ГҮЛЖАНАТТЫҢ ТӘТТІЛЕРІ СҰРАНЫСТА

Қауылжыр ауылдық клубының ұйымдастыруымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Еңбек — елдің мұраты» арнайы жобасы аясында «Еңбекпен тапқан нан тәтті» тақырыбында ауылымыздағы жас кәсіпкер Гүлжанат Амангелдиевамен кездесу кеші өтті.

Мақсаты — қажырлы еңбегінің арқасында кондитерлік өнімдердің түр-түрін пісіріп, арнайы кәсіп ашып отырған ауылымыздың жас кәсіпкерінің бұл салаға келу жолы туралы мәлімет беру, тәжірибесімен бөлісу, еңбекқорлық құндылықтарын бағалап, насихаттау.

Кездесуге ГКС-12 орта мектебінің 9-сынып қыз балалары қатысты. Ұйымдастырушылар мен оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға өзінің дәмді тәттілерімен ауылымызға белгілі жас кәсіпкер толыққанды жауап беріп, бұл іске қалай келгендігін әңгімеледі.

— 2017 жылы жолдасымның туған күніне арнайылап алғаш жасаған тортым сәтті шығып, құрдастарымның арасында сұранысқа ие бола бастады. Бұл іске қызығушылығым болған соң, тек тортпен шектелмей, осы салада білімімді толықтырып, көптеген тәттілердің түрлерін пісіруді үйрендім. Уақыт созбай қимылдағасын күннен-күнге тапсырыс берушілер қатары да көбейді. Бұл бағытымды құптаған жолдасым 2020 жылы өзіме арнайы кондитерлік бөлмемді ашуыма атсалысты. Барлығын заңды түрде жолға салып, қазіргі таңда арнайы жеке кәсіпкерлік ашып отырған жағдайым бар, — деп өз ойын ортаға салған Гүлжанат жолдасы жанында болғанда әлі де қолдау көрсетіп, талай биіктерді бірге бағындыратынына сенімді екендігін айтты. Дүниеге әкелген үш сәбиінің жарқын болашағы үшін, әкесінің аманаттарының ертеңі үшін осы бағыттан таймай, одан әрі өзін дамытып, өрлей беретінін алға мақсат етіп қойғанын, сонымен қазіргі таңда ата-аналарының қолдау көрсетіп отырғанын, сол кісілерге алғысының шексіз екендігін жеткізді.  

Кездесу барысында ол оқушы қыздарымызды еңбекке баулу мақсатында шеберлік сағаттарын өткізіп, бірнеше тәттілердің пісіру жолдарын көрсетті. Оқушылар қызығушылық таныта, бар ынтамен тәтті түрлерін өз ойларынша әрлеп, жасады.

«Еңбегі көптің өнбегі көп», дегендей қазіргі уақытта жастарымыздың ұнататын тәтті тағам түрлерін де пісіруді қолға алып отырған Гүлжанат Алпамысқызы тапсырысты тек ауыл ішінде ғана емес, өзге де жерлерден алады.

Алға қойған мақсатына жету жолында тынымсыз еңбек етіп, өзіне көмекшілер алып, өзгелерді де жұмыспен қамтып отырған ауылдас кәсіпкердің еңбегі табысты, өнімді бола берсін дейміз!

                                                                                                                     Гауһар Ахметова, Қауылжыр ауылдық клубының мәдени ұйымдастырушысы.

Суретте: Г.Алпамысқызы оң жақтан үшінші.