Қауылжырға әлеуметтік нысандар қажет
Өткен аптада облыс әкімі Оңдасын Оразалин Шалқар ауданында болып, тұрғындармен кездесіп, әлеуметтік нысандарды аралап көрді. Сапар барысында Қауылжыр ауылындағы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатқан кіреберіс жолдың жайы тексерілді. Мердігер компания «Жалаугер НС» ЖШС биыл сәуір айында басталған жөндеу жұмыстарын 3,5 айда аяқтайтынына уәде берді. Жоба құны — 114,3 миллион теңге. Мұнда жалпы аумағы 1,4 шақырым жолға асфальт салынбақ.
2 мыңға жуық тұрғыны бар Қауылжыр ауылдық округінің құрамына Қауылжыр, Қайдауыл және Ұлпан ауылдары кіреді. Бұлардың әрқайсысының мәселелері облыс әкімінің жергілікті халықпен кездесуінде көтерілді. Айталық, тұрғындарды Шалқар мен Ақтөбенің арасындағы жолдың жағдайы ерекше алаңдатады. Күз, көктем мезгілдерінде қатынаудың өзі қиын. Сол сияқты аталған ауылдық округ тұрғындары Мәдениет үйі, спорт кешенінің керектігін, жастардың бос уақытын тиімді пайдалануына жағдай жасалса деген тілегін білдірді.
— Бұрын аптаның барлық күндерінде Жем-Шалқар бағытымен пойыз қатынады. Қазір тек жұмыс күндері ғана жүреді. Соның салдарынан той-садақаға, басқа да жиындарға бара алмай отырмыз. Сол Ембіге апарар пойыз сенбі-жексенбі күндері жүрсе екен. Сосын малымызды суару жағы қиын болып тұр, тіршілік нәрі қат. Билік ұңғыма қазып беруге көмектессе екен, — деп бірнеше бұйымтайын ортаға салды ауыл адамдары.
Тұрғындардың ұсыныс-тілегін тыңдаған Оңдасын Сейілұлы аталған мәселелерді аудан әкімі Жанболат Жидехановқа мейлінше шешіп беруді тапсырып, соңғы жылдары облыс бойынша атқарылған жұмыстар жөнінде кеңінен әңгімеледі. Сондай-ақ, аудан әкімі де жыл басталғалы қолға алынған жұмыстар жөнінде жан-жақты есеп берді.
Атқарушы билік өкілдері Шалқар қаласына да соқты. Оңтүстік айналма жолдың орташа жөндеу жұмысы, «Баубек» шаруа қожалығының тынысымен танысты. Кейін күрделі жөндеу жүргізіліп жатқан №2 мектеп-гимназиясында болып, құрылысшылармен тілдесті. Ғимарат ескі білім мекемесін қалыпқа келтіріп, шатырын жаңартуға облыстық бюджеттен 298 миллион теңге бөлінген. Облыс әкімі мердігер компания — «Иман» ЖШС өкілдеріне жұмысты сапалы әрі ыждаһатты орындауды, мейлінше 1 қыркүйекке дейін тәмамдауды тапсырды.
Сапар барысында 320 орындық жаңа №5 мектеп-лицейінің құрылысы да қаралды. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының 70 пайызы бітіп тұр. Үш қабатты оқу мекемесі ашылса, сол жақтағы біраз баланың әрі-бері қатынауы да оң шешілмек.
Шалқар көлінің әзірге 45 пайызы тазартылған
Шалқар көлінің түбін тазарту жұмыстары да назардан тыс қалмады. Көл жағасында белсенділермен кездескен облыс әкімі билік пен бұқара бірлесіп мамандардың жұмысын қадағалағанда ғана істің өнімді болатынын атап өтті. Және аталған жоба сәтті жүзеге асса, көлдің орташа тереңдігі 2,11 метрден 3,23 метрге дейін жететіні айтылды.
— Шалқар көлін тазарту 2021 жылдың көктем мезгілінен басталғаны белгілі. Бұл мақсатта 2,5 миллиард теңгеден астам қаражат қарастырылған. Жоба 3 жылда аяқталады деп жоспарланған.
Былтыр қажетті жұмыстардың 45 пайызы орындалды. Қалғанын жыл соңына дейін бітіреміз деп жоспарлап отырмыз. Оған мердігердің мүмкіндігі жетеді, — деген облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияров алдағы уақытта Шалқар көлінің маңында саябақ жасау жоспарда барын қосты. Бұл тұрғындардың тілегі негізінде іске аспақ.
Эколог мамандар Шалқар көлі өсімдіктер мен жылдар бойы жиналып қалған органикалық заттардан тазартылса, судың гидрохимиялық құрамы жақсаратынын алға тартып отыр. Облыс әкімі де осы жоба ойдағыдай жалғасса, бұның ауданның экологиясына оң әсер етерін тілге тиек етті. Сондықтан құзырлы органдарға, жергілікті билікке мердігерлердің жұмысын ерекше бақылауға алуды тапсырды.
Айбек СЕРІКҰЛЫ, «Ақтөбе» газеті.