ҚОС ШАРА — ОРТАҚ МҮДДЕ

БАБАЛАР РУХЫНА ТАҒЗЫМ

Халқымыз қай кезде де, қуаныш пен қиыншылық та бір жерден табылып, ынтымақ пен бірліктің туын сан ғасырдан бері биік ұстап келеді. Шалқар қаласындағы Мәтей Қоқанұлы мешітінің асханасында Орта жүзден тарайтын Уақ ағайынның бірігіп берген  үлкен асынан береке мен бірліктің көрінісін көрдік.

Бүгінде облыс бойынша айтпағанда Шалқар ауданының өзінде 100-ден астам Уақ руынан тараған шаңырақ түтін түтетіп отыр. Дархан елдің қай жері де қазаққа ортақ. Десекте кіші жүз, оның ішінде Ақтөбе, Шалқар өңіріне Уақ аталығының сіңісуіне өткен кезеңдердегі тарихи оқиғалар себепші болған деседі ұрпақтары. Ағайын болып жиылып ас берудің де түпкі мақсаты сол — өткенді саралап, бабалар рухына тағзым ету.

Осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе қаласындағы «А-Полиграфия» ЖШС баспаханасынан «Уақ Баянас баба және баталар» деген атаумен кітап шығарған 81 жастағы Өмірзақ қажы Жұмабайұлы әр сөзін тарихқа телиді. Сонымен Уақ ағайындар Шалқар жеріне қалай келді, аста сөз алған кітап авторының айтуымен өрбітсек:

—Кешегі хан мен қара, бай мен жарлы тең емес, біреуге біреу үстемдік жасайтын уақыттарда жер дауынан көптеген түйткілдер туындаған. Осындай мәселелердің бірі үлкен дауға айналып Уақтар Баянас әулиенің бастауымен Қостанайдың Құсмұрын жеріндегі Обаған өзенінің бойынан 17 үй болып көшуге бел буады. Жөргекте жатып әруағымен тілдескен Кіші жүз Есет Көкұлы құрдасынан Баянас әулие араша сұрап, бір түнде үдере осы бетке көшеді. Әрі әулие, әрі батыр Есет те түсінде өзін іздеп келе жатқан елді көріп, алдынан шығып қуғыншыға шаптырмай, еліне әкеліп, жер беріп орналастырыпты. Алайда Тама Есет дүние салғаннан кейін  бұл жерден де көшуге мәжбүр болады. Сонан Жем өзенінің бергі бетіне қоныстанады. Бұл аумақ малға шұрайлы болғанымен суы тапшылау екен. Баянас әулие үлкен ұлы Төбетті бір топ адамдарымен қазіргі Темір ауданындағы Қарақамыстың жәрмеңкесіне жібереді. Оларға: «Жәрмеңкені аралап, адамдармен тілдесіңдер, біз сиятындай қандай ел бар екен, біліп келіңдер,—деп тапсырма береді. Айдан астам жол  жүріп келген баласы Төбет жәрмеңкенің өту барысын әкесіне баяндайды. Жәрмеңке үш күнге дейін ашылмай, бір адам күтті. Ол—Тілеу-Қабақ елінің Сарышоңай деген етек жеңі кең, орақ мұрын, ұзын бойлы биі екен дейді. Сонда Баянас әулие: «Балам айтқан биіңнің етек жеңі кең болса, оның еліне бізде сыярмыз, көшті сонда бұр деп, бағыт береді. Тілеу-Қабақ елі олардың тұрақты қонысы болды. Алайда бағыт сілтеген Баянас әулие бұл жерге қарттығынан жете алмай Байғанин ауданындағы Қызыл әскер деген жерде сүйегі жерленген екен.

—300 жыл бұрын болған бұл  оқиға еш жерде жазылмаса да бабаларымыздың ауызында сақталып, бүгінге дейін жетіп отыр. Түпкі мәні осылай, нақпа-нақ айтуды газетің көтермейтін шығар, авторлығыммен шыққан кітабымда оқиға желісі түгелімен қамтылған. Өзім бас болып 2017 жылы ХVII-VIII ғасыр аралығында өмір сүрген Баянас әулие атамызға ескерткіш орнатып, рухына тағзым еттік,—дейді Өмірзақ қажы.

Имандылық үйіндегі бас қосуда ветеринария ғылымының кандидаты, доцент, алматылық Қуандық Нұршин, Байғанин ауданының Құрметті азаматы ИбраҺим Ермекбавтың, еңбек ардагері Сапарғали Досжанов, т.б.  Уақ аталығы жайындағы мәлімдемелері бір арнаға тоғысты.    Төрден  орын алған қадірлі ақсақалдарымыздың  баталы сөздерінен «руды бөліну үшін емес, бірігу үшін білуіміз керек», деген ортақ ұғым жаңғырып тұрды. Жас ұрпақ осы басқосуда бабалар жолына ой жүгіртіп, тарих тағылымын зерделеріне құйды.

ЕСІМНІҢ ЕСІМІ ҰМЫТЫЛМАЙДЫ

Асқа жиылған қауым бұл күні тағы бір игілікті істің куәсі болды. Шалқар қаласының орталық көшелерінің біріне аудан әкімдігі мен жергілікті мәслихаттың 2017 жылғы 17 ақпандағы қаулы, шешімімен есімі берілген Есім Жаңбыршиннің атына белгі тақта орнатудың салтанатты рәсімі болды.

Уақ аталығынан тарайтын Есім Құсайынұлының есім-сойы алдыңғы толқын аға буын өкілдеріне жақсы таныс. Ол 1916 жылы Қостанай облысының Преногорьковск ауданындағы Починовка ауылында туған. Қостанай мұғалімдер даярлау курсын бітірген. Еңбек жолын Починовка орталау мектебінде мұғалім болып бастайды. 1938-1948 жылдары Жаңатілек орталау мектебінің мұғалімі, Королев орталау мектебінің директоры, Ұзынкөл аудандық халық ағарту бөлімінің меңгерушісі, Ұзынкөл аудандық партия комитеті ұйымдастыру-нұсқау бөлімінің меңгерушісі, аудандық партия комитетінің хатшысы, Введенск аудандық кеңес атқару комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерінде болған. 1948 жылы Шалқар аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы болып сайланып, бұл міндетті 1955 жылға дейін атқарады.

Ұлы Отан соғысынан кейінгі ауыр жылдарда Шалқар ауданындағы ұжымшарлардың құрылуына, ауылшаруашылығы мен құрылыс салаларының дамуына, елдің тұрмыс-тіршілігінің жақсаруына үлесін қосқан азаматтардың бірі.

Есімнің есімі берілген көшенің басына орнатылған белгінің ашылуына аудан, қала әкімі орынбасарларымен қатар еңбек ардагерлері, ағайындары және осы шараға Алматыдан арнайы келген қызы Раушан Есімқызы қатысты. Аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев заманның қоңырқай тұсында ел басқарып, Шалқар жұртшылығының жадында жақсылығымен аты қалған азаматтың адамгершілік қасиеттерін сөз етті.

   Ауылшаруашылығы саласының ардагері Сапарғали Досжанов Есім Жаңбыршиннің өмір жолына тоқталып, оның Шалқардан кейін облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары, Байғанин ауданында аудандық кеңес атқару комитетінің төрағасы, аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы, 1962 жылдан 1975 жылы дүние­ден озғанға дейін Қобда ауданында бас­шы­лық қызметтерде абыроймен атқарғанын айтып, одан тараған ұрпақтардың да ел игілігіне қызмет жасап жүргенін жеткізді.   

 Раушан апай көшеге әкесінің есімі берілгендігіне ризашылығын білдірді, осы іске ұйытқы болған барша азаматтарға әулеті атынан алғысын жаудырды.

—Әкеміз КСРО кезіндегі жоғары партиялық-саяси оқу орнын тәмамдаған сауатты, көзі ашық адам болды. Туған жеріміз Қостанайда жүргенде оған ойламаған жерден Ақтөбе облысының Шалқар ауданына басшылық қызметке баруға  ұсыныс түсті. Басында қобалжып, өзге жер деп, көп толғанды. Бірақ өзіне артылған сенімді жоғары қойып, жоғарының сөзін жерге тастамай келісімін берді. Анам екеуіміз әкемді Қостанайдың аэропортынан шығарып салғаным есімде. Қолында бір чемоданымен Ақтөбеге қонатын «Ан-2» самолетіне мінді.  Ол кезде мен 5 жаста едім, — деп, өткенді есіне алып, тебіренді ол.

«Ат тұяғын тай басар, жақсының ізі жалғасар»,—дейді халқымыз.   Есімнің ұлы Қозы-Көрпештің де есімі елге елеулі. Ол тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуына үлесін қосқан, республикалық деңгейдегі бірқатар жауапты орындарда басшылық қызметтерді атқарған азамат. Өмірінің соңғы кездерінде Қазақстан Республикасы Есеп комитетінің төрағасы қызметінде болды. Шалқар қаласының бір көшесі әкемнің есімімен аталса екен деген, оныңда жүрек қалауы болыпты.

Қызмет еткен қазақ кеңесінде,

Мықтының мықтылығы шегесінде

Мықты адамның біреуі —Есім аға,

Жақсы атақпен сақталған ел есінде.

Азамат сіздей болсын алып деген,

Оңайма жұмыс жасау халықпенен.

Есім аға, әрине ұлы тұлға,

Ұлтына жақсылықты дәріптеген.

Қуандық өткеннен сыр ақтарғанға,

Ер Есім, ел есінде сақталғанға.

Қуандық шын жүректен бүкіл аудан,

Бір көше, Есім деген атты алғанда.

Жарқырап, тақтада тұр рәсіміңіз,

Ешқашан тот баспайды асылымыз.

Халқына адал болып, еңбек еткен,

Жаңбыршиен Есім атты хас ұлыңыз,—деп,  ақтөбелік  Инамат Құдайбергенов арнау оқыды. Сары Батақұлы атындағы Шалқар аудандық Мәдениет үйінің қызметкерлері дәстүрлі ән-жырдан шашу шашты. Өткеннен ой қозғаған мүддесі бір  қос шараның айта жүрер тағылымды тұстары көп болды.

Мұхтар МЫРЗАЛИН.