Әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фараби: «…адам кез келген жұмысқа жарамды бола бермейді. Жұмысты неғұрлым жетік және жақсы атқарса, білгір және шебер болып шығады. Қандай әрекет, қандай іс істесек те содан рахмет табу, соның рахатын көру біздің мақсатымыз болып табылады» деген сөзі бар. Әрине, мектеп бітіруші түлектерді «Мен болашақта қандай мамандықты таңдасам екен?», «Таңдаған мамандығыма қалай қол жеткіземін?» деген ойлар мазалайтыны белгілі. Қазіргі таңда мамандықтың түрі өте көп, таңдау жасау да оңай емес.
Осы ретте №2 мектеп-гимназиясының акт залында мектеп түлектеріне кәсіби бағыт-бағдар беру мақсатында «Мамандықтың бәрі жақсы» тақырыбында әр салада қызмет етіп жүрген мамандармен кездесу өтті. Оған «Үлкен Борсық» орман шаруашылығы мекемесінің инженер-механигі Еркін Елекбаев, «Қамқор Локомотив» депосының аға шебері Ерлан Сәтбаев, «Қазақтелеком» байланыс желісі мекемесінің инженері Мархабат Сәбитов, аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Еркебұлан Бүркітов, Шалқар аудандық полиция бөлімінің инспекторы, полиция аға лейтенанты Ақмарал Шам-ғанова қатысты.
Олар мамандықтарының қыр-сырын түсіндірсе, өз кезегінде оқушылар көкейлерінде жүрген сұрақтарын қойып, олардың кәсіби қызметтері бойынша да қажетті мағлұматтар алды. Сонымен бірге түлектерге өздерінің қарым-қабілетіне қарай мамандықты таңдап, сол саланы жетік меңгерген жағдайда ғана жоғары жетістіктерге жететіндіктерін айтты.
Сондай-ақ кездесуде әлемдегі түрлі қызықты мамандықтар туралы бейнеролик көрсетіліп, оқушылардың танымдық қызығушылықтарын арттыра түсті.
Шара соңында мектеп-гимназия директоры Г.Қалдыбаева сөз алып, өз салалары бойынша тәжірибелерімен бөлісіп, тұшымды ой-пікірлері үшін меймандарға алғысын білдірді.
— Мамандықты дұрыс таңдау — табысты өмірдің кілті. Шәкірттеріміз өз жүрек қалауларымен мамандық таңдау жолында бағдарлы білім алып, әрқайсысы еліміздің бір-бір кірпіші болып қалануын тілеймін. Олардың бүгіні мен келешегі бәрімізді де алаңдатары сөзсіз. Жас ұрпаққа саналы тәрбие беріп, болашағына дұрыс бағыт сілтеу — ұстаздардың ғана міндеті емес, бұл ата-аналар қауымына да ортақ іс. Сондықтан айтқан ақыл-кеңестеріңіз оқушыларымызға үлкен ой салып, таңдаған мамандықтарын қателеспей табуына зор септігін тигізеді, — деді ол.
Жалпы бұл кездесу мектеп түлектері үшін мамандық таңдауда бағдар берген тағылымы мол шара болды.
М. ДӘНЕКЕРОВ, «Шалқар».