Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінде қазақ тарихында есімдері елеулі тұлғаларды насихаттау мақсатында «…Өзінен халық қамын бұрын жеді» тақырыбында онлайн конференция өтті. Бейнебайланысқа республикаға белгілі ардагер, тарих ғылымдарының докторы, профессор, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Өмірзақ Озғанбаев басты мейман ретінде қатысты. Сонымен қатар бұл шараға Қызылорда облысының Ғ.Мұратбаев атындағы мемориалдық музейінің, Алға ауданындағы Есет батыр атындағы мемориалдық кешенінің, Темір аудандық музейі қызметкерлерімен Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейі жанындағы ғылыми кеңес мүшелері де қосылды.
Тарих тереңіне бойлаған танымдық шарада Ақтөбе аймағынан шыққан белгілі тұлғалар, есіме елге танылған әйгілі батырлар Есет Көкіұлы, Қайдауыл Едігеұлы және діни қайраткер Досжан хазірет Қашақұлының өмір жолдары туралы астаналық қонақпен сұхбат жүргізілді. Шалқар аудандық музейінің қызметкері Айгүл Қуанжанова тақырыпқа арқау болған бабалардың өткен жолына шолу жасап, олар туралы әзірленген бейнероликке көрерменнің назарын аударды. Профессор Өмірзақ Озғанбаев діни қайраткер Досжан Қашақұлы жайында тарихи деректерімен бөлісіп, оның ерекше қасиеті мен діни сауаттылығы хақында кеңінен әңгімеледі. Осы діни тұлға жайында облыстық «Ақтөбе» газетіне «…Өзінен халық қамын бұрын жеді» атты мақала жазу мақсатын түсіндірді.
— Темір ауданынан шыққан діни ұстаз, өз дәуіріндегі қоғамдық және елдік мүдделерге етене араласқан қайраткер, ағартушы 17 жасында хазірет атанған Досжан ишанды өз деңгейінде насихаттау — бәрімізге парыз. Оның дарындылығы, ілімге зейінділігі өзгелерден озық тұрған.
Әбубәкір Кердерінің:
Баршасы үшбулардың пірім деді,
Хазірет ақылды дана білімді еді.
Патшадан қазақ үшін мүфти сұрап,
Өзінен халық қамын бұрын жеді, — деп жырлауы оның бірегей болмысын айқындайды,—дейді тарихшы-профессор. Сондай-ақ, биыл туғанына — 355 жыл толған баһадүр Есет Көкіұлының батырлық қырлары, Қайдауыл Едігеұлының ержүректігі турасында тың деректермен бөлісті. Осы бабалар туралы тереңірек білуге ниеттенген шалқарлық жастардың сауалдарына жауап берді. Алға ауданындағы «Есет батыр» атындағы мемориалдық кешенінің басшысы Абдуахит Абдурасулов, Темір аудандық музейінің кіші ғылыми қызметкері Ерлан Көшенов өлкелерінде орналасқан бабалар кесенелерінің бүгінгі ахуалы, оларды дәріптеу тұрғысында атқарылып жатқан жұмыстарды мәлімдеді.
Деректі әңгімелерімен шараны шырайландырған ғалым Өмірзақ Озғанбаевқа Шалқар ауданының құрметті азаматы Жеткерген Елемес, Шығанақ Берсиев атындағы Ойыл музейінің директоры Балқия Тілеужанқызы, Мұғалжар аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Шамшат Әбдіразақ тілек-лебіздерін білдірді.
Осы іс-шараны ұйымдастырған Шалқар аудандық тарихи-өлкетану музейінің директоры Нағима Тлембаева онлайн тілдесуге уақытын бөлген ел ақсақалы Өмірзақ Озғанбаевқа алғысын айтып, қазақы дәстүрмен шапан кигізгендігін жеткізіп, оны қолына табыстауды міндетіне алды. Конференция барысында ғылыми кеңес мүшелері Қуанышбай Әлмұратұлы, Аманғали Төлебаев, т.б. сөз сөйлеп, ұйымдастырылған бұл шараның маңыздылығына тоқталды. Қорытындысында Мәтей Қоқанұлы атындағы мешіттің бас имамы Бақыт Тойчибаев бабалар рухына Құран бағыштады.
М.МЫРЗАЛИН.