердің зейнеті осылай өрбігені жарасымды.

М. Боқан,

Шалқар қаласы.

Posted Under
Санатталмаған