МӘУЛЕНБЕРГЕН ҰСТАЗ АТЫНДАҒЫ ЗАМАНАУИ КАБИНЕТ

І.Үргенішбаев атындағы орта мектебінде кезінде мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары болып еңбек еткен ағылшын тілі пәнінің байырғы ұстазы Мәуленберген Құрманов атындағы ағылшын тілі кабинеті ашылды. Заманауи жабдықтармен жабдықталған жайлы оқу кабинетінің ашылуына ұстаздың ұрпақтары демеушілік жасаған.

Кабинеттің ашылуына аудан әкімінің орынбасары Амангелді Қонақбаев және марқұмның әріптестері, тума-туыстары, шәкірттері мен мектеп ұстаздары қатысты.

Үлгісі мол шараның өн бойында оқушыларға тәрбиелік мәні бар әңгімелер айтылып, шет тілді шебер меңгерген мұғалімнің кісілік болмысынан сыр шертілді. Республикамыздың түкпір-түкпірінен келген шәкірттері ұстаздарының сабақ беру тәсілін айтып, ізгі қасиеттерімен бөлісті. Қазаққа ортақ Мұхтар Арын сынды талантты азаматтармен бірге оқыған ауыл ұстазының осы шарада жақсы қасиеттері кеңінен айтылды.

Мәуленберген Дәнішұлы өмір өрнегін біліммен бедерлеген абыройлы ұстаз еді. Ол 1939 жылы Шалқар өлкесінде дүниеге келген. «Өз әкем ескі оқуға терең еді» — деп жырлағанындай әкесі Дәніш араб, парсы тілдерін меңгерген, көзі қарақты, ойы сергек жан болыпты. Баласын жастайынан аңыз-жырға құштар етіп, білім бұлағына бас қоюына себепші болады. Бес жасынан бастап әкесінен Батақтың Сарысы, Әлима, Әбубәкір Кердері сынды арыстардың жырын тыңдап, жаттаған ол қатарластарынан үнемі оқ бойы озық тұрып дараланған.

Ол ағылшын тілі пәнінің мұғалімі бола жүріп, әдебиетті де, сөз өнерін де жанына серік етеді. Өлеңдерінен өмірдің тынысы, қоғамдағы түйткілдер мөлдір көрінеді. Бұл сөзімізге 1990 жылы өмірден озған ардақты ұстаздың төмендегі арнауларындағы ұтымды ұйқастары дәлел бола алады.

Лұқпан Хакім

 Баяғы Лұқпан хакім заманында

Ел бүтін табиғаты аманында.

Бір жігіт қатты ауруға шалдығыпты

Жүргенде күн көрудің амалында.

Қолданып жасамаған ем қалмапты,

Молдаға салғызбаған дем қалмапты.

Шапқылап ой мен қырға тәуіп іздеп,

Науқастың туыстары дем алмапты.

Үйінде ауру жатыр оттай жанып,

Бағуда оны әйелі барын салып.

Ауылдың ағасының ақылымен,

Лұқпанға адам кетті келуге алып.

Лұқпан хабарменен келген екен,

Науқасты әбден қарап көрген екен.

Кітабын әрі-бері қарап-қарап,

«Жігітім, кеселге ем жоқ» — деген екен.

Лұқпан хакім кетті айтып хошын,

Серік қып қалды жігіт ауру досын.

Сыйынып бір Аллаға жатты байғұс

Тыңдаңдар не болғанын, жұртым, сосын.

Болғанмен көп жылқысы үйір-үйір

Жайлауға шыға алмады науқас биыл.

Бүгінде келіншегі алды сауып,

Бар еді үйінде бір қара сиыр.

Жігіттің уайым кірді қабағына,

Мойынын әрең бұрады жан-жағына.

Өріске сиырын қосып кетті әйелі,

Құйды да сүтін әкеп табағына.

Ақ сарбас жылан келіп сүтін ішті,

Аурудың көзі барып соған түсті.

Біршама сүтті ішіп алды-дағы,

Қайтадан сол табаққа жылан құсты.

Жатқанмен бар денесі қызып-жанып,

Жылжумен тостағанды алды барып.

Былғады сүтті жігіт бір шөппенен

Астынан төсегінің жұлып алып.

Жігіттер, әр нәрсеге ықылас керек,

«Дәм жазса, бола ма деп жанға себеп».

Шөппенен былғап-былғап болғаннан соң,

Сімірді сүтті жігіт «Тәуекел» — деп.

«Сөйттім» — деп әйеліне айтқан екен,

Сол күннен бастап дерті қайтқан екен.

Қозғалып бірте-бірте, тұрып, жүріп,

Қызығын тіршіліктің татқан екен.

Аурудың көп зардабын тартқан жігіт,

Науқаспен көптен жолдас болған жігіт.

Ем болып әлгі сүті бойға қонып,

Жазылып құлан таза кеткен жігіт.

Әркімге әр түрлі ғұмыр берген дейді,

Тағдырдың салғанына көнген дейді.

«Лұқпанның білмейтіні бар екен-ау»

Деген ой жігітіме келген дейді.

Жазылған біздің жігіт себеппенен,

Бұл сұрақ мазалаған оны көптен.

Бір күні құлағына хабар тиді,

«Лұқпан көрші ауылға келді» — деген

Жігітім жүйрік атпен жетті барып,

Көрісті ақсақалдың қолын алып.

«Былтыр сіз жазылмайсың деп едіңіз,

Былтырға жазылмайсың деген жігіт.

Мен — деді — қараңызшы, назар салып»

Жарасқан ұлыларға сабырлылық,

Лұқпан хакім айтты қарап тұрып:

«Есіме түстің, балам, былтыр сонда

Кітапқа сөйлегенім қарап тұрып».

Меңсіз қара сиырдан сауған сүтті

Бір жылан ішіп құсса болып күпті.

Ем болар былғап ішсе, жұлып алып,

Адамның жамбасына шыққан шөпті.

Жазылар, міне, соны ішкен адам

Алланың рақымы түскен адам.

Айтқанмен сен оларды таба алмас деп,

Мен саған айтпап едім оны, балам.

Жолығар өлмегенге өлі балық,

Ішіпсің сен оларды тауып алып.

Алланың құдіретімен болған іске

Жөн бар ма таңданатын қайран қалып?

Тірлікте болмас іске таласамыз,

Әрқашан білім болғай арашаңыз.

Адамның сүйегіне кезігерсіз

Төсектің астын қазып қарасаңыз.

Өзгерер бара-бара мына әлем,

Келешек жастардікі сонан дәмем.

Мен айттым кітап сөзін саған түскен,

Ал енді сау болып тұр, бата берем.

Жетелеп ғалым айтқан алға үміт,

Қоштасып Лұқпанменен кетті жүріп.

Үйіне кеп төсек астын қазып еді,

Бәрі рас айтқанынын көрді жігіт

Халқыма бұл хикая кеткен тарап,

Жаздым мен болсыншы деп көпке сабақ.

Алтыншаш апайымның әңгімесін

Өлеңге айналдырдым тамашалап.

Өз тілшімізден.