КӨЗ КӨРІП, КӨҢІЛГЕ ТҮЙГЕНДЕРІМ

«Шалқар» газетіне — 90 жыл

1932 жыл. Тамылжыған тамыз. Құмырсқаның илеуіндей адам пенде тіршіліктің қамында. Ел тұрмысының сол бір кездегі мүшкіл жағдайы қариялардың есінен кете қойған жоқ. Соған қарамастан, дәл сол 1932 жылдың 20 тамызында Шалқар аудандық «Социализм туы» газетінің тұңғыш саны жарық көрді. Осы бір тарихи, айтулы датаға биыл 90 жыл толып отыр. Газеттің негізін қалаған адамгершілігі мол, аса сауатты Әбидолла Биекенов ағамыз болатын.  Бұрын-соңды бұл өңірде болмаған жаңалық. Өз қолымен құрған газет редакциясына басшылық етті. Кейін Ұлы отан соғысына қатысып, саяси жетекші, майор шенінде қызмет етіп, соғысты жеңіспен аяқтады. Омырауында бірнеше орден, медальдары жарқыраушы еді. Одан Республика Жоғары сотының төрағасына дейін көтеріліп, 1946 жылы өмірден өтті. Артында ұрпақтары қалды.

АҒАЛАР САЛҒАН ЖОЛ

Газетті әрі қарай шежіреші қарт атанған Тілеужан Шойғарин ұзақ жыл редактор болып, одан соң Тауман Төреханов ағамыз 30 жылдан астам басшылық жасады. Аталған редакторлар газеттің көсегесін көгертіп, керегесін нығайтуға, аудан өндірісі мен шаруашылығын, ел тұрмысын жақсартуға өздерінің зор үлестерін қосты. Олар жайлы көптеген авторлар шығармашылығы мен еңбек жолдарын дәріптеп мақалалар жазды. Оқыдық, қызығып, тіпті еліктеуге де тырыстық. «Болмасаң да, ұқсап бақ», демекші. Өйткені, бұл ағаларымыз тек Шалқар ауданы ғана емес, бүкіл елімізге қыруар қызметімен танымал тұлғалар. Әрқайсысының адал еңбектері кезінде әділ бағаланған. Үлкен атақ-абыройы, көптеген мақтау, марапаттары бар. Тауман ағамыз «Қазақ ССР мәдениетінің еңбек сіңірген қайраткері» атанды.

1963 жыл. Осы кезден бастап аудандық газет «Коммунизм таңы» деген атқа ие болды. Ал газетті бұдан бұрын баспасөз саласында елеулі еңбек еткен білгір маман Тауман Төреханов ағамыз басқарды. Cол тұста ауданымыздың «Айнасы» өндіріс, ауыл шаруашылығы, мәдениет, сауда, мектеп, теміржол т.б көптеген салаларды кеңінен қамти отыра, мазмұнды да әдемі шығатын-ды.  

Сонымен қатар бір ерекшелігі, «Шеңгел» деген атпен сын-сықақ, әзіл-оспақ, фельетон сынды материалдарға орын беріледі. Тиісінше мекемелерге жолданып, жауап келіп жатады. Және бір айта кетерлігі, Тауман ағай редактор ретінде әсіресе, еңбекші хаттарына үлкен мән беруші еді. Кейде қандай да бір хатты ыңғайға көндіре алмаған сәттеріміз болатыны жасырын емес. Ондайда ағай, еңбек адамдары мұң-мұқтажын, талап-тілегін сөз етеді. Сондықтан да әлгіге аса мұқият қарау керек екенін түсіндіреді. Нәтижесінде жаңағыдай хат газет кәдесіне жарап, жария болады. Газет шаруасымен ел аралап, сапарға шығарда неге назар аудару керектігін, кімдерге жолығу, қалай барып қайту, бәрін егжей-тегжейлі жөн сілтейтін. Біздерді, шәкірттерін ағай осылайша баулыды, ал біздер тәжірибені мысқaлдап жинаушы едік. Ұлағатты ұстазымыз, Тауман ағамыз бүгінде шығармасын шалқытып, романдар тоғытып, аман-есен Алматының бау-бақшаға бөленіп, гүлге оранған ауасында тыныстап, тұрып жатыр. Отбасына амандық, өзіне Алла қуат бергей демекшімін.

Ертеректе осы газет редакциясында қызмет етіп, өмірден өткен бір сыпыра адамдардың көзін көрдік. Әртүрлі себептермен жүздесіп, әңгімелескен сәттеріміз де болды. Осы орайда бірге болған бір кездесу кеші (1987 жыл. 2 қазан) есіме түсіп отыр. Оны төменде баяндаймын.

КЕЗДЕСУДЕН КЕЙІНГІ ОЙЛАР

Неше кездесулер, неше кештер болмай жатыр дейсiз. Әңгіме осы бiр қызықты кездесуге себеп болған кітаптар, сол кітаптың кұдіреті, мол мүмкiншiлiгi және осы жайында айтқан ағаларымыздың тәyip ой-пiкiрлерi еді, мені де ойландырып жүрген. Ендi, мiне, бүгiн сол ойларымды ортаға салғалы отырмын. Олар кәдiмгi өзiмiз көріп жүрген ауылдас ағаларымыз еді. Өзгелерiн бiлмедім, ал өз басым ерекше бір сезiмдемін. Маған олар жаңаның дабылындай сезілді, маған олар жорықтардың жалынындай сезiлдi. Бәлкім, олар кітап атаулымен қаршадайынан достасып, күні бүгінге дейiн қолынан тастамағанынан шығар-ау. Әлде олар сол кітаптардың  авторлары ақын-жазушылармен әлденеше рет қауышып, дәмдес болып, әңгіме-дүкен құрып, сырласқан ба екен? Әлде өздерi де сол кiтап атаулы айшықты кiлемнiң арқауына жарағандықтарынан ба екен? Қалай десеңiз де, қандай болмасын түйiннiң шешуі кітапта, iлiм-бiлiмнiң өзi кiтапта, ата-бабаның көзі кiтапта. 

Kiтaптарды оқып отырсаң, кейде сахараның шөлінде жүресің, кейде айдын көлінде жүресің, кейде қан майданның төрiнде жүресің, кейде ит мұрны батпас тайганың өрінде жүресің. Бiрде кеншiлермен кездесіп, бірде шахтерлардың жанында жүресің. Бірде егіншілермен жүздесіп, бірде малшылардың маңында жүресің. Мүмкін сондықтан шығар, жоғарыда айтқан ардақты ағаларымыздың бірі — Шалқардың тірі шежіресі, Тілеужан Шойғаринді жаңа көргендей сезінгенім.

Ол ой қиялы, азаматтығы биiк адам. Өзі сексеннен жасы асып, қас  қабағына дейiн  қырауланса да ширақ, iс-қимылы әлi де баяуламаған адам. Тілекеннің құмарта оқыған әдеби кітаптары, өзінің жазғандары, дәмдес болған ақын-жазушылары мен өнер қайраткерлерiнiң саны өзiнiң жасынан әлдеқайда асып кетті. Ол кезiнде жыр алыбы — Жамбылмен де жүздеciп, өз көзімен көріп, өз құлағымен жырын тыңдаған. Ол кезiнде Нұрпейіс ақынмен де дәмдес, сырлас болған. Ол кезінде Спандияр жазушымен де әлденеше рет сырласқан. Осы кездесуде Тiлекеңмен екеумiз қатар отырмыз. Маған сәл еңкейiп «құлағым тосаңдау естиді, не деп жатыр?» дейді. Мен дыбыстаңқырап, «Әділгерей кітап жайында баяндап тұр» деймін. «E…e? дейді ол. Баяндаманың аяқталғанын жұрттың қол соққанынан сезген ол бітті ме?» дейдi. Мен «бiттi» деймiн. Өзіне қарай ыңғай бiлдiргенiн сезiп, тағы не деп жатыр?»  дейдi. «Сiзге сөз беріп жатыр» деймiн мен. « Е…e»-деп күлімдеп мінбеге келдi. Кіммен қандай жағдайда кездесіп не жайында әңгімелескендері, бәрi есiнде екен. Арасында кезiнде айтылған жыр шумақтарынан да шалқытып-шалқытып өтеді. Ия, шежіре десе, шежіренің өзі.

Ендi кiтап жайында пікір айту кезегі Шынықұл Қарамергенов ағамызға тиді. Бұл кісі де өзінің қарулас, майдандас, қаламдас дос-жарандары жайлы көп жазып, айтып жүргендердiң бiрi. Кітаппен де жас кезінен достасыпты. Ендi бiр ағамыз өзінің кім екенiн қан майданда танытқан. Жазушы Әди Шәріповтың «Партизан қызы» атты кітабындағы кейіпкер Әбдіғали Төлегенов осы кісі. Бұл ағалардың айтқандарын өзiмше зейiн қойып, ықыласпен тыңдап отырғандаймын. Дегенмен де сезiп отырмын, егер де өзіме сөз берiле қойған жағдайда не демекпін? Осы сауал мазалап, ойымды онға бөледі. Әйтеуір кезегім келiп сөз берілгенде, бiр-екi ауыз сөздің басын қысыла-қымтырыла құрап айтқан болдым. Ойлаймын, кiтапты, оның мүмкiншiлiгi мен құдыретiн телегей теңiзге теңер болсақ, ол жайында әлі талай айтылатын ой-пікірлерді ұшы-қиырсыз мұхиттың өзі деуіміз керек. «Неге?» десеңiз, онда бәрі айтылып, бәрі жазылады ғой». Кiтапты оқып отырып, жылдың төрт мезгілi сияқты көңiлiң сан алуан күйге түседi. Бiр сәт өзiңдi ұмытқандай болып қиялдап кетесiң. Бір сөзбен айтқанда, жаның жадырайды. Қиналатын кездерiң болады. Әдеби кітаптарды көп оқыған адамдардың қолынан бiреудi жазықсыз жазғыру, зәбірлеу, өсектеу, даттау келмейді деп ойлаймын. Керісінше, бүкіл адамзат бойындағы тазалығы, ар тазалығы, кіршіксіз сүйіспеншілік, бауырмалдық, басқа да  асыл қасиеттердi iрiктеп алып, бойына мол дарытуға тырысады. Сонымен кітап адасқанды жөнге салатын, тентекті тезге салатын тәрбиеші. Кітап сондай-ақ ыстықты суытатын, тасқынды басатын, қаталды жiбiтетiн сыншы.

Белгілі жазушы Әбділдә Тәжібаев өзiнiң бес томдық шығармалар жинағында «Мен жиырмаға жете бергенде Сәкен Сейфуллинді Нәзір Төреқұловтың сынынан қорғаған көлемді мақала жазыппын. Оны «Еңбекшi қазақтың» 1929 жылғы сентябрь айындағы бір санында бастырыппын. (Tap жол тайғақ кешу» мен Нәзiрдің сыны туралы» деген мақала). Бiрақ, сол балдырған шақта Сәкен сияқты ағаларды қорғамақ болғанымды бүгiнде мақтан етемін. Революцияға, оның әрбiр ұранына үн қосып жату, мезгiлмен бірге қозғалу, замандастарға жәрдемдесу — бақыт емес пе?! — дейдi (55-56 бет, бесінші том ).

Мысал үшiн алысқа барып не керек? Өзiмiздiң Шалқар аудандық «Коммунизм таңы» газетінде «Өсер елдің жiгiтi бiрiн-бiрi батырым дер» деген мақала көпшілікке үлкен ой салды. Оған көптеген жұрт пiкiр айтты. Міне, елдiң елдiгiн, ауызбірлікті, ұйымшылдықты, адалдықты, абыройлылықты толғаған азаматтың ой оралымы, айтар сөзi осындай болмақ. Әрине, кейбір жағдайда қоғамымызда, ортамызда сауаты жетсе де, санасы жетпей, әдеби кітаптар мен ата-бабаның нақыл, асыл сөздерін теріп алып, іске жаратуға шамасы келмей, айдын күннің аманында, ел тыныштықта тегіс жерде сүріншектеп жататындарды да аз да болса кездестіреміз. Ал жоғарыда аты аталған Тілеужан, Әбдіғали, Шынықұл көптеген басқа да ағаларымызды тек сөрелеп кітап жинап оқып және өздері де жазып қана қоймай, сол кітаптардың құдіретін қалың бұқараға үгіттеп насихаттаушылар деп білеміз.

ҚЫДЫРАЛЫНЫҢ ҚАМҚОРЛЫҒЫ

1990 жылдың қаңтар айында газет редакторы Тауман Төреханов ағай бұрын баспасөз ісіне белсене атсалысып жүрген Қыдыралы Әлинді жауапты хатшы етіп қызметке алды. Араға екі ай салып, наурызда газетке тілші ретінде мені де қабылдап алды. Редакцияда ол кезде Хайролла Тыныбеков, Маркен Асанов, Жақсылық Кенжалиев, Серік Әйімбетов, Зұлқия Іскендірова, Клара Мұқанова қызмет етіп жатты.

Олардың әрқайсысының өзіне тән әдеті, мінезі, іс тәжірибесі бар. Әсіресе, Маркен Асанов ауыл тақырыбын шебер жазатын еді. Басқарма, малшы бәрін таниды. Жақсылық Кенжалиевтің сурет салатын өнері бар. Гитарамен ән шырқап, Ұлықпан Жолдасовпен ұқсастығы егіздің сыңарындай. Серік Әйімбетов фототілші, оған қоса түрлі шаруаға икемді, тындырымды. Клара да жан-жақты, қолынан бәрі келеді. Өзі корректор, өзі кассир, жазу машинкасы, компьютер деген «асауларды» «бас білдірген», құлағында ойнайды. Сондай шеберлігінен ғой, «ит қырылған» заманнан бері бір орында әлі отырғаны. Мен сөз орайы келгенде жігіттерге айта жүретінім бар. «Осы қыздай іскер адам ешуақытта жұмыссыз қалмайды, жұмыс сені өзі іздеп, тауып алады, кетіп қалсаң қайта шақырып алады», деп. 

Кейін Қыдыралы Әлин газетке редактор болып тағайындалды. Бірге түсіністікпен көп жыл жұмыс істестік. Бір кездері Ақтөбе облысының аудандық газеттері біразы жабылып жатқанда «Шалқарға» да қауіп төнді. Қыдыралы олай-бұлай шапқылап, ретін тауып, газетті сақтап қалды, көлемі ұлғайды. Түрлі түсті болып, әріне де, нәріне де «қан жүгірді». Таралымы өсті.   

Жасым толып, редакциядан зейнеткерлікке шыққан соң да мені жұмысыма қайта шақырып алды, ықыластана бардым, ынтамды сала еңбек еттім. Шынымды айтайын «екі жеп, биге шықтым». Қайтіп? — дейсіз ғой… Зейнетақыма екінші айлық қосып алдым. Бір деңіз. Екіншісі, қалаға, редакцияға күн сайын, түске дейін көпір арқылы екі рет, түстен кейін екі рет жаяулатып өтемін. Екі деңіз. Сөйтіп денемді шынықтырып, заулап жүруіме Қыдыралының зор қамқорлығы тиді. Ол ол ма, әрбір кездескен сайын, тіпті жазған мақалаларында маған жанға жайлы арнаған жылы сөздерін айтсаңшы. «Сәкең ағамыз баяғы 90-жылдары, яғни осыдан отыз жыл бұрын өзім көрген қалпында қарап тұр» — дей ме? … немесе «жыл сайын бір кітап шығарады» —дей ме?…әйтеуір сондай сөздері адамды шын мәнінде жасартып және кез келген іске ынталандыратынына мен кепіл.

2022 жыл. Биыл аудандық газеттің іргесі қаланғанына — 90 жыл. Осы айтулы мерекеге үлкен жетістіктерімізді мақтан ете отырып, үн қосқалы отырмын. Айтайын дегенім, өз басым 1964 жылы ең алғаш мақалам осы газетте («Коммунизм таңы») жарық көрді, көшірмесі менде сақтаулы. Содан есептесем баспасөзге атсалысқаныма биыл 58 жыл екен.

Енді осы жылдар аралығында әр жылдары газетті басқарған редакторлар (Т.Төреханов, М.Есмағамбетов, Қ.Әлин) үш адаммен түсіністік жағдайда, тіл табыса, абыройлы қызмет жасасқан болсам — осының өзі мен туралы бірдеңе деп тұр емеспе!… «сөзіңді біреу сөйлесе, тілің қышып бара ма?» демекші, менің шығармашылығым турасында көптеген авторлар айтып та, жазып та жатыр…тек аздап қосарым, ел басына күн туған шақта Отан қорғаған, ел қорғаған ондаған майдангерлердің атын жаңғыртып, ерлігін дәріптеген, тыл және еңбек ардагерлері жайлы жарияланған жүздеген мақалалар, соның ішінде аудандық 4 майдангерге қаламызда көшеге аттары берілуіне ұсынысым арқылы себепші болуым. Басқа да тақырыптарға арналған мыңдаған мақала, әңгіме т.б. жазбаларымнан ірілі-уақты 13 кітап құрастырған екенмін әр жылдары. Әйтсе де әдеттегіше кітап, баспасөз тақырыбы бойынша түрліше ой-пікір бөлісіп, белсенді түрде атсалысу, сол арқылы оқырман қауымды тарту, бойда қуат барда жалғаса бермекші. Яғни, қайтарымсыз еңбекке жарағаныма шүкіршілік етемін. Дәрменсізден дәме жоқ.

Олай болса, «Шалқар»-дың бүгінгі ұжымына 90 жылдық мерекені лайықты деңгейде атап өтулеріне сәттілік, ниеттестігімді білдіремін.

Сембай КАРИН, ҚР Журналистер Одағының мүшесі.