7 мамыр — Отан қорғаушылар күні мерекесі ауданымызда аталып өтті. Аудан әкімі Жанболат Жидеханов Ә.Жангелдин қалашығында орналасқан «Сарыағаш» шекара заставасында Отан алдындағы борышын өтеу барысында қаза тапқан жауынгер Ерлан Ниязовтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, жас жауынгерді бір минөт үнсіздікпен еске алды.
Бұдан соң Орталық саябақтағы Ауған соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіш жанында жиын өтіп, аталған ескерткішке де гүл шоқтары қойылды.
Осы саябақта мерекеге орай салтанатты шара ұйымдастырылып, сахна төрінен патриоттық әндер шырқалды. Аудан әкімі Жанболат Жидеханов сөз сөйлеп: «Тәуелсіз мемлекетіміздің тұрақтылығын, бейбітшілігін қалыптастыруда Отан алдындағы борышын өтеп жүрген азаматтардың еңбегі зор. Халық осындай ержүрек, батыл ерлерімен әрдайым мақтанады», — деп жиналған қауымды мерекемен құттықтады. Және ауданымыздың көркеюі жолында өздерінің үлестерін қосып жүрген бірқатар азаматтарға өз атынан марапаттар табыс етті.